Сенсация КВН командасы: "Қазақтың емес, орыс сахнасында қазақы әзілдермен сенсация жасадық"

Сенсация КВН командасы: "Қазақтың емес, орыс сахнасында қазақы әзілдермен сенсация жасадық"
жеке
блог

Қазір елімізде КТК (КВН) көп сынға алынып жүр. Өзекті делінген тақырыптардың бірі осы. Біріңіз білсеңіз, біріңіз білмейтін шығарсыздар, Сенсация КВН командасы бар. 2011 жылы Сочиде Мәскеу лигасына жолдама алып, жоғары бағаланып, ал өткен жылы Қырғызстанда өткен Орта Азия кубогын ұтып алған команда бізге сұхбат берген еді. Біз массагеттік оқырманды Сенсация КВН командасымен таныстырайық, ал олар әзілге айтылып жүрген сындарға жауап беріп көрсін дедік.

Сұраққа жауап берген команда мүшелері: 

Асыл, Дәулет, Нұрлан, Дастан, Нұрсұлтан, Ақжол, Жамбыл, Ардақ, Ернат

 

Дастан, команданың аты алғашқы кезде Парламент еді. Оны Сенсация деп ауыстыруға не себеп болды?

- Парламент атауы да сәтті еді, бірақ бұлай аталсақ біз үнемі саяси әзілмен жүруіміз керек болды. Ол үшін үлкен білім керек. Өз басымның да деңгейім жетпейтінін мойындадым. Содан, стилімізге байланысты, әзіліміз тұрмыстық тақырыпта болғандықтан, ауыстырғандық жөн санадық. Қазақ сахнасында сенсация жасаймыз дедік. Мұндай жаңалықты қазақ сахнасында жасай алмасақ та орыс сахнасында қазақы әзілдермен сенсация жасадық деп айтуға толық негіз бар. Себебі бірінші рет шығып, сол бірінші жылы чемпион болдық. Еліміздегі орыс КВН лигасының президенті Тимур Ержановтың өзі де сенсация болды деп баға берді.

Қазақ тілінде Сенсация неліктен жасалмай қалды?

- Ашығын айтайық, қолымыздан келмеді. Десек те, сол ойнап жүрген жастарға көмек қолын созып, әзіл жазысып та жүрдік. Ал өзіміз барымызды салдық, сәті келмеді деген сөз бар ғой, сондай бір сәттер болды. Құдай қаласа деп, қазақша КВН-ге қайтып келсек деп отырмыз.

- Қазір КВН туралы көптеген сын айтылып жүр. Қалай ойлайсыңдар, мүмкін залда отырып көру мен теледидардан көрудің айырмашылығы бар шығар?

- Қасыңдағы адам күлгенде сен де күлесің. Тобырлық психология бар десек болады. Ал екінші бір мәселе, қазіргі таңдағы біздің телеарналардың түсіру сапасы, дауыс шығару, жазу сапасы. 3 сағаттық ойынды 100 минутқа қысқартып көрсетсе, әрине, ойынның әрі кетеді.

- Жақсы, енді лас, анайы әзілдер баршылық. Редакциялаудан қалай өтіп кеткеніне де таңбыз.

- Бұл қоғамның өзінде күнделікті көріп жүрген «грязь» бар. Оған редактор тікелей жауап беру керек. Ал кейде редакторлық жұмыс жағынан да ақсап жатады. «Бір қызға жейдемді беріп едім, тізесін шығарып жіберіпті» деген әзілдерден шаршадық. Мұндай әзілдер бұрынырақта өте көп еді. Егер дәл қазіргі КВН-ді көріп отырсаңыз жалпы әзіл тазаланып келеді. Рейтинг деген нәрсе бар. Сол сын айтып жүрген мәдениетті халыққа рухани, салауатты әңгіме айтып отырсаң қашып кетеді. Өздері одан шаршап жүргенде «енді қалмағаны квнщиктердің ақылы еді» дей салады. Сондықтан ауыр бір ойларды жүктейтін, миға салмақ салатын дүниенің де керегі шамалы.

- Плагиатқа ұрынды деп немесе біреудің әзілін ұрлап алыпты дегендер болды ма?

