Шаштың көп түсу себебі. Алопеция және оның түрлері

Әдетте адамның күніне 60 – 100 шашы түседі. Егер сіз күніне 100-ден аса шашыңызды жоғалтсаңыз, бұл 3 айдан астам уақытқа созылса, дәрігерге көрінгеніңіз жөн.

Шаш түсудің себебі

·        Шаштың түсуінің 300-ден астам себебі бар. Соның ішінде ең басты себебі – күйзеліс. Күйзеліс көбейген кезде шаш тез түсе бастайды. Бұл ерлерде көп кездеседі;

·        Жүктілік кезең немесе босанғаннан кейінгі уақыт;

·        Қан аздық – анемия. Гемоглабиннің организмде өте аз болуы;

·        Қалқанша безінің аурулары: гипотериоз, диффузды токсикалық зоб, т.б.

·        Ағзада витаминнің жетіспеуі;

·        Ұйқы безінің бұзылуы;

·        Асқазан мен ішек аурулары;

·        Бүйрек пен бауырдың қабынуы;

·        Дұрыс тамақтанбау;

·        Дәріні шектен тыс пайдалану;

·        Нашар экология да әсер етеді.

Алопеция деген не? Оның түрлері

Алопеция – бұл физиологиялық нормадан тыс шаштың түсуі. Алопецияның көбісі бас терісінде болады. 50 жастан кейін ерлердің жартысына жуығы, ал әйелдердің үштен бірінде кездеседі.

Андрогендік алопеция

Ерлерде де, әйелдерде де алопецияның ең көп тараған түрі. Бұл 60 жастан асқан адамдардың көбінде байқалады. Генетикалық және гормондық факторларға байланысты. Ерлерде бастың фронто-париетальды бөлігі тақырға айналады, әйелдерде өсу сызығынан жоғары жерде түсу байқалады.

Ошақтық алопеция

Шаштың түсуіне алып келетін аутоиммунды ауру. Шаштың түсу аймағында қышу байқалады. Ошақ алопециясы бастың бір немесе бірнеше бөлігінде, тіпті сақал аймағында пайда болуы мүмкін.

Тыртықты алопеция

Бұл бас терісінің қабынуынан, күйіктен, жарақаттан кейін пайда болады. Ол уыс шаштың түсуінен басталып, бірте-бірте көп түсе бастайды.

Телогенді алопеция

Телогендік алопеция қоректік заттардың жетіспеуіне байланысты. Телогенді шаштың түсуі көбінесе әйелдерде жиі байқалады. Еркектер мен балаларда бұл аз кездеседі.

Трихотилломания дененің әр түрлі бөліктеріндегі шашты жұлудан пайда болады. Бұл ауытқулар балалық шақта кең тараған. Науқастардың тікелей шашты тартуға ықыласы жоғары болады. Бұл ықылас бірден шашты тартқаннан кейін жоғалып, науқаста рахат жағымды сезім пайда болады. Олар алдымен шашты саусаққа орап, сосын тартып жұлып, шашты жұтып қояды. Мұндай жағдайлар жалғыздықтан, күнделікті қайталанатын бір істен жалыққанда туындайды. Сондай-ақ стресс немесе жүйкенің қозуынан болуы мүмкін.



Бөлісу: