"Серік" - тер туралы
блог
Кеше Алмат ағайым өзінің фейсбук парақшасына кезекті жазбасын қалдырып еді. Жазбасында ауылдағы "Серік" есімді жігіттер туралы айтылды. Оларды шатастырып алмас үшін "қара Серік", "ұзын Серік" тсс лақап аттармен атайды екен.
Анықтап қарасаң, "Серік" деген есім Жетісу өлкесінде кеңінен таралған. Және менің байқағанымдай, Серік есімді азаматтар көбінесе ақкөңіл, әзілқой келеді. Я күлдіріп жүреді, я бүлдіріп жүреді. Соңғы күндері еліміздің ең танымал Серік есімді азаматы "патамушто, патамушто" деп барлығымызды шулатып жүр.
Менің әкем айтады "Қазақ басқа ат таппағандай балаларының атын Бақыт пен Серік қояды" деп. Әкемнің ұялы телефонын ашып қалсаң, Бақыт пен Серіктерге шалынып құлайсың. Оларды өзара шатастырып алмас үшін әкем былай жазып қойған. "Серік балдыз", "Серік ГАИ", "Серік жиен", "Серік ГРЭС", "Серік нағашы", "Серік қара", "Серік құда", "Серік бауыр" деп кете береді де, "Серік СТО" дегенмен аяқталады))
Жоғарыда Серіктердің әзілқой екенін айтқан едім. Сол Серіктердің біреуінің әңгімесін айтайын. Нағашы ағам Серік туралы. Әкемнің телефонында "Серік балдыз" деп жазылған. Ол ағам туралы шексіз айтуға болады. Тойда биді шашады. Ән де айтады. Әзілін де ұмытпайды. Өзі дәрігер. Алдына ауырып келген науқастарды емдеп қана қоймай, әзілдерімен көңіл-күйін көтеріп қояды. Сол кісінің аузынан жазып алынған әңгімені баяндайын.
"Студенттік шағым. Мединституттың жатақханасындамыз. Жатақханада бір ғана душ істейді. Оның өзі аптасына бір рет, жексенбі сайын ашылады. Соның өзінде бір сағат қыздар, бір сағат ұлдар шомылады. Кезекті душ істейтін күні жатақханада свет өшіп қалды. Және жарық берілсе, дискотека болады деп жоспарланған. Дискотекаға бару үшін барлығы душқа түсіп үлгеру керек. Не керек, ұлдардың кезегі келді. Жанымдағы жігіттер қараңғыда тез-тез шомылып шығып кетті, мен болсам, асықпай жуына бастадым. Бір кезде қыздар есікті қаға бастады. Қатты қаққандары соншалықты есікті сындыруға бар. Содан мен дауысымды жіңішкіретіп "Кто там?! Девушки?!" деп едім. Қыздар есікті ашып, топырлап кіре бастады. Қараңғы. Ештеңе көрінбейді. Сонда да қыздар кіріп жатыр, кіріп жатыр. Содан абдырап қалдым,есімді дереу жинап "Ой қыздар, кешіріңдерші" деп едім, қыздар айқайлап жіберді. Бір қыз дауысымнан танып қойып "Қыздар, ойбай, мынау Сико ғой" деп шыңғырды. Душты басына көтерген қыздар айқайлап шығып жатыр. Бір кезде вахтер мен коммендант жүгіріп келді. Ұстап алса, оқудан шықтың дей бер. Дереу заттарымды жинадым да душтан кетуге асықтым. Сол-ақ, жаңағы әзіміл үшін батареядан таяқ жедім. Тіземді батарея теміріне аямай ұрдым. Ауырғанына қарамастан бөлмеге қрай жүгірдім. Бөлмеге кірсем, тіземнен қан деген сорғалап жатыр. Жанымдағы жігіттер вахтаға түсіп скорый шақыртты. Осы кезде свет берді. Дәрігерлер келіп, аяғымды таңып мені носилкаға салып алып кетіп жатыр. Дискотека басталып кеткен. Барлығы биді жіберіп жатыр. Соларға қарап, қимай кеттім. 12-горбольницаға әкелді. Бір палатаға кіргізді. Жанымда досым бар. Бір медсестра келді де аяғымды қайта таңып берді де кетіп қалды. содан отырмыз. Жарты сағат өтті. Екі сағат өтті. Жанымдағы досым күрсініп "Дискотека болып жатыр" деп қояды. Не керек, ешкімді күтпестен таңылған аяқпен ауруханадан қашып шығып, жатақханаға жаяу тарттық. Келсек, дискотека қызып жатыр. Ауырған аяққа қарамай биді жібердік. Екі әннен кейін свет қайта сөнді, солай дискотека бітті"
Серік нағашымның қызықтары мұнымен таусылмайды. Небір қызықтардың кейіпкері болған. Тіпті, апамның қазасында елдің көңілін көтерген. Апамның жаназасын шығарып, қонақасын берген соң, тек туыстар қалып отырғанбыз. Бір кезде ағам "Қап! Бір кісіге хабар бермеппіз" деп қалды. Апамның қайтқаны туралы барлығына хабар бергендей болып едік, кім қалып қойды деп "Құдай-ау, кім?!" дедік. Сөйтсек, "Апамның қолынан шәй ішіп, киносына түсірген Асанәлі Әшімовке хабар жетпеді" деп отыр. Күлмейін десең, күлдіртетін нағашым-ай!
Негізі, Серіктер көп. Көп бола берсін, патамушто, патамушто, олар біздің көңіл-күйімізді әрдайым көтеріп тұратды!
Айтпақшы, Астанада Серік деген апай тұрады. Серік апай да кадр кісі))))