Сенсіз өткен 1 жыл...

Сенсіз өткен 1 жыл...
жеке
блог

- Ақжелең?

- А?

- Аңыра!

  Китайский домбыра,

  Домбыраның басы жоқ,

  Ақжелеңнің шашы жоқ!....

6 жастамын, балабақшада жүрген кезім. Ілиястың осы әзіліне үнееемі алданып қала беретінмін. Келесі жолы басқаша жауап берем десем де, қайтадан «а?» деймін))) Ұруға әлім жетпейді, ашуланып шымшитынмын. Ол менің алданып қалғаныма мәз боп күледі...

 

Бірінші сыныпқа барғанда да бір сыныпқа түстік. Өте ерекше бала еді. «Жігіт сұлтаны» деген сайыстарда ылғи бас жүлдені алатын. Өлеңді мәнерлеп оқығаны керемет еді...Талантты еді...

 

Үшінші сыныпта 8-наурызға берген сыйлығы әлі есімде.

 

Бастауышты бітіргеннен кейін басқа мектепке ауысып кетті. Бірақ келіп тұратын. Ауданық концерттерде үнемі көрісетінбіз. Ансамбльмен жақсы өнер көрсетсек, өзінің  достарына: «Менің бұрынғы сыныптастарым!» деп мақтанатын.

 

Оныншы сыныпта өзі театр құрып, концерт берді. Өзі келіп шақырып кетті. «Тәуекел» атты әзіл-оспақ театрын өзі құрды. Бірнеше талантты баланы жинап, әдемі концерт берді. Кейіннен «Мәссағанға» үш-төрт рет шығып бізді қуантты. Теледидардан көргенде кәдімгідей «менің досым» деп мақтанатынмын...

 

11 сынып, 8 қыркүйек. Сабақтың басталғанына бір апта. Әлі демалыстың кайфынан қайтпаған кезіміз. ҰБТ ойда жоқ. Қай сабақ екені есімде емес, әйтеуір апай жоқ. Әдеттегідей шулап, сыныпты басымызға көтеріп отырмыз. Сыныптасым кіріп келді:

- Ілияс қайтыс бопты.

- Ааа??? Қай Ілияс? (ойыма бірден өзі түссе де, ондайға қимадым)

- Кәдімгі, өзіміздің!

Мұндайды жайбарақат айтып тұрғаны несі? Жоқ, әзілі шығар деп ойладым:

- Өтірік соқпаш! Әзілің құрсын!

- Шын айтам! Сұра сенбесең...

Абдырап қалдық, не істерімізді білмей...

 

Сенбедім, біреуден хабарласып сұрайын десем, айтқаны шын болып шығар деп қорықтым. Сабақ жайына қалды, ұлдар мектептен шығып, оның үйіне кетті. Біз қыздар бармадық, менің сенгім келмеді...

Ертеңіне бәрібір шыдамай, сыныппен бардық. Өмірімде бірінші рет сондай жерге бардым. Ата-анасының, бауырларының көз жасын көргенде жүрегім езілді. Менің еркеліктен жылаған кездерім, олардың қазіргі жылағанының бір тамшы жастарына тұрмайды екен...

Ілияс өте ашық, елгезек, көпшілікті жақсы көретін, кез-келген адаммен тез араласып кететін ақкөңіл бала еді. Содан болар, шығарып салуға келген достары мен туысқандары өте көп болды. Сол кезде бәрі Ілиясты жоқтап жылағандағы жағдайды ұмытпаспын.

«Үнемі жұлдыз болам дейтін едің, жұлдыз құсап ағып кеттің ғой...Көпшіл едің, ерте кететініңді біліп, дос жинап жүр екенсің ғой...», - деп күңіренді анасы.

Ата-анасы мен туысқандары, бауырлары мен достары оған үлкен үміт артатын еді. Мен: «Ертең жұлдыз болады, сол кезде менің досым болғанын жұрттарға айтып мақтанам!», - деп ойлайтын едім...

Бүгін 1 жыл 3 ай болды сені жоқтап жүргенімізге...Үнемі біреу жетіспейтіндей...

P.S: Ата-ана, туысқан, дос-жарандарыңыз аман болсын! Олармен өткізген әр уақытыңызды қадірлеңіз! ойымды аяқтай алмадым...(қателері енді...)