Бір тылсым күш сізге мені итергендей болды. Үміт пе, әлде сағыныш па? Білмеймін... Сағынатыным рас. Сол сағыныштың салдары үміттенуіме себепкер. Сағынасың, үміттенесің жай ғана білдіртпей күліп жүресің. Мүмкін, мендегі осы бір күлкі махаббаттың мұңына батпас үшін берілген болар?! Бәлкім, өзімді-өзім мысқылдап, аянышты халден арылту үшін келгенде шығар?! Кім білсін?
Үміт... Мендегі үміт үзілуге шақ қалды. Сарғая сағындым, сағым сынды. Енді бос үміттеніп жүргім келмейді! Күрең күздің кәрі жапырақтары сияқты көп күтіп, жерге құлап түскім келмейді. Аяқ астына мыжылып, қурап солғым келмейді. Сондықтан да бос қиял мен үміттің соңынан ергім келмейді! Сылқым күздің сыбдыры сандық толы сырымды шашпаса екен. Себебі, сенімсіз жанның сатқындығынан қорқамын. Нәзіктік пен әлсіздікке жақын жаным қатты желдің ызғарын көтере алмайды. Күш керек мағанда. Жеңіске жету үшін. Қыс қаһарынан сүрінбей өту үшін.