Шаршадым, Мама, шаршадым

Шаршадым, Мама, шаршадым,

Иісіңді сенің аңсадым.

Жымиған жансыз бейнеңді,

Сыйпалап жатыр саусағым.

 

Ояншы, Мама, қымбаттым,

Сәбилік тілмен үн қаттым,

Қараңғы суық қабірде,

Тұрмастан тіпті көп жаттың.

 

Қара жер құшып сені жібермеді,

Балаң көңіл елеңдеп көп іздеді.

Ұқсап қалам кей сәтте өзіңе көп,

Сенің тәнің менімен егіз бе еді?!

 

Бүгін, міне, мен тағы өкпелімін,

Түсінікті болмас мұңым көпке менің.

Қымбат деген жандарды жанымдағы

Алып кеткер өмірді жек көремін.

 

Бірақ, мама, батыл қызың жеңілмейді,

Жылай берсін жас ағып көзім мейлі.

Аяғымнан шалсын, өмір құлатсын,

Батыл қызың қайта тұрар берілмейді.

 

Өзгенің мұңын келіп ағытсын кім,

Саған ғана арналар жақұт жырым.

Тәубе етем шын жүректен Ақ Аллама,

Алаңдама, ана, мен бақыттымын!!!

 



Бөлісу: