Қорғасын құйғандай ауыр кірпіктерін әзер ашты. Үлкен терезеден құйылған күн сәулесі өзі аппақ бөлмені одан сайын жарықтандырып тұр. Бастапқыда ештеңе түсінбеді. Күндегісіндей жатаханадағы бөлмесінде ұйықтап оянғандай. Тек құлаққа ұрған танадай тыныштық, айнадай тазалық, мүңкіген хлор иісі жүрегін дір еткізді...
" Мен не істедім? Құдайым- ау?!" Кеберсіген еріндері кемсеңдеп, жан - жағына жаутаңдай қарады. Өзінен қол созым жерде аурухана орындығында ұйықтап кеткен шешесін көрді. Басына тартқан орамалы шешіліп түсуге шақ, күнге тотығын қарайған өңіндегі әжімдері тым тереңдеп кеткендей. Түні мен кірпік ілмей, таң ата ұйықтағаны байқалады.
Денесі ап-ауыр, аяқтары қимылдамайды..... Бұл сүйген жігіттің басқалардан еш артықшылығы жоқ болатын, бірақ өзгелерге ұқсамайтындығы бар. Алғашқыда тек ұнайтын жігітті көп уақыт өтпей ақ құлай сүйді. Жігіт те "сүйемін" деді.
Ол барда төрт құбыласы түгел болатын, ешкімнің де, ештеңенің де керегі жоқ еді. Жастық па, әлде ақымақтық па, сол жігітке берілді, ақыл - есіммен, жан дүниесімен. Жігіттің өзін сүймейтінін біле тұра көнді...
Бір күні жігіт :"Сені енді алдай бергім келмейді, мен өзгені сүйемін ", - деді төбеден жай түсіргендей. Оның бұл үшін ең жылы да, әдемі коңыр үні алыстан естіліп жатты. Қыз жалт бұрылып жатаханасына қарай жүгіре жөнелді.
Бір апта өтті. Оның басқа жанмен кетіп бара жатқанын елестеткен сайын жүрегі қанжылайды. Іші өртеніп бара жатқандай. "Басым ауырып тұрғаны", - деп сабаққа жиналған қыздарға ермей қалды. Дәретханаға кірді де пышақпен қос білегінің тамырын осып - осып жіберді. Ауырсынбады да, қансырап отыра кетті.
Өлмеді. Тек басы айналып тұр. Әрі қарай азапты минуттарды созғысы келмей терезеге беттеді. Қолынан аққан қып - қызыл қан тамшылары махаббат тілінде соңғы арызын жазып жатқандай толастамай ақты. Ол төртінші қабаттан секіріп кетті. Арғысын білмейді.
Мүгедектер арбасына мәңгілікке танылғанда далада көктем еді. Төбеден төнген көк аспан сондай мөлдір! Гүл жарған жеміс ағаштарының иісі қандай! Бірақ қыздың кеудесі бос еді. Тіпті жүрегі де соқпайтындай.
Жақын маңнан қыз бен жігіттің әдемі күлкісі естілді. Оларды көргісі келмей арбасын тез-тез жүргізіп орнынан асығыс қозғалып кетті.
"Адам өз тағдырын өз қолымен жасайды". Иә, жігіт үшін өмірге өкпелеп ақымақтық жасаған бойжеткен енді өксіп өтпек...
Ол өз өмірін ғана емес, жарық дүние сыйлаған, өсіріп тәрбиелеген, киіндіріп, оқытқан анасының да ғұмырын тозаққа айналдырды - ау! Сезімді ақылға жендіруге болмас па еді?!..