Балалығым есігін ағашпен қыстыра салатын, құлып дегенді білмейтін кезеңге тап келіпті. Нағашы әжемнің баласымын. Ертегі тыңдап өстік... Атамды көрмедім. 15 жастағы әжемді алғанда едәуір үлкен кісі болған екен. «18 жасыма дейін күйеуімнің емес, енемнің ірге жағына жатып өстім» дейтін әжем бүгінде тірі болғанда ғой...
Әжемнің бірге шай ішетін, бірге той-томалаққа баратын 4-5 «падрөшкесі» болды. Кейде зеріге ме, әлде шынымен, өзі айтқандай, оларсыз ас өтпей ме, шақырып келуге мені жұмсайды. Өзі құймақ, шелпек пісіреді, самаурынға шай қояды. Алдымен екі үйден кейін тұратын Гүлбарам апаға барам.
- Сәлеметсіз бе! Ақ кемпір, сені әжем шақырып жатыр! Әңгімелесіп шай ішеміз дейді!
Ол кісі, шынымен, аққұба келген, толық апа болатын. Маған қарап: «Әй, қыз, мә, құрттан ала ғой, көп жаса!» - деп қолыма 4-5 түйір құрт ұстатады. Бетімнен сүйеді. Сүйген тұсты алақанмен сипап өтіп, құртының біреуін ауызға тығып жіберіп тайып отырамын. «Өй, адыра қалғыр», - дейді зілсіз... Бетімді сүрткенімді жаратпай қалады солай.
Келесі үй - Динараның үйі. Екі беті алмадай, өзі сары қыз. Басымыз піспейді. Шамам келмей бара жатса, білегінен тістеп алатынмын. Аңырап әжесіне кетеді. Ол көшені басына көшіріп бара жатқанда қарап отырам ба, жүгіріп әжемнің артына тығылам. Камзолының ішіне кіріп кете жаздаймын. Бірдеңе бүлдіргенімді әжем де бірден сезетін...
-Динара, сенің әжеңнен менің әжем күшті, білесің бе? Менің әжем сенің шүйкедей әжеңді жеңіп кетеді... Құдай-ау, сол шикіл сарыда нем бар десеңші, әйтеуір жылатқым кеп тұратын
-Бұ қайсың-ей... - Ар жақтан кебісін тырпылдатып әжемнің «падрөшкесі» көрінеді.
-Сәлеметсіз бе! Шайқының қатыны, сені әжем шақырып жатыр! Құймақ құйдым, шай ішеміз деді!
Алыстан тұрып айғайлаймын. Ұсынған құрт-кәмпитіне де жолай қоймаймын. Енді ше, немересінің білегін қыршып алғанымды ұмытты дейсіз бе...
«Барам ғой, айналайын! Көп жаса!» - деген Шайқының қатынының дауысын естіген соң, ары қарай кетем. Кетіп бара жатып Динараға тілімді шығарып кетуді ешқашан ұмытпаймын бірақ...
Келесі көшеде Ақжол апа тұрады. Арық қара кемпірді мен де жақсы көрем, ол да мені көрген жерден құшақтап бетімнен сүйіп, айналып-толғанып, қалтасынан құрт, кәмпит алып береді. Түк табылмаса, «Лениннің басын» ұстатады. Қағаз ақша берсе, әжеме әкеп берем, темірін өзіме қалдырам.
- Ақжол, әжем келіп шай ішсін дейді... -Амандық-саулық жоқ, кіріп барамын үйіне. Ол кісінің үйінде өзінен басқа ешкім болмайтын. Бала-шағасы, немересі бар ма, жоқ па - сол күйі білмей-ақ кеттім.
- Өй, құлыншағым! Кішкентай Кенже ғой (шешемді айтады) бұл! - деп келіп айналып-толғанады.
-Ақ кемпірді қойшы, Шайқының қатынынан бірінші баршы, жүріп алмай. Құймақты шикісарыға деп түк қоймай салып алады! - Динарада өшім қалғандай айтам тағы... Ақжол апа мейірлене басымнан сипайтын...
Ол кезде ғой, бар-жоғы 4-5 жасар ойын баласымын. «Пәдрөшкелерін» әжем қалай атайды, солай атап жетіп барам. Неге солай атайтынымды ит білсін! Ал апалар болса ренжімейтін бұған. «Қайныкенің баласы» дейтін. Қыздан туғанымды білгеніммен, жиен екенімді білмеппін ғой бертінге дейін. Сол кездің адамдары неткен кең, қарапайым, қолы ашық! Ашу дегенді білмейтін. Шалдарын соғыс, одан қалды ауру жалмады. Сонда да жанарлары мейірім мен шуаққа, жүректері жылылыққа толы болатын.
Олар - бір ауылға сыйлы әжелер еді...