Əсер етпей қоймайтын бес фильм
блог
1.Достучаться до небес(1997)
Жанры: комедия, драма
Өмірінің соңғы сəттері жақындаған екі жігітті тағдыр ауруханада табыстырады. Екеуі автотұрақтан қымбат көлік пен миллионды ұрлап, ендігі күндерін армандарын орындап, еркін өмір сүруге арнауды мақсат етеді. Фильмді аяқтағаннан кейін өмірге құштарлығың артады, əр сəтті бағалауға үйретеді. Актерлік шеберлік жоғарғы деңгейде, сюжеті қызықты, режиссерға сөзім жоқ. Қайталап көре бересің.
2.Жасыл миля (1999)
Жанры: фэнтези, драма, криминал, детектив
Джон Коффи адам өлтірді деген айыппен өлім жазасына кесілмек боп, "Суық тау" түрмесіне келеді. Өзінің қарапайым адаммен салыстырғанда денесінің тым үлкендігі мен сабырлылығы, сəби көңілі қызыметкерлерге қызық көрінді. Ең таңқаларлығы оның айрықша сиқырлы күше ие екендігі еді. Осы қасиетінің арқасында, ол талай тірі жанды аман алып қалды. Дей тұрғанмен, өлім жазасы тағайындалып қойған қайырымды гигант өзіне бауыр басып қалған қызыметкерлерді жылатып кете барды...
Əрбір адам бұл туындыны бір рет болса да көруі тиіс дер едім. Айтар ойы бар, бүкіл жан-дүниеңді түртіп өтетін, психологиялық əсері күшті фильм. Өз саласының шедеврі.
3. Қызыметшілер(2011)
Жанры: драма
1860 жыл. Нəсіл теңсіздігі орын алып жатқан Американың Джексон қаласында туып өскен Скитер оқуын аяқтап келіп, қара нəсілділерге деген озбырлыққа куə болады. Бар өмірін ақтардың балаларын бағумен өткізген, отбасынан айырылғандықтан өмірден еш нəрсе күтпейтін ақылды қызыметші Эйбелин, қаладағы ең танымал, ешкімге есе жібермейтін, менмендігі тасып тұрған əйелдердің өзінің сазайын берген, мықты күтуші Минни жəне жазушы болуды армандайтын, қара нəсілді күтушінің тəрбиесін көрген тəжірбиесіз Скитерді табыстырған нəрсе - қоғамдағы қате көзқарасқа деген күрес еді.
Бұл кино бойға жігер сыйлайды, арман жолында қайтпауға үйретеді. Өзіндік атмосферасы бар жылы туынды.
4. Жолақ жейдедегі ұл(2008)
Жанры: тарихи, əскери, драма
Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Германия. Əкесінің қызыметіне байланысты сегіз жасар Бруноның отбасы тұтқындар лагерінің жанында орналасқан үлкен үцге келіп қоныс аударады. Еш нəрсені түсініп жатпайтын ойын баласы қоршау ішіндегі жолақ киімділерге кездейсоқ жолығады. Өзін Шмуль деп таныстырған еврей баласымен қоршау сыртынан əңгімелеседі, ақырында жақын досқа айналады.
Фильмнен соң басқаға көңіл аудару тұрмақ, не күле алмай, не жылай алмай қаттым да қалдым. Психологиялық əсерінің күштілігі сонша сөзбен айтып түсіндіре алмас күйге түстім. Ауыр туынды. Берері мол.
Леон (1994)
Жанры: триллер, драма, криминал
Леон есімді кəсіпқой киллер ешкіммен жұмысы жоқ, бірқалыпты өмірін сүріп жатқан сəтте көрші үйдегі Матильда есімді қызбен танысады. Отбасынан айырылған қызға өзімен бірге тұрып, осы іспен айналысуға келісім берген ол, біраз жылдардан кейін алғаш рет ғашық болады. Бірақ...
Адамдар арасындағы қарым-қатынас пен қоғам мəселесін əдемі көрсете білген ғажап фильм. Актерлік шеберлік, құрам керемет, операторлық жұмыс пен сюжет жоғарғы деңгейде, саундтекке сөзім жоқ!
Бірнеше қайтара көрген фильмдеріңіз қандай?