Шахматист Гүлмира Бекзатқызы: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»
блог
Гүлмира Бекзатқызы 1988 жылы 13-сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында туылған. Кішкентайынан шахматқа құмар Гүлмира қазірде Әйелдер арасында халықаралық мастер, ҚР құрама командасының мүшесі, Азия, т.б. көптеген бүкіләлемдік олимпиадаларының жеңімпазы. Негізгі мамандығы – халықаралық қатынастар болғандықтан, магистрлік тәжірибесін Испанияда өтті. Ол жақтан да Гүлмираға жергілікті шахмат клубының атынан ойнауға, жастарға сабақ беруге ұсыныс жасалынды.
- Сәлем, Гүлмира! Шахматпен айналысып жүргеніңе қанша жыл болды? Және де оны бастауыңа не себеп болды?
- Сәлем, Айжан! Төрт жасқа толған шағымда әкем маған шахмат ойнауды үйреткен. Мен өте байсалды, салмақты болғандықтан, кішкентай болсам да, бір жайымда ұзақ уақыт отырады екенмін. Ал қала деңгейіндегі жарыстарға 12 жасымнан бастап қатынасып келемін.
- Ең бірінші шахмат сабақтарыңнан бастап, қазіргі жетістіктеріңе дейінгі қысқаша тарихыңды айтып берсең?
- Алғашында қала, облыс деңгейіндегі жасөспірімдер арасындағы жарыстарды жеңе бастадым. Қыздар арасында 3 рет, әйелдер арасында 3 рет Қазақстанның дүркін чемпионы болдым, 18 жасқа дейін Азия чемпионы болдым, Әлем біріншіліктерінде алғашқы ондыққа кіріп, 6 рет Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғадым. Мәскеудегі «Аэрофлот Опен», Чехиядағы «Пардубице» халықаралық турнирлерінде бас жүлдені жеңіп алғанмын. Халықаралық спорт шебері деген дәрежем бар.
- Қазірде шахмат бойынша әлемде қай ел көшбасшы болып тұр?
- Үндістан, Қытай, Ресей көшбасшы елдер болып табылады.
- Ал Қазақстанның шахмат саласындағы әлем бойынша деңгейі қандай?
- Бүгінде Қазақстанның әлемдегі деңгейін жоғары деп айту қиын. Өйткені қаржы мәселесі спортшыларды тығыраққа тығады. Басқа елдерде өз спортшыларын өссін, өнсін деп жақсы жағдайлар жасалынған. Соңғы кезде Қазақстандық бүлдіршіндер жақсы нәтижелер көрсетуде.
- Бізде әлемге танылған және де өз елінде үлгі боларлықтай қандай шахматистер бар, болған?
- Гроссмейстер Е.Владимиров кезінде әлем чемпионы Гарри Каспаровтың жаттықтырушысы болған. Ф.Хасанова Кеңестік кезеңде 20 жасқа дейінгі қыздар арасында, ал Д. Садвакасов 20 жасқа дейінгі жігіттер арасында әлем чемпиондары болған.