Ақпанның 20 күні, жазушы, әдебиет сыншысы, драматург — Асқар Сүлейменовтың «Болмыспен бетпе — бет» атты кітабымен таныстым. Аталмыш кітапта «Шашылып түскен тіркестер» деген тарау бар. Осы тарауда қанатты сөздер жазылған екен. Солардың бірәзімен бөлісе отырсам.
— От пен түтін, адам мен қылмыс жатырлас.
— Қаланың паспорты — такси мен базар. Мен үшін — такси.
— Ашуға ерік берген адам босанып кеткен қабағанмен бірдей. Онсыз да көп қабағанды бүгінгі күн қарақұрым қылды.
— Өтірікті кешіруге болады, тек ақтауға емес.
— Кей кетіктің тарағы да кетік боп келеді.
— Таранбаған әйелде бір мекиеннің, таранған әйелде екі мекиеннің миы бар.
— Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.
— Ең терең идеялар — қиын идеялар.
— Білмеген мін емес, білместікке көнген мін.
— Түс — күндіз бұққан ойдың ойыны.
— Жездең таз болса, темір тарақ сыйла.
— Кісілігін жоғалтпаса жауыңның қайсібір иттігін кешіруге де болады.
— Шын режиссура — жүрек сияқты. Соққаны білінбейді.
— Ұяла алмаған адам — өлік.
— Ажал келмейді. Ажалға барасың. Барған бетте аудиенция береді.
— Әйел дәлелдермен емес, сеніммен тіршілік кешеді.
— Достық, ең алдымен, еркіндік.
— Сөз — құлын да, ой — жылқы.
— Ашық айту — анық айту болғанмен, ақиқатты айту емес.
— Сүрінгенін секіргендей көрсете білер бар.
— Қазақтың екі «жауы» бар. Бірі, дос — жауы — Абай. Қалғандары — қас жауы.
— Мінсіз шығарма жазу оңай. Қиыны — ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру.
Қысқаша, жазғанда осылар. Журналистің міндеті инфоны беру. Ал қорытуды оқырманға қалдырамыз :)