СЕНІҢ БОЛАШАҒЫҢ – СЕНІМДІ ҚОЛДА!

Әр ата-ана өз перзенттерін жақсы көреді. Олардың ешкімнен кем болмай өсуін, жасымауын қалайды. Олар ауыра қалса, өздері ауырғандай жандарын қоярға жер таппайды. Бірақ мұның барлығы олардың тәнін қорғаштаудың амалы ғана. Ал енді, жасөспірімдердің жаны қалай дамып жатыр, рухы қандай күйде?!..

Көз алдыңызға елестетіңізші. Жаңа қалыптасып келе жатқан жасөспірім қыз өзінен үлкен жігітпен 1,5 жыл кездесіп жүреді. Күндердің күнінде әлгі жігітпен болмашыға ұрсысып қалады да, тұйықталып кетеді. Сабағы жайына қалады, достарымен қыдыруға құлқы жоқ. Тіпті жақын құрбыларына да ештеңе деп тіс жармайды. Ия, анасы бірнәрсенің болғанын сезеді. Алайда қойылған сұрақтарға тұщымды жауап ала алмайды...

Немесе...

16 жасар қыз. Жүкті. Балалық шақтан енді аттаған жасөспірім өзі дүниеге сәби алып келмекші. Немесе онан да сорақысы алдырып тастау мақсатында дәрігердің алдында тұр. Онан кейінгі өмірі туралы тіпті ойлағысы да жоқ.. Бүкіл әлем оған қарсы тұрғандай, бұрын-соңды басына түспеген проблемалар, уайым, күдік.. Ал жанында сенетін, кеңес беретін, ойындағысымен бөлісетін, көмектесетін ешкімі жоқ деген ойда.

 

Жасөспірімдердің өздерінің көзімен бір қарайықшы. Мұндай жағдайларда кім көмек береді?

 

Мұғалімі ме? Ашығын айтқанда оларды оқушының жеке басының мәселесінен гөрі мектептегі сабақ үлгерімі көбірек толғандырады.

Әлде, ата-ана ма? Оларға өз басыңдағы мәселелерді ашық айтуға именесің, қорқасың, ұяласың, аяйсың.

Мүмкін, дәрігерлер? Бірақ қайсысы? Кәмелет жасыңа толғанша тұрғылықты мекен-жайың бойынша тіркелген емханаға? Ана бауырынан шыға қоймаған сәбилерін құшақтап, әлдилеп тұрған үлкен апайлардың жанында өз кезегіңді күтіп тұру ұят. Әлде, өз анаңмен, көршіңмен, мұғаліміңмен жолығып қалу мүмкіншілігі жоғары әйелдерге кеңес беру кабинетіне ме? Жоқ, ЖҚТБ орталығына ма? Атауының өзі жасөспірім бойында ыңғайсыздық туғызды.

 

Шынында да ешкім көмектесе алмайды ма?

 

ШЕШІМ БАР! ОЛ – ЖАСТАР ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ.

 

ЖДО – өз қызметін Еркіндік, Қол жетімділік, Достық, Сенім қағидалары негізінде жасөспірімдер мен жастардың денсаулықтарын сақтауға, қауіпті мінез-құлықтардың алдын алуға, психо-әлеуметтік қолдауға және олардың заңдарын қорғауға бағытталған тиімді технологияларды қолданып жүзеге асыратын орталық.

Сондай орталықтардың бірі – Астана қаласының №8 қалалық емханасында орналасқан «Сенім» жастар денсаулық орталығы.

 

«Сенім» жастар денсаулық орталығы жастарға арналған әртүрлі қызмет түрлерін көрсетеді. Орталық штатында психолог, гинеколог, дерматовенеролог, уролог мамандары жұмыс жасайды. Білікті мамандардың ең басты мақсаты жастар мен жасөспірімдердің денсаулықтарын барынша сақтап қалу және оларға медициналық, психологиялық көмек көрсету. 

Орталықта жастар мен жасөспірімдердің өз-өздерін бағалау, қабылдау және бейімдеу мақсатында репродуктивті денсаулықты сақтау, АҚТҚ/ЖҚТБ, жыныстық қатынастар арқылы берілетін инфекциялардың алдын-алу және жасанды түсікті, жоспарланбаған жүктілікті болдырмау жөнінде тиісті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында семинарлар, тренингтер өтіп тұрады.

 

 

 

 

 

Әркімнің өз таңдауы бар. Және де істеген ісіне, денсаулығына, болашақ өміріне өздері жауапты. Бірақ, егер де сен қателессең немесе жолдан тайып кетсең бұл барлығын қалпына келтіруге болмайды дегенді білдірмейді.

ӨЗ ТАҢДАУЫҢ ӨЗ ҚОЛЫҢДА!

БІЗ СЕНІМЕН БІРГЕМІЗ!

ХАБАРЛАС!

 

Сенім телефоны: 8 /7172/ 37 55 08

Мекен жайы: Астана қаласы, Сембинов көшесі 4/2.

Интернет бетшесі: https://arman-kala.kz

 

Суреттер «Сенім» ЖДО жеке мұрағатынан алынды.

 

Қайсар Закираев



Бөлісу: