Бекзада өнердің биігінде әрдайым театр тұратыны анық. Театрға келген әр көрермен рухани тазарады, тәні мен жаны өзге күйге бөленеді. Қастерлі өнер алдында осындай ізгілікті дүниені қалтқысыз орындап келе жатқан «Шаңырақ» театры биыл өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтпек.
Білім беру саласында ширек ғасырдан бері озық маман дайындап келе жатқан Еуразия ұлттық университетінің жанынан құралған өнер ордасы өз көрермендерімен бірге жасасып келеді. Алғашында ұжым «Шамшырақ» деген атауды иемденген еді. 2011 жылы тұсауы кесілген театр шығармашыл жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, өз алдына дербес өнер ордасына айналып үлгерді. Бүгінде университет қабырғасына аяқ басқан студент аталмыш ұжымның туындыларымен сусындауда. Театр мақсаты да жастардың бос уақытын қамтамасыз етіп, өнердің озық үлгісі болған театр ғажабын өскелең ұрпақтың жадына сіңдіру болып табылады. Осы он жыл ішінде ұжым аталған үдеден толық шығып келеді. Оған өнер ордасының бүгінге дейін жеткен жетістіктері дәлел. Қалалық, облыстық, республикалық фестивальдарда жүлделі орындарды еншілеп, еліміздегі бірден бір студенттік театрға айналған ұжымның репертуарында 15-ке жуық қойылым бар. «Мұңмен алысқан адам», «Махаббат қызық мол жылдар», «Бәкей қыз», «Жаралы гүлдер», «Жеңгетай» сынды туындылар өз көрермендерін тапқан. Жыл сайын мыңдаған түлек өмір атты даңғыл жолға жас маман атанып қанат қағатындықтан ұжым құрамының жиі өзгеретіні де белгілі. Сол себепті жас талапкерлер арасында жыл сайын дәстүрлі түрде кастинг ұйымдастырылып, талабы мен таланты ұштасқан жас актерлар театрға қабылданады. Театрға тек таңдаулылар ғана қабылданатыны. Кастингке 80-ге жуық талапкер қатысқанымен, оның 20-сы ғана ұжым қатарына енеді. Қазіргі таңда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Jastar департаментінің директоры Жамбыл Тілепов «Шаңырақ» театрының көркемдік жетекшісі қызметін абыроймен атқаруда.
2019 жылы университет қабырғасындағы барлық өнер ұжымдарының басын қосқан «Өнер орталығы» өз жұмысын бастап, «Шаңырақ» театры осы ұйымның қатарын толықтырды. Бас аяғы 60-қа жуық студентке төрін ұсынып, талабы мен талантын шыңдауға жол ашқан ұжымға журналистика мамандығының түлегі Бағдат Әшім басшылық етуде.
Қастерлі өнердің қасиетін бойға сіңдірген шаңырақтықтар он жылдық белесті бағындыра отырып, өз қоржындарын алдағы уақытты тың туындылармен толтырмақ ниетті. Л.Н.Гумилев атыныдағы Еуразия Ұлттық университетінің ширек ғасырлық мерейтойымен тұспа-тұс келген атаулы дата қарсаңында аталған өнер ұжымы өз көрермендерін өзгеше қойылымдармен сүйсіндіріп, ерекше ілтипатқа ие болуды мақсат тұтады. Мұнымен қоса әрбір студенттің жастық шағына жалынды сәттер ұсынып келе жатқан ұжым өнер киесін ерте сезінген жастардың еліміздің бірегей театрларындағы өнер иелерімен иық тірестіре алатын маман болып шығуына да сүбелі үлес қосуда.