Қазақ баспасөзі тарихында өзіндік орын алатын, бөлек мақсаты мен бағыты бар, халқымыздың жанашыр ұлт зиялыларының саналы іс-әрекетінің нәтижесінен шыққан “Серке” деп аталатын саяси басылымдар санатына жататын газет болды. Бұл бейресми, ұлттық бағыттағы басылымның дүниеге келуі жалпы ұлттық көлемдегі аса маңызды оқиғалар қатарына жатады. Бейресми газет шығару 1907жылы мүмкін болып, көктемде жарық көру бұйырады. Қазақстан баспасөзінің тарихын зерттеушілердің бірі Зарқын Тайшыбай қазақ тілінде жарық көрген алғашқы газеттер “Түркістан уалаятының газеті” мен “Дала уалаятының газеті” туралы айта келе: Кейінгі “Серке”, “Қазақ газеті”, “Қазақстан” газеттері, “Айқап” журналы-бәрі осы “Дала уалаятының” үлгісімен шыққан, соның ізін басқан баспасөз органдары”-дейді. Одан бөлек осы “Қазақ газеті” мен “Серке” газетінің қайсысы бірінші шығып, алғашқы болып есептелетіні жөнінде ұлттық маңызы бар мәселе орын алған болатын. Екі газеттің де 1907жылы көктемде шыққаны барлығымызға белгілі. Газеттің маңызы оның шыққан уақытымен емес, ұлтына сіңірген еңбегімен, заманына сәйкес қиындықтармен күресе білгендігімен өлшенеді.
Ғұмыры тым қысқа, редакторы Ғ.ИбраҺимов болған “Серке” газетінің екі нөмірі ғана шыққан екен. Ал Ш.Қосшығұлов қолжазбасында газеттің 3-4 нөмірі шығып тоқтағанын жазған. Газет атына келер болсақ, байқасаңыз бірден түсінетін мағынасы айқын атау емес. Серке- жайылымда малды бастайтын түлік. Бүгінде жастарға көшбасшы немесе лидер деп түсіндіруге болады. Атауына қарап, расында халыққа дұрыс жолды бағдарлау деген мағынада қойылды деп ойлауға болады. Газеттің бірінші санында Міржақып Дулатовтың “Жастарға” деген жарияланған туындысының соңғы шумағында:
-Халыққа, жастар, басшы бол!
Қараңғыда жетектеп.
Терең судан өтер ме,
Мың қойды серке бастамай?-деп жазылған. Өлең жолдарына серке сөзін қосуының астарынан айтылмақ болған біраз дүниені байқау қиын емес. Одан соң тағы да М.Дулатовтың “Біздің мақсатымыз” деген мақаласы Петербургтегі баспасөз комитетінің кеңесшісі Смирновтың көзіне ілініп қалады. 1913жылы тез арада “Улфат” газеті мен оның қосымшасы Серкені сот палатасы жою жөнінде шешім шығарады. Жастарға үміт артып, қазағым, елім деген озық ойшылымыздың мақаласын тәркілеп, газетті жауып тастағаны ашындырып жібереді. Біз жас ұрпақ өмір бойы даналарымыздың біз үшін жасаған әрбір қадамына кедергі келтіріп, еңбектерін аяқ асты еткен патша үкіметінің іс-әрекеттерін кеудемізде от жанып, өзегіміз өртеніп, естумен келеміз. “Серке” ғасыр басындағы өмір шындығымен бетпе-бет кездесіп опат болған газет болды. Дей тұрғанмен, оқу-білімге шақырған, ислам дүниесін біріктіруді мақсат еткен, діни сауаттылықты арттыруды көздеген бұл газет туралы деректердің өзі бізге қымбат. Біз қазақтар бәрібір газет шығардық! Тосқауыл болған барлық мәселер тақырыбын қозғадық. Бәрібір ғұмыры ұзақ болар газет-журналдарды шығарудамыз!