Шал ақын
Саясы жоқ бәйтерек
Саздауға біткен талмен тең,
Жақсы ағаңыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең,
Ағайының көп болса,
Ұлық бір шеру қолмен тең,
Ақылсызға сөз айтсаң,
Алды бір тұйық жармен тең,
Ұстаздан сабақ алсаңыз,
Алуан шекер балмен тең,
Пайдасы жоққа жалынсаң,
Семіз бір жемқор малмен тең,
Жетесі жаман жігіттер
Тоқсандағы шалмен тең,
Жаманнан көрген қорлығың,
Көкірекке біткен шермен тең,
Бір қалған соң көңілің,
Қаңтарда қатқан мұзбен тең.
* * *
Жамандар өзін-өзі зорға балар,
Бір өзінен басқаны төмен санар,
Жақсылар ағын судай, асқар таудай,
Жаймалап қайда жақсы орын алар.
Жігіттер, сақтаныңыз жаман достан,
Досыңның жаманынан артық дұшпан.
Өштескен жаудан адам сақтанады,
Тиеді «Достың» оғы қапылыстан.
* * *
Ашу — дұшпан болғанда, нәпсі — жауың,
Ақыл — тұрған алдында асқар тауың,
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың ауру-сауын.
Ойласаң мың бір пәле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған.
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,
Жабылып мың бір пәле соны қуған.
* * *
Жігіттер, жау алмайды, ақылдассаң,
Білгішке көп білетін жақындасаң,
Қарап жүрген кісіге адам тимес,
Сабыр қып өз бойыңды мықты ұстасаң.
Жақының жат болады, алыс болса,
Жат та жақын болады, таныс болса.
Сыртыңнан жаман туыс табалайды,
Аяғың бір нәрседен шалыс болса.
Әйтсе де, жақсы туыс шыдамайды
Бір жерде айғайласқан намыс болса.