Сенімі серік болған Серіктен айналайық!!!!!!!

Сенімі серік болған Серіктен айналайық!!!!!!!
жеке
блог

Лондон олимпиадасының қарсаңында Бейбіт Қорған Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған "Соқ, соқ" деген бір керемет ән шығарды. Алғаш естігеннен-ақ ұнап қалды. Патриоттық ән.

 

Сол әннің ішінде "Серіктердің аз емес қой табысы" деп келетін жолдар бар...

 

Ия шынымен саралап қарасақ Серіктердің жеткен жетістігі мен бағындырған белес, биіктері аз емес!

 

Әндегі "Серіктер" дегенде бірден есіме Серік Қонақбаев пен Серік Сәпиев түсті. (олимпиада алдында Серік алтын алса екен деп тілеуін тілеп жүргем)

 

Аты аңызға айналған боксшы деп ардақ тұтатын ағамыз Серік Қонақбаевтың атақтарын айта бастасаң тауысу мүмкін емес. Үнемі жеңіс, үнемі чемпион. 1981 жылғы әлем кубогының иегері. Сол жылғы әлемнің ең үздік боксшысы. 1980 жылғы 22-Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері.  КСРО, Еуропа чемпионы. Бұл бір парасы ғана. Аңыз десе аңыз ба?!

 

Қазақтың бокс тарихында есімі алтын әріптермен жазулы тұр. Оны өшіру мүмкін емес. Ол қазақ халқының мақтанышына айналған тұлға!!!

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын Ақтөбеде үлкен бір бокс турнирі өтіп, Серік ағамыз арнайы келді. Қолын алып, жүздесіп, пікірлесуге мүмкіндігім болды. Жасы елуден асса да сондай тартымды, бұрынғы қазақ батырларын көз алдыңа әкелетіндей нар тұлға, жүзі жылы, аузы дуалы, айтар ойлары кесек...Ұлтымызда дәл осындай ҰЛ болғаны үшін ұлы жаратқанға іштей шүкіршілік етіп, сырттай шынайы мақтандым...Ол алған олимпиаданың күмісін неге халқы ұмытпайды? Өйткені ол қазақтың көзі жәудіреп жүргенде ұлтын төрткүл дүниеге танытқан ұланы!!! Осыны ешқашан ешкім ұмытпаса екен...

 

Ал Серік Сәпиев ше?! Ол - біздің үкілеген үмітімізді бір сәтке де өшірмеген ұлымыз. Оның атақтары да Серік ағасынан қалыспайды, тіпті асып түседі десек артық болмас. Олимпиада алтыны мен Баркер кубогынан басқа атақтың бәрі Серіктің еншісіне әлдеқашан бұйырған... 

 

Серік Лондон олимпиадасында ешкімнен де жеңілген жоқ. Жолындағының бәрін жайпап өтті. Замковойың да оған  түкке тұрған жоқ.

Ол алты Алаштың айбыны болды тұманды Альбиондағы! Қазақ деген батыр халықтың бағланы болды Лондондағы! Боксты кейбіреулер төбелеске айналдырғанда Серік оны ұлы өнерге айналдыра білді! 

 

Оның оттай жанған көздеріне ешбір қарсыласы шыдас бере алмады! Қазақтың намысын дәл сол шаршы алаңда ешкімнің де таптай алмайтынын жапон боксшысын тықсыра төпегенде-ақ айқын аңғартты! 

Әнұран ойнағанда басынан аяғына дейін қосыла шырқаған Серік көз жасына ерік бермеді. Бірақ, булығып тұрғанын аңғардық. Бұл да оның мәрттігінің белгісі емес пе? 

 

Ал "Намысын бермеген қазағым мықты ғой" деген жолды Серіктің қалай нықтап айтқанын көрген боларсыздар. Телеарналар дәл сол жерді қайталап беруден жаңылып жатқан жоқ. 

Көк туды басынан асыра көтеріп, желбірете желгенде "құлыным-ай" демеген ана қалмаған шығар сірә... 

 Серік Сәпиевтің бағын жандырған Лондон олимпиадасына мың да бір алғыс дейміз!!!

Серік деген саңлақтарымыз міне осындай біздің!!! Олармен қайда, қалай мақтансақ та ешкім бізге қой демейді....

 

Замковойды жеңіп тұрып Серік оның құлағына не деп сыбырлағанын естідіңіздер ме?

Серіктің өзі жекпе-жектен кейін Хабар арнасына берген сұхбатына айтып берді оны Амангелді Сейтхан сұраған кезде. 

Ол былай депті: "Рахмет саған. Бірақ, сен әлемде №2-сың, ал мен №1-мін".

Әлемдегі №1 Серіктеріміз аман болғай! Бүгін Серікке елбасы жүлдесін табыстайды!!!