Атаның дамылдағанын баласы пайдалана кетті.
– Қай журналдан оқығаным қазір есімде жоқ, осы кобраға байланысты қызықты деректерді кездестіріп едім. Мысырдың әйгілі әйел патшасы, талай аңыздарға аты арқау болған Клеопатра римдіктердің тұтқынына түспеуі үшін өзін кобраға шаққызған. Ақыры басын өлімге байлаған соң, ол неге бірден өлтіретін күшті у ішпеген немесе неге жүрегіне қанжар сұқпаған? Өйткені ақылды да білімді, өте әккі Клеопатра кобраның ерекше қасиеттерін жақсы білген. Кобра шаққан адам өлген соң, оның денесі көп уақыттар бойы бұзылмай, бүлінбей сақталады екен. Тағы бір ерекшелігі, кобра шаққан адам қиналмай, көгеріп-сазарып азапқа түспей, тәтті ұйқыға кеткендей маужырап
о дүниеге аттанады екен. Мынау да адамды білдіртпей шағады, бірақ уы жаман, – деп мені көрсетіп қара-а-а-ап отыр Бәкең.
Аузым аңқиып, әңгімеге елітіп отырғаным соншалық, тіпті жұбайыма «мұның не» дегендей белгі көрсетуге жарамадым. Есесіне, атаның шыдамы шытынап кетті.
– Выйди вон! – деп ақырып жіберді.
– Пожалуйста! – деді баласы іле-шала. Көзіндегі шайтан күлкісін жасыр-маған күйі орнынан тұрды. Осындай бірдеңеге соқпай кетпесін алдын ала білгендей, соған әдейі дайын отырғандай, өңінде ешбір абыржу жоқ. Бағанадан бері кетуге сылтау таппай, енді соның орайы келгеніне риза секілді хош көңілмен емін-еркін айылын жимай, керенау басып, шығып кетті.
Ата баласын айқаймен айдап шыққанымен маған ештеңе деген жоқ. Кетуім керек пе, жоқ, отыра берейін бе, білмеймін. Өздігімнен жол тауып, шешім қабылдамақ түгілі, тұяқ серпуге шамам келмеді. Бүгін онсыз да айдарымнан жел ескені шамалы. Сондықтан атаның қырына ілініп қалмайын деп шідерсіз байланып, қыбыр етпей отыра бердім.
Ата қалың қасты қабағын қарс жауып, темекіні үсті-үстіне түтіндетті. Бастапқыда мүштегін күлсалғышқа жиі-жиі тоқылдатып еді, біртіндеп тықыл саябырсыды. Соған қарағанда тебінді келген адуын ашудың арыны қайтып, орнықтылық орнай бастаған тәрізді. Ақырын басымды көтеріп, көзімнің астымен қарасам, әлгіндегі қатпарланған маңдайы жазылып, шырайы жылынып келеді екен.
– Балам, – деді бір кезде жұмсақ үнмен, – кейде әзіл де адамды өкпелетеді. Қалжыңға келгенде Бақыттың жатыпатар, жертесер екенін өзің де білесің. «Сөйлеп қалған ауыз жыбырлағанын қоймайды» – ол бәрбір қалжың мен қағытпасын тастамайды. Сондықтан сен оған қарсы қалқан қойғын. Қандай қалқан дейсің ғой?! Өзің қосыла күлгін. Сонда оның қолынан қаруы түсіп қалады. Өзіне-өзі күле алатын адам – ақылды адам. Әрине, ол оңай емес. Ар жағында ашытқы-мәйегі болмаса, кез келгеннің өресі жете бермейді. Сен «кез келген» болмағын. Осыны ойлан! Әйтпесе, ана менің черновигімнің әрбір қыршаңқы сөзіне жылай берсең, бетіңнің мөрі кетіп сүмірейе берсең, не тамтығың қалады?! Білемін, әдептісің. Бірақ әдептілік пен жасқаншақтықтың арасалмағы бөлек екенін түсінгін, – деді.
Зейнеп АХМЕТОВА, «Бабалар аманаты».
(Қосымша ақпарат үшін 87016520613)