Сенім

Сенім
жеке
блог

Неміс философы Фридрих Ницше "Я не расстроен тем, что ты солгал мне, я расстроен тем, что теперь не могу верить тебе" деген екен. 

Шынында да болмашы бір өтірікке бола "сенім" деген асыл қасиеттен айырылып, жоғалтып алып жатамыз.

Сенім мен махаббат. Сенім мен махаббатты бөліп қарастыра алмаймыз. Сенім болмаса, махаббат пайда болмайды. Сенім жоғалса, махаббат та өз күшін жояды. Алайда қазіргі уақытта адамдар бір-біріне сенуден қалып барады. Адамның адамға сенімді жоғалтты дегені ақырзаман орнады дегенмен бірдей емес пе? Бірақ сенімсіздіктің де өзіндік себептері бар. Мен осы сенімсіздіктің неге, қалай пайда болатынын сіздерге тізбектеп көрейін.

Біріншіден, қыз бен жігіт. Қыз бен жігіт бес жыл кездеседі. Бес жыл бойы бірге болған адамдар бір-бірінен жамандық күте ме? Өзіңізді не қыздың не ұлдың орнына қойып көріңіз. Бес жыл бойы жүрген жігітіңізге қалай сенбеймін дейсіз? Екінші жартым деген адам емес па еді? Алайда, дәл осы бес жыл жүрген жігіті қызын бір бума ақшаға бола құлдыққа сатып жібереді. Сонда махаббат қайда қалды?

Екіншіден, "бөбегім" деп басынан сипаған ана не әке енді ес жия бастаған балапанын, бауыр еті баласын, өзінің қаны мен жанынан жаралған ұрпағын өзге еркек немесе әйел үшін тастап кетеді. Бұл ата-ана махаббатының әлсіздігі ме? Сонда, әр ғашық болған сайын дүниеге бір кездері "ғашық боп қалған сияқты" уақытта өмірге келген бала кінәлі ме? Дәл осы жағдайды бастан өткерген бала ата-ананың балаға деген махаббаты бар екендігіне сене ме?

Үшіншіден, энергетика, индустрия және сауда министрі Мұхтар Әблязов секілді адамға халық сонша үміт артып, оны сол лауазымға лайық деп тапты. Елімізді алға сүйрер деп ойлады. Ал Әблязов не істеді? Ақтады ма сол үмітті? Өз туған жерін, өз Отанын, өз халқын өзі тонап, елімізді өзгелерге масқара етті. Мен үшін Әблязов ешкім де емес, оның масқаралығы беш тиын. Алайда, өзге мемлекеттер біз жайлы не дейді? Өз елін өз перзенті тонады деген не сұмдық? Ал енді биліктегі өзге ел ағаларына қалай сенеміз?

Төртіншіден, мектеп табалдырығын аттап, өмірді енді тани бастағанда ұстаздар: "Балалар, адал болыңдар. Өмірде бәрі адалдықпен, біліммен келеді. Адалдық әрқашан өз туын көтереді. Әділ болсаңдар халық та сендерді жақсы көреді",-дейді. Ал өсе келе ше?Бәрі сол кезде ұстаздар айтқандай екен деп ойлайсың. Алайда ол айтылғандар құр ертегі болып шығады. Шындығында "таныс болмаса, шанс жоқ" деген әңгіме. Басында білім тұрмақ, фундаменті де жоқ адамдар түрлі байқауларда алдыңғы орындарды иеленіп, жоғары лауазымды қызметте жұмыс істеп жатады. Адалдық, әділдік атаулысы әп-сәтте жоқ болады. Шындықты айтсаң елге жеккөрінішті боласың. Елдің белді, беделді тұлғалары, қоғам қайраткерлері, ғалымдары теледидарларда, кездесулерде "адалдық,әділдік" деп қақсайды да, шетке шыққан соң пара алады. Бұл нағыз екіжүзділік емес пе? Бізге үлгі көрсетер солар емес па еді? Кішінің үлкенге сенімі қайдан келеді енді?

Бесіншіден, досың, жолдасың, сен сенген адамың, екінші "мен" деген құрбың сені сатып кетеді. Сырыңды өзгеге шашады. Қуанып, жетістікке жетіп жатсаң көре алмайды, қиналсаң жаны ашығансиды, алайда қуанады. Жалпы айтады ғой "Дұшпаннан емес, досыңнан сақтан. Себебі ол сенің әлсіз жеріңді біледі" деп осы сөз тегін емес-ау, сірә. Осыдан соң іштегі сырмен кіммен бөлісесің? Кімге ақтарыласың?

Сенім де жан сияқты. Бір шыққан денеге қайта оралмайды. Мен елу жеті адамға "Сіз үшін сенім қаншалықты маңызды? Сіз адамдарға сенесіз бе?" деген сауалнама жүргіздім. Сауалнама барысында сенемін деп жиырма төрт адам, жоқ деп он бір адам және сенгім келеді деп жиырма екі адам жауап берді. Сенетіндер санына қарап әлі де сенімнің бар екендігіне көз жеткізгендей боламыз, бірақ сенгім келеді деушілерді жоқ деп қарастыратын болсақ, бұл жағдайдың тағы да әжептеуір мәселе екендігіне көз жеткіземіз. Франк Крон айтады: "Егер сіз адамға қатты сенсеңіз, сіз алданып қалуыңыз мүмкін, бірақ адамдарға сенбей, сіз азапта өмір сүресіз",деген екен. Біз бұдан сенімсіз өмірдің бос екендігін аңғарамыз. 

Мен осындай сәтсіздіктерге қарамастан сенгім келеді. Өмірде махаббаттың бар екендігіне, ата-ананың балаға деген махаббаты өзгелерден жоғары екендігіне, әр ұрпақ өз Отанының патриоты екендігіне, әр ұстаз балаға дұрыс тәрбие беретіндігіне, өмірде шынайы достықтың бар екендігіне сенгім келеді. Бірақ сенгім келетін дүниелер шындыққа айналмайынша сенемін деп те айта алмаймын. Алайда сенгім келетін дүниені сенемінге айналдыру үшін барымды саламын.