Серікбол Хасан: Ата асырап алайықшы (әңгіме)
блог
Мансұрдың мектеп деген алтын ұяның табалдырығын аттағанына биыл төртінші жыл. Әке-шешесі төрт жыл бұрын, бірінші қыркүйекте қолдарына гүл алып, жалғызын жетелеп әкеліп, Айсұлу апайға өздері әкеліп аманаттаған. Содан бері міне, қанша жыл зымырап өтсе де, екеуі де мектеп бетін көрген жоқ.
Айсұлу – банк менеджері. Тек жексенбі күні ғана демалады. Демалады деген аты ғана, таңнан кешке дейін үй тазалау, ыдыс-аяқ жуу, кір жуумен кеш батырады. Әлішердің де қызметі ауыр. Аудандық полицияның бөлім бастығы. Ішкі істер қызметінің капитаны. Жұмыс күндерін былай қойғанда, жексенбіде де үйде болмайды. Түн ортасында жұмыстан діңкесі құрып келеді де, ас-суын ішер-ішпестен, төсегіне құлайды. Ерте келді-ау деген күннің өзінде де, балаға қарар мұршасы жоқ, есіл дерті теледидар. Үйге қарамақ түгіл, жалғызының маңдайынан иіскеп, бетінен сүйіп қоюды білмейді-ау! Бар шаруаны үй қызметшісіне итере салған, болды, басқасына бас қатырмайды.
Ал Мансұр керісінше, алғыр, зерек бала. Апайы айтқанды құлағына құйып ала қояды. Тек... Үй тапсырмасын жөнді орындай алмай жүргені ғана болмаса. Әкесі ол екібастан сабағына көмектеспейді, шешесін өзі шаршатқысы келмейді. Амалсыз бар білген-түсінгенімен, ертесіне сабағына кетіп бара жатқаны. Осындайда атасы болғандай ғой. Мансұрды «Неге менің атам жоқ?» деген сұрақ мазалағалы біраз уақыт болды. Әсіресе анау сыныптасы Даниярды атасымен бірге көрген сайын, мұның қызғанышы арта түседі. Даниярды сабаққа әкеліп тастайтын да, қайтып алып кететін де –атасы. Ал мұның ешкімі жоқ, құдды бір жетім бала сияқты.
Данияр да Мансұр сияқты, сабағын жақсы оқиды. Алатыны – бестік. Айсұлу апай Даниярдан күнде сабақ сұрайды. Қашан сұраса да, тақылдап тұратынын қайтерсің. Апай сұрақ қойса, оған да мүдірмей жауап береді. Бір күні апай одан:
– Данияр, айта қойшы, саған үйде сабағыңа біреу қарайласа ма?
– Атам көмектеседі, – деді Данияр танауы далдиып.
– Есебіңді шығаруға да көмектесетін атаң ба?
– Әрине, атам!
Бұл сөзді Данияр ерекше мақтанышпен айтты. Содан бері Мансұр да: «Атам болса ғой...» - деп армандаумен жүр. Бәлкім атасы болса, Данияр секілді сабаққа дайын келер ме еді?
Мансұр Даниярдың атасымен жақын араласудың оңтайлы сәтін таба алмай жүрген. Іздегені алдынан шыға келгені. Сурет сабағында Айсұлу апай:
– Екі-екі бала болып бірлесіп, бір сурет салып келіңдер. Бағаны жеке-жеке қоямын. Бірлесіп суретті қалай салатындарыңды тексеремін, – деп ерекше тапсырма берді. Апайы құдды бір Мансұрдың ойын оқып қойғандай, басына мұндай ой қайдан келе қалды екен?
Сәрсенбі күні екі бала сабақтан бірге шығып келе жатты. Күн жауып тұр екен. Даниярды әдеттегіше атасы күтіп алды. Қолында қоп-қоңыр қолшатыры бар.
– Ассалаумағалейкүм, ата!
– Уағалейкүмсалам, бақытты бол, балам! Өркенің өссін! Шамалауымша, Даниярымның досы сияқтысың...
– Иә, ата! Менің досым, сыныптасым. Аты – Мансұр, – деп таныстырды Данияр.
– Тоңып қалған шығарсыңдар, үйге жүріңдер, құлындарым!
Данияр да атасын қоштай кетті.
– Ата, Мансұр біздің үйге барса қалай болады? Ұстазымыз бізге үй жұмысын бірлесіп жасаңдар деген еді. Жаңбыр басылғасын, үйіне қайтады ғой.
– Не тұрыс онда, жүріңдер, – деп, кішкентай екі баланы қолшатырының астына паналатып, мектептің маңында орналасқан құжырасына қарай аяңдап алып бара жатты.
– Менің үйім – осы. Жүр, үйге кір! – деді Данияр.
