Сессиядан қалай аман-есен өтеміз?

Сессиядан қалай аман-есен өтеміз?
жеке
блог

Балмұздақ болғаның кеше ғана, көзді ашып-жұмғанша алғашқы сессия да келіп қалыпты! Сенің бойыңда: үрей, қорқыныш, қызығушылық,  толқыныс, түрлі сезімдер орын алып үлгерген де болар?! Тіпті, сессияны кейбіреулер ҰБТ-дан да қорқынышты деп ойлайды. Түні бойы бəленбай метрлік шпор жасап, əуре-сарсаңға түседі. Енді бірі қалтафонын қай жағына тығарын ойластырып əлек. Ал "оқымыстылар" уақыттың аздығына қарамастан кітаптары мен лекция дəптерлерін кеміріп жатады. Əркімнің "өзіне ғана тəн" емтиханға дайындалу əдісі бар)) Негізінен, əр оқу орынында емтихан тапсыру əртүрлі жүреді: жазбаша, ауызша, тест, т.б. Үшінші жыл  сессиядан аман-есен өткен тəжірибелі студент ретінде балмұздақтарға айтарым бар.

  Емтиханның түрі қандай болса да, ең бастысы ҚОРҚЫНЫШЫҢДЫ ЖЕҢУ КЕРЕК! Емтиханда оның ешбір пайдасы жоқ, керісінше, кедергі болады. Ұмыт! Бұл жай ғана өтпелі сынақ. Небары 2 сағатта өтеді де кетеді.
 
  Екіншіден, ОЙЫҢДЫ ЖИНА! Иə, сан-саққа шашыраған ойыңды бір жүйеге келтірмей, бар біліміңді көрсете алмайсың. Жауабың да дəл солай шашыраңқы болады.
 
  Үшіншіден, ӨЗІҢЕ СЕН, өзіңді алып шығар-
Ақылың мен еңбегің екі жақтап. Мұны Абайдан артық түсіндіре алатын адам жоқ шығар. Өзіңді тым төмен санама! Білмеймін деп ойлама! Сенімділік аса маңызды.
 
  Төртіншіден, ШПОР мен ТЕЛЕФОНДЫ ҰМЫТ! "Есің дұрыс па? Ұмытып қалсам ше? Білмейтін сұрағым келсе ше? Бəрі солай кіргелі жатыр ғой?!" деп ойлауың мүмкін. Менің есім дұрыс)) Өзің ойлашы, емтиханда телефонмен ұсталып, стипендиядан айырылып, жазда ақша төлеп оқығаның жақсы ма, əлде, емтиханнан бар білгеніңмен, өз күшіңмен, адал арыңмен өткен дұрыс па?
 
  Бесіншіден, ОҚЫ, ОҚЫ жəне ОҚЫ! Жоқ, жоқ, түні бойы шаммен отыр демеймін! Жай ғана дəрісте жазған дүниелеріңде бір-екі қайтара оқып шық. Артық ештеңе керек емес. Сенен тек соны сұрайды. Болды. Сұрақ түрленіп, айналып келуі мүмкін, мүмкін емес, солай келеді де. Тек саспа. Сұрақты бірнеше рет оқысаң нақты не сұрағанын түсінесің.