Сезімге нала

Сезімге нала
жеке
блог

Арылмай-ақ сезімнің наласынан,
"Сүйем"деп құрақ ұшып аласұрам.
Мен сенің "қызғалдағың" болмақ едім,
Көз тартқан "раушандардың" арасынан. 

Аяймын жүректегі жырды кімнен?!
Жыр дегенде тосыннан түн тірілген.
Шоқ жаның лап етер деп күтіп едім,
Тамшы жас құлағанда кірпігімнен.

Арманға арашашы болмас мұңым,
Кім маған ұсынады солмас гүлін.
Тағдырым саған мені қалай қиды?
Өзгенің сезе тұра таластығын.

Жан шырылым зар болып естілгенмен,
Ел тілер бақыт тостым ессіз күннен.
Сен менің шаттығым боп көріндің де,
Сұлудың сиқын күттің кескінімнен. 

Сезімсіз жүрегіңнің көп қалауы,
Сұқ қолын созады екен жоққа бәрі.
Ес ауып елеңдейтін секілдісің,
Қыз біткеннің жалт етсе от жанары. 

Арылмай ақ сезімнің наласынан,
"Сүйем" деп құрақ ұшып аласұрам.
Мен сенің "жалғызың" боп қалмақ едім,
Дараланып көп қыздың арасынан. 

Қайтемін өткен күнге наламды артып,
Мен үшін жүрек -дара, сараң уақыт.
Арманды алданыш қып қала берем,
Тілеумен өзіме жыр, саған бақыт!
18.06.2013
Арайлы Жақсылық