Мансұр досын мұндай времянкада тұрады деп мүлдем ойламаған да еді. Киген киімі өзінікіндей тап-таза, кітап-дәптері түгел. Тіпті аяғындағы туфлиіне дейін шаң жұқпастан жылтырап тұр. Соған қарап, мұны да өзі сияқты қос қабатты зәулім үйде болмаса да, атшаптырым ауласы бар, кең үйде тұратын шығар деп ойлайтын. Ал мынау аядай ғана екі бөлмелі времянка.
Ақсақал төргі бөлмеге кіріп кетті. Ерекше бір әуенге салып, әндетіп кеткендей болды. «Сен осында отыра тұр дегендей» орындыққа жайғастырды да, әлгі бөлмеге сөмкесін көтерген күйі Данияр да кіріп кетті.
Не деген жағымды әуен еді! Атасын әнші шығар деп ойлайды Мансұр. Құлағы мұндай тәтті әуенді бұрын естімеген бе, жүрегі жібіп сала берді.
Кенет әлгі әуен сап тыйылды. Мансұр не болды екен дегендей бөлмеге басын бұрып қарай берген. Атасын мен немересінің бір тұрып, бір отырып, біресе еңкейіп, біресе маңдайын жерге тигізіп, бірдеңелерді күбірлеп айтып жатқанын байқап қалды.
Көп кешікпей атасы мен Данияр да шықты.
– Жүріңдер балалар, сабақтан шаршап, қарындарың ашқан шығар. Мен тамақ дайындап қойғам!
Бәрі қол жуып, дастарқанға отырды. Ортаға үлкендеу табаққа салынған иісі бұрқыраған күріш келді. Төбесіне толтырып етті үйіп қойыпты. Күріштің айналасына айран құйып, әр жеріне қияр, қызынақтан тураған. Сондай дәмді тамақ дерсің! Түскі асына кешегіден қалған тамақты ысытып ішкенге үйреніп қалған Мансұр түсте мынадай нығметтің үстінен түскеніне қайран қалды.
Ақсақал дастарқанға бата беріп, алыңдар дегендей басын изеді, үшеуі үлкен табақтың үш жағынан үңгуге кірісті. Мансұрдың қасықты қолына алып, айран араласқан күрішті аузына апара бергені сол еді, ақсақал:
– Балам, мұсылман баласы асты оң қолымен, бісмілләсін айтып барып жейді, – деп түзетіп қойды. Шынында да, қараса Данияр дәл солай жеп отыр екен. Бұрын мұндайды көрмеген Мансұр, жөн екен деп түйсігіне түйіп қойды. Ас жеп, шай ішіп болған соң қария ас қайырып, бата берді.
– Алла Тағалам бастарыңа бармақтай бақ берсін! Қай қиырда жүрсеңдер де аман болыңдар, шырақтарым! Достықтарыңа сызат түспесін, айналайындар!
Мансұрға «шырағым», «айналайын» деген сөзді ешкім, ешуақытта айтпаған екен. Мына сөздер оған майдай жақты.
– Шіркін ай, мына кісі менің атам болғанда ғой!
Данияр сол аралықта дастарқанды жиыстырып, ыдыс-аяқты айнадай жарқыратып жуып қойды. Мансұр өмірінде өз үйінде істемеген істі істеп, жуылған ыдысты құрғақ шүберекпен сүртіп отырды. Ақсақал су толы құманын алып далаға шығып кетті.
Сосын бәрі үстелге жақындап, үй тапсырмасын орындауға отырды. Атасы кәдімгі мектеп мұғалімі құсап үстелге жақсылап жайғасып алған. Данияр болса қай сабақтан қандай тапсырма бергенін нақ бір сыныпта отырған оқушы сияқтанып тәпіштеп түсіндіріп тұр. Мына көрініске Мансұрдың іші жылып сала берді. «Менің сабағыма осылай қарайласар ешкімім болмағаны ма?» деп іштей өкініп те қояды.
– Жақын отырыңдар құлындарым, екеуің алдымен қандай сурет сызатындарыңды ақылдасып алыңдар, – деді атасы.
– Күн салайық, – деп саңқ ете қалды Мансұр.
– Гүл салсақ қала болады, раушан гүлін салайықшы. Раушан – пайғамбарымыздың сүйікті гүлі болған. Солай емес пе, ата?
– Өте дұрыс, раушан салыңдар. Өмірлерің де осы раушан гүлі секілді құлпырып тұрсын! Пайғамбарымыз секілді өнегелі ғұмыр кешіңдер. Мінездерің көркем, жүректерің нұрлы болғай! – деді ақсақал. – Қане Мансұр, сен раушанның гүлін сала ғой, ал сен Данияр, сабағы мен жапырағын келтіруің керек. Сосын екеулеп қызыл және жасыл түстермен сәндеп бояп шығасыңдар.
Екі дос қолдарына қарындаш, түрлі-түсті бояуларын алып сурет салуға кірісті. Екеуінің сондай құлшынып, бірлесіп істеген әрекеттеріне аталары сүйсініп қарап тұрды. Раушан гүлінің суреті сондай әдемі, тартымды болып шықты!
