Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) (1748 - 1819)

Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы)  (1748 - 1819)
жеке
блог

 

 

Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң,

Иманыңды жеп кетер.

 

Ашу – дұшпан болғанда, нәпсі – жауың,

Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың,

Жүрекке ашу келіп толған шақта,

Денеңнің біле алмассың ауру сауын.

 

Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі, 

Бөріге қой алдырмас ердің ері, 

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле шайтан-пері.

 

Жаман сол — жақсы сөзді ұға алмаса,

Ғалым болмас ұстаздан дұға алмаса.

Молла есімін алған жан толып жатыр,

Не керек ғылым бойға жұға алмаса.

 

Жарлығы екі болмас хақ құдайым,

Жанында серігі жоқ тақ құдайым,

Жанымды алсаң, кұдая, иманмен ал,

Шайтанның һауасынан қақ, құдайым.

 

Бір құдайдан тілеймін ғұмырымды,

Ғұмыр берсең кірсіз қыл көңілімді.

Имансыздың көрінде от жанады,

Отқа салсаң көремін не күнімді?!