- Баяғы ойындарды қайта өңдеп алып келетіндер де болады. Бірақ дәл бізге дәл солай айып таққандары болмапты. Тағы бір мәселе сәйкестікте. Адам болғасын ұқсас жайлар, сәттер болып қалады. Міне, соны сахнаға алып шыққан кезде басқалардың әзіліне ұқсап қалатын жағдайлар болады. Бірақ біз олардан ұрлаған жоқпыз. Өсетін команда аға буынның әзілдеріне ұқсатып өседі. Себебі идея идеядан туады. Көріп, білген соң, қызыққан дүниені өз көкжиек танымына байланысты ойнап, сахнаға алып шығады.

- Қазір мынау әлеуметтік желілер арқылы өз командасын жарнамалау, қоғамдастықтар құру көбейді. Сендер интернеттен көп көрінбейсіңдер? Неге?

- Біз расында да, көп әзілдерімізді интернетке салмадық. Біздің бар уақытымыз да, ойымыз да ойында. Алты жыл бойғы жетістікті әйтпесе айтып отыруға да болады. Мәселен, Орта Азия кубогын жеңдік Қырғыз еліне барып. Тіпті қуаныштан жылап жібергендер де болды командада. Міне, осы бір жетістіктерді жариялап, жарнамаласақ та жараспайды емес. Сол әлеуметтік желілерге енді-енді аяқ бассақ деген, енді аралассақ деген ойымыз бар. Вконтакте әлеуметтік желісіндегі адресіміз - мынау.

 

Евгений Ожогин:

- Мен қазақстандағы КВН-ды бақылап жүрген адам ретінде айтайын, орыс тілді КВН-ге келіп, тез арада көрермен көзайымына айналған мұндай команданы кездестірмеппін. Сенсация КВН командасы сол көрерменінің де, өзінің де құнын түсірмей, жоғары деңгейдегі әзіл-қалжың айта білді. Сол үшін де қандай құрметке ие болып жатса лайық деп есептеймін.

Театр актерлері "квн-щиктерге" шүйлігеді де жүреді. Бұған не дейісіңдер?

- КВН өз күшімен жасайтын өнерпаздардың өнері. Әркім ойнағысы келсе ойнайды. Ресейде, мәселен, КВН мектептері бар екен. Арнайы курсынан өтіп, әзілдерді зерттейді. Бізде мұндайдың бір де біреуі жоқ. Бірақ мына ҚазҰУ Жастар ісі жұмысында әзілдегі мәдениеттілік, сахна тазалығы деген секілді ұғымдарды айтып, бір-бірімізбен бөлісіп жүреміз. Ал сұраққа келетін болсақ, қазақтың сатирасын да мінсіз деп айта алмайсыз. Театр актерлерінің өздеріне де «өлтіріп тұрып» сын айтып тастай аламыз. Тіпті бір кездері Өнер академиясының командасын ұтып кеткен сәттеріміз де болды. Сол өмірлерін өнерге арнап жүргендерді ұтып тұрсақ та, біз оларға неге шүйлікпейміз? Оның оқығанына, диплом қағазына байланысты емес. Әзілді айта білгені айтып, көрермен таба алады. Осында жүрген бәрімізге де «Неге Жүргенов академиясына түспейсің?» деп талай айтқан. Әйтсе де, сол өнер оқу орындарында жүргендерден кем түсіп жүрген біз жоқ дегім келеді. Нақты айтқанда, әркім өз аймағын түзеп алса жақсы болар еді.

«Базар жоққа» баруды өзіне мақсат қойғандар көбейді. Шақырса қайтесіңдер?

- Барамыз. Әрине, көрермен жинап жатқан дүниеге неге бармасқа. Бірақ ойланатынымыз, біздің өз мақсатымыз бар, өз жолымыз бар. Сондықтан, негізгі мүддені ұмытып, жылтырағанға кетіп қалсақ қалай болғаны? Жасыратыны жоқ, өте мықты адамдар жиналған, мойындауға тұрарлық театр.

Әңгімелескен Ардақ Құлтай

Сурет: http://yvision.kz