Сурет сабағы, басқа да үй тапсырмаларын түгелдей орындағаннан кейін, Мансұр үйге қайтуға жинала бастады. Атасы Мансұрға қажыға барғанда Меккеден алған, жасыл тастары бар таспиғын сыйлады.
– «Қуыс үйден құр шықпа» деген балам, мынау менің саған берген тартуым болсын. Аллаға шүкірлік етіп, есіңе алып жүруді ұмытпа, – деп маңдайынан сүйіп, шығарып салды. Қолын бұлғап Данияр да қала берді.
Үйіне келсе, әлі жан баласы жоқ. Екі қабатты, алты бөлмелі үйде бәрі бар екен. Жиһаздың түр-түрі, қабырғаны жауып тұратын теледидар, әр бөлмеде бір-бір компьютер, төсегінің үстінде әкесі туған күнінде сыйлаған планшет жатыр. Тоңазытқышты ашып қалып еді, ас атаулының бәрін көрді. Иә, иә үйде бәрі бар, бірақ бәрібір бірдеңе жетіспейтін секілді. Кейін түсінді, жетіспейтін нәрсе жылулық, мейірім екен.
Көп кешікпей Айсұлу да жұмыстан оралды. Апыл-ғұпыл кешкі ас қамына кірісіп кетті. Ұлының жағдайы қалай, сабағы дұрыс па, қарны ашып қалмады ма, оның бірін де сұраған жоқ. Артынша жұмысынан шаршап шалдығып Әлішер де келді. Келген бойда, душқа түсіп сергіп алды да, күндегі әдетімен диванға құлай кетіп, жан-жағын сипалап теледидардың пультін іздеді.
Ас үйден «тамақ дайын» деген Айсұлудың дауысы шықты. Шешесі тұшпара дайындапты. Әлішердің қолына қасықты ала бергені сол еді:
– Әке, алдымен дастарқанға дұға жасасаңыз! – деді Мансұр. Мұндайға еті үйренбеген әкесі сасқалақтап екі сөздің басын әзер қосты да, әумин деп бетін сипады. Қайтадан қасығын ала бергенде:
– Тамақты бісміллә деп барып, оң қолмен жеу керек, әке. Ал сіз қасықты сол қолыңызбен ұстап алыпсыз. Бұлай ету мұсылманға жараспады, – деп тағы да түзетіп қойды. Мансұрдың аяқасты бұлай өзгере қалғанына қайран қалған Әлішер:
– Балам-ау, мұндайың жоқ еді ғой, мұны кім үйретіп жүр саған? – деді сұраулы жүзбен.
– Досым Даниярдың атасы солай деді. Сосын білесіз бе, әке. Дәрмен ата Даниярға үй тапсырмасын орындауға көмектеседі екен. Үйлерінде тіпті теледидар да жоқ, бірақ бақыт бар, өздері сондай бақытты!!!
Осыны айтты да, астыңғы ернімен үстіңгі ернін қыршып алардай тістелеп, еріні кемсеңдеп, жанары жасаурап сала берді...
Ұлдары түсінген бақыт деген қасиетті ұғымды бұлардың түсіне алмай жүргендеріне көздері енді жеткендей. Әлішер мен Айсұлу бір-біріне қайта қата қарағыштап, бірін-бірі кінәлағандай отты көздерімен атысып барады барады. Бірақ мұнысын Мансұрға байқатпады.
– Әке, ана, айтыңыздаршы менің атам қайда? – деді сосын ойламаған жерден. – Маған ата керек. Ата асырап алайықшы, – деді Мансұр жыламсырап.
– Атам болса, сабағымды беске оқыр едім, атамның ақылын тыңдап, әдепті бала болар ем!
Сөйтті де бөлмесіне қарай тұра жүгірген. Артынан жүгіріп әкесі мен шешесі барса, бала бүк түсіп, жастықты құшақтаған күйі жылап жатыр екен. Анда-санда қорс-қорс етіп танауын тартып қояды.
Әлішердің қарап тұруға дәті шыдамады, жүрегі жылып, ұлын құшағына қысты.
– Сенің атам болады, балам! Ертең, ертең ақ атаңды алып келем. Тек жыламашы, алтыным!
– Алақай, атам... Менің атам бар! Ертең атам келеді! – деп әкесін сүйіп-сүйіп алды. Бұл кезде Әлішердің көз алдынан өзінің құлын шағы құлдыраңдап өте шыққандай болды.
Әлішер бөлмеден шығып бара жатып:
– Я, Аллам кешіре гөр! Я, Аллам кешіре гөр! Қарттар үйіне өз қолыммен әкемді қалай ғана тастап кеттім? Кешірші мені, әкешім! Ертең сені өз үйіңе әкелемін. Ертең сен өз ұлыңа, өз немереңе келесің! – деп ұза-а-ақ күбірледі.