Дос ұғымын Алатаудай биік, қозғалмайтын қамал деп түсінетінмін. Досқа адал болу, қажет кезде көмегіңді аямау - тағы бір салмағы басым жауапкершілік. Сыныптас достарым (барлығы жігіттер) - мен үшін кейбір бауырларымнан артық көретін алтын жандар. Біз барлық жерде бірге болатынбыз, туған күн, той, мереке күндері. Жан-жақтан 20-30 достар жиналып, Тараз, Алматы, Түркістан қалаларында дүркіретіп тек сыныптас достардың әдемі әзіл-қалжыңдарымен өткізген кездесулерге сол қалалардың жолдары, сәулелі күні мен жарқыраған жұлдыздары куә. Қапшағайдың ауасымен тыныстап, көлінің жағасына құмнан сурет салып қайтатаныбыз. Барлығы жігіттердің еңбегі. "Қыздар сендер тек біздің қасымызда жүріңдерші, күйеуге шықсаңдар да бізге келіп тұрыңдар, бізге сендерсіз қызық емес" - деп бізге шексіз құрметтерін аямайтын. Сыйлап, төріне шығаратын. Көптің аузында жүретін, ұйымшылдықпен үлгі болып. Семьялы болған аға буындар мен етегіне жармасқан баласын жұбатып, үй шаруасымен бас қатырып жүрген апайлар:"әйй, қалады кейін достарың, жан-жаққа кетесің тарап-тарап" деп жөнімен кете беруші еді. Елемеген сыңай танытып, гүбір-гүбірді жалғастыратынбыз. Аталарымыз айта алмай кеткен ақылдарын да достардан естідік. Көмектерін де аямайтын қолдарынан келгенше. Алматыға барғанда аяғымды жерге тигізбей, қажет жерге жеткізетін. Шуылдап жүріп мені автобусқа шығарып салатын. Сол кезде осындай достарыммен мақтанып, төбем көкке бір елі ғана жетпей қалатын. Еее, алдағы ащы күндерді сезді дейсіз ба сонда?! Бірінен кейін бірі ақ құстарын қолдарына қондырып, өз өмірлерімен кете барарын кім білген?! Ал, мен баяғы достарды аңсаймын, құрметтерін күтемін. Бірақ, болды ғой, бұрынғыдай әзіл-қалжыңдары қайда, отбасылық проблемалары тұрғанда. Соңғы 2 айда 4 сыныптасымның үйлену тойлары өтті, барған жоқпын. Ең бірінші шақырылған тойға жұмыстан сұрана алмай, сүмірейіп қала бергем. Содан кейінгілерге де бармадым, зауқым соқпай. Өйткені бұрынғы балғын достардың бейнесі жоқ қазір оларда. Тіл табыса алмайтын сияқтымын. Болды, достармен ат құйрықты кесісемін деп топшыладым. Жоқ, көшеден көріп қалып, оларға деген ықыласымнан арыла алмадым. Барлығы жан-жағымнан амандығымды сұрамастан, "тойларға неге келмедің, тек соған жауап бер" деп талап еткенде, семьялы адамдардың қасында өзімді ыңғайсыз сезінетінімді айта алмадым.....Оданда маған виртуалды әлемде рахат).