Көктеменің бір күні бар,
Ерте келер өзінен.
Сирень-гүлдің бүршігін әр,
Сырласымдай сезінем.
Мен ол күні шаттанамын,
Жүрегіммен ән салам.
Шұғыламмен мақтанамын,
Көктемімді қарсы алам.
Төгілердей шуақ көктен,
Менің ерек күнімде.
Көп күттіріп бірақ көктем,
Келеді ғой түбінде.
Ойламайтын болып алдым,
Безбүйрекпін көптен мен.
Жақын шығар жолығар күн,
Келуші ең ғой көктеммен.
Жүгі ауыр, көші мұңды,
Көңілдегі арбамның.
Сен келер деп осы күнді
Тек өзіңе арнадым!
Әлия Іңкәрбек