СЕНІҢ АТАҢ... МЕНІҢ АТАМ...

Тәуіп дегеннен шықты әңгіме... Осыдан бірнеше жыл бұрын бұрынғы «Рахат» арнасы тәуіп, емші-домшыларды көрсеткіш еді ғой, қазіргі СТВ да бақсы-балгер, құшынаштарды көрсетуден алдына жан салмайды. Әсіресе түнгі 12-де басталады. Бірді айтып, бірге кеттім... «Рахаттың» кезінде әппақ киген емші әйел тв-дан түспейтін. Бәрін жазады екен, тек алдына барсаң болды...
Бір күні аяғы ауыр сіңлім кеп, сол емшіге барғысы келетінін айтты. «Жалғыз барғым келмейді, жүрші», – деді жалынғандай болып. Жұмысымды тастай сап, соңынан ердім. Өзінің аяғы ауыр, қаланы да дұрыс білмейтін әрі екі адам әңгімелесіп барса да дегендей... Оның емші іздейтін жөні бар, жаз шықса болды аллергиясы қозып, көзі жасаурап, демала алмай қиналып кететін. Екпеген екпесі, ішпеген дәрісі қалмады. Дәрігерден дәрігерге барып ауруына шипа іздейтін. Ақыры бәріне қолды бір сілтеп, қиналса да шыдап жүрген. Екінші баласына аяғы ауырлағалы жанын қоярға жер таппай жүрген адамға «Рахаттан» көрсеткен емші «бәрін жазам» деген соң, қайтсін... Содан әлгі әйелге келдік. Үйінде біз сияқты біраз адам бар екен, солармен бірге біз де төрге өттік... «Оптом» емдейді екен. Біраз уақыттан соң басқа бөлмеге біртіндеп шақырып оны-мұнысына тапсырыс беріп жатты. Кезек бізге келгенде: «Бір кило алма, бір пәшкі шай, бір пәкет тұз, сосын 15 000 теңге алып, ертең кел», - деді. Басымызды изеп, сыртқа қарай аяңдадық. Кіреберісте сіңлім дәретханаға барғысы келгенін айтты. Ойымда түк жоқ: «Дәретханасы міне тұр ғой, кіріп ал», – дедім. Оның шыққаны сол еді әлгі емші апам айқайлап берсін. «Ой, апатай, кешіріңіз, аяғы ауыр келіншек қой, қажетін өтегісі келген соң дәретхананы көріп тұрып кірмегенде қайтсін, кешіріңіз», – деп жатырмын жалпылдап... 
        – Қазір менің аталарым сені оңдырмайды! – деп ұрысты бір заматта.
Сыртқа шықтық үндемеген күйі. Менің мінезім оңып тұрған жоқ, тек сіңлімнің «тәк-тәгімен» келе жатырмын. Анау емші апам бізбен қосылып шықты да:
       – Менің аталарым айтқанымды әкелмесеңдер, дегенімді орындамасаңдар жолдарыңды жауып тастайды! Аталарым өйткенде бүйтіп қаласыңдар, сөйткенде сөйтіп қаласыңдар, – десін... Содан бұрылып қайта келдім. Ол мен бірдеңе сұрайды десе керек, бөгелді.
      – Апатай, сонда сіздің аталарыңыз сөйтіііііііііп жатқанда менің аталарым қарааааааааап тұрады дейсіз бе? Бірдеңе істейтін шығар олар да! – дедім жай ғана... Жынданған күйі кіріп кетті үйіне. Сіңілім жылап тұр. «Енді қайттым?» – деді біраздан соң.
      – Қайткені несі, шайың – 250, тұз – 40, алманың бір килосы 150 теңге тұрады. 440 теңгенің затына 15 000 теңге сұрап, не араластырып бергелі жатыр екен соншалықты? Басты қатырмай 3 000 теңгеңе тағы да екпе ектіріп, тыныш демалып жүргенің артық, түс алдыма! Солай үйге қайттық. 
Бізде осындай да емшілер бар!



Бөлісу: