"Сен маған хат жазуды ұмытпа!.."

"Сен маған хат жазуды ұмытпа!.."
жеке
блог

     "Сен маған хат жазуды ұмытпа..." Бәрімізге таныс. Сол жылдары хат жазған қызық болатын. Ал бүгін ше? Бүгін әскерден ешкім хат жазбайды деп сенімді түрде айта аламын. Әрине, кемінде 20-30 пайызы хат жазатын болуы мүмкін. Бірақ "хат жазбайды" деген көрсеткіш көпті көрсетіп тұр. Шыны керек, хат жазғанға қызығамын. Бірақ теліпон бар, смс бар, тағы басқасы бар, хат жазудың реті жоқ. Хат жазуды романтика деп есептеймін.

     Мені де әскерге әкетуі мүмкін. Оқу орнын бітіріп келгем, денсаулығым жаман емес, салмағым мен бойым сәйкеспейді, аяғым майтабан, көзім алысты көрмейді, бүкірейіп қалғанмын демесем. Үйдің жалғыз баласымын, бірақ мұны есепке ала қоймас. Әскерге барғанда мен нені көретінімді өте жақсы білемін. Қайдан білемін? Әлбетте, өмір үйретті. Ал әскер ешқандай да өмірге үйретпейді, көрсете алмайды. Өмірдің өзі әскердің қандай екенін көрсетеді. Сондықтан өмірге лағынет айтудың қажеті жоқ. Өмір деген терең ұғым, оны кемсітіп, мағынасына тарлық келтірмеген жөн. Оқыған, көкірек көзі ашық адамдардың бәрі жақсы біледі: әскерде ешқандай да Отан қорғауға үйретпейді. Осы сөйлем де жеткілікті деп ойлаймын. Бұған аса бір данышпандық пен көрегендіктің қажеті жоқ. Балалар сияқты "дед-дух" боп бөлініп төбелесіп жүрген адамдар ертең соғыс бола қалса, қалай ғана бірігіп, жауға қарсы тұрмақ?! Өз араларында соғысып кетеді. Кек сақтайтын жандар аз ба! Жә!

     Әскерге әкетсе әкетер, әкетпесе тіптен жақсы. Жұмысқа орналасып, шығармашылығыммен айналысып, әке-шешемді киіндіріп, жемеген нәрсесін әперермін Алла жеткізсе. Әскерге барғаныммен, "таяқ жеушілердің" қатарын көбейтемін. Одан көрші елдерге байлығымыз, жеріміз сатылмай қоймайды. Әдеттегідей, сатылатыны сатылады, тоналатыны тоналады.

     ПіСіП: Кім не десе де, айтпаса сөздің атасы өледі. Біреудің пікірін өзгерту үшін көп еңбек қажет. Біреудің көріп қойған нәрсесі - ұстанымын өзгерту үшін көп еңбек аздық етеді. Көріп қойған нәрсе ақиқат болса, ақиқатты өтірік қалай жеңбек?! Сондықтан менің осы пікірімді, ұстанымымды жоққа шығарып, "бірдеңені" ақтап жатудың қажеті тіпті жоқ. Тіптен, мен алдын-ала біліп отырмын. Демек, әншейін бос нәрсені жазбағаным...