Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!
***
Балаларды қорғау күнінде, неғып екенін, құттықтауды ұмытыппын. Өзіңе ержеткен үлкен азамат деп қарағандықтан болар. Сол күні апайың екеуміз үйге кешірек келген едік. Менің көзімше өзің қатты сыйлайтын Еркетай әпкең бетіңнен сүйіп, мерекеңмен құттықтады. Сен сол сәтте: «Балаңды неге құттықтамадың?» – дедің. Қапелімде аузыма сөз түспей: «Сен жігітсің ғой, сондықтан мән бермедім», – деп жауап бердім... Өзіңді біраз адамның құттықтағанын естігенде: «Енді олар Айгүлдің баласы деп құттықтаған ғой», – деп әзілдедім. Қалжыңымның астарын түсіндің де: «Бетімнен сүйіп, «Ашонайым менің» деп еркелеткеніңді қой онда, ондай кезде мен кішкентай бала болып қалам, ә!» – дедің...
Ал бүгін сенің туған күнің, ұлым! 19-ға толдың! Саған мен Жердің бетіндегі жақсылық атаулының барлығын тілеймін. Десе де, ең бірінші денің сау болсын!
...Сен өте мейірімдісің, мен соған қуанам. Сен өте адалсың. Ал кейде мен соған қамығып қалам. Өйткені адалдықтың мына заманға түкке қажеті жоқтай көрінеді кейде... Қырсықтығың да бар, бірақ шолжаң емессің. Соған тәубе деймін. Бірбеткейсің, өзіңнің пікірің бар. Көзқарасың айқын. Бұл да – жақсы қасиет. Айтқан сөзіңде тұрып, берген уәдеңді барынша орындауға тырысып бағасың. Бастысы, мен көрсеткен адами қасиеттерді бойыңа жинадың. Осыған шүкір! Тәубе!
...Алла тағала менің ұлымның жолын оңғара гөр!