Шахмат ханшайымы патшайым болуды армандайды

Шахмат ханшайымы патшайым болуды армандайды
жеке
блог

Осыдан мың жарым жыл бұрын адамзат мәдениетінде бүгінгі шахмат ойынының алғашқы түрі пайда болды. Уақыт өткен сайын осы ойынға деген қызығушылық оны дүниенің түкпір-түкпіріне таралуына жол ашты. Қазақ даласына шығыс мәдениетінен келген ала тақта ойынын әмір Темір де сүйіп ойнаған екен. Бұл «корольдық ойын» өз заманында жаугерлік рухқа да ие болған. 

Ал бүгінгі шахмат ойынының тұңғыш халықаралық матчы Еуропада екі жүз жылдай бұрын өтті... 
Соңғы жылдары шахматтан мемлекетаралық чемпионаттарда Қазақ елінің атын шығарып жүрген шын мәніндегі дарынды жасөспірімдер бар. Олардың бірі және бірегейі отандасымыз – Жансая Әбдімәлік. 
Алты жаста ала тақтаның фигураларымен танысып, олармен «тілдескен» кішкене бүлдіршін шахматты бірден жақсы меңгеріп кетті. Жансаяның атасы Әбдімәлік 2-дәрежедегі, ал арғы атасы 1-дәрежелі шахматшылар болған. Нағашы атасы да осы ойынды жетік білген. Оның қабілетіне отбасында байыпты мән берілді. Жеті жасында халықаралық деңгей талабын орындаған жасөспірімнің олимпиададағы жолы ә, дегеннен табысты болды... 
Даниярдың екі баласы да шахмат чемпионы. Үлкені Санжар еліміздің чемпионы болса, Жансаясы төрт дүркін әлем чемпионы және 12 жасында әлемдегі ең жас гроссмейстер атанды. Жансая Әбдімәліктің өз атындағы шахмат Академиясының ашылуына шахмат тарихында аңызға айналған Анатолий Карпов арнайы келді. Олардың шахмат ойнағанын жиналған жас спортшылар біраз уақыт қадағалаумен болды. Бірнеше блиц партия ойналған соң қонақ: «Жансая сөзсіз дарынды қыз. Ол ойын фигураларына төнген қауіпті тез тауып, өте жылдам қорғана алады», - деп пікір білдірді. 
Бүгінгі уақытта жас шахматшының Шымкент пен Алматы қалаларында шахмат Академиялары бар. Онда жас гроссмейстердің өзі де, басқа ұстаздар да талай қабілетті балаларға дәріс беруде. Алдағы 2017 жылы осындай академияның Маңғыстау мен Қарағанды аймақтарында да ашылуы жоспарлануда. 
Қазіргі уақытта Жансая Даниярқызы Алматы қаласындағы Халықаралық Инновациялық Технологиялар университеті жанындағы IT колледждің «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыздандыру» бөлімінің 1-курс студенті. Жансая болашақта өзін осы салада сынап көрмекші. 
Ол барлық жастар секілді музыка тыңдап, кітап оқығанды жақсы көреді. Атасымен балық аулауға шыққанды ұнатады. Мұз айдынында сырғанақ тебумен де айналысып көрді. Мектеп бағдарламасын қашықтықтан оқу жүйесінде оқып жүрген Жансая өзінің кәсіби шахматшылар ортасында еркін қарым-қатынас жасау үшін ол ағылшын тілін еркін меңгерді. Ол шахмат ойынын қалай жақсы көрсе, суға жүзігенді де сондай ұнатады, тіпті әр күні бассейнге барып жүр. Жансая жүзудің түрлі әдістерін бұл саланың хас шебері Майкл Фелпстің жүзуін қадағалау арқылы интернеттен үйренді. Сөйтіп, өзбетінше тым жақсы жүзуді меңгеріп алды. 
Жансаяның өзінің турнирдегі ең ұзақ партиясын 7 сағаттай ойнады. Ойынында ол шахматтың он жүрісін алдын ала ойлау қабілетіне ие. Бұндай ойлау жүйесі оған өмірде тез әрі оң шешімдер қабылдауына көп көмектесіп келеді. Шахмат ханшайымының идеалы әйгілі Юдит Полгар. Ол «темірдей леди» деген лақапқа ие болған венгер шахматшысы Карповты, Каспаровты және бірнеше әлемдік деңгейдегі шахматшы ер адамдарды жеңген. Сондай болуға қазақ қызы да ұмтылып, табандылықпен ізденіп келеді. 8 жасында әлем чемпионы болғанда оны Парламент депутаттары Астанаға шақырды. Депутаттардың қызмет орнына анасымен, әжесімен бірге экскурсия жасаған Жансая сол кезден бастап жарысқа қатысқа қатысқысы келетін дарынды жас спортсмендерге көмектесу үшін, мүгедектер мен жетім балаларға және басқа да қайырымдылық шараларын ұйымдастыру үшін депутат болуды армандайды. 
Армандамайтын, алдына мақсат қоймайтын жеңімпаз болмайды. Жансая жиырма жасқа дейін енді әйелдер арасында әлем чемпионы болуды мақсат тұтып отыр. 
Өмірің нұрлы болып, өнерің өрге жүзсін қазақ қызы! 


Мақала «100 табыс тарихы» ұлттық жоба аясында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің тапсырысы бойынша «Әлем» Волонтерлықорталығымен дайындалған