Сен жүргенде құбыла шаһарында
Сен жүргенде құбыла шаһарында,
Сағынумен күн өтті көрсем деген.
Жан таппаймын өзіңдей жер жаһанында
Тілек болды «дін аман» келсең деген.
Сен жүргенде Алланың ақ үйінде
Жүректегі сағыныш өрттей жанды.
Алланың бұл жаратқан фәниінде,
Сәт санаумен сағаттар өтпей қалды
Сен жүргенде Меккенің нұр төрінде
Күн қисайып бататын қызараңдап.
Таң атқанда мұңайып күн көрінген,
Сәттерде мен отырдым жүз алаңдап
Сен жүргенде құлшылық, дін жолында
Күн батқан соң ай шықты көңілсіздеу
Жұлдыз жәйлап сөнетін түн соңында,
Мен қараймын ақ таңға сенімсіздеу.
Сен жүргенде иманың, толықтырып
Жүдеу тартып барам ба? Қалай? Қалай?
Қалам ба деп түсімде жолықтырып.
Көзім талды жолыңа қарай, қарай
Сен жүргенде бас ұрып, құбылаға
Мен отырдым тізгіндеп сезімімді
Бейнең болып көрінген шұғылаға
Қараумен-ақ амалсыз көз ілінді...
Сен жүргенде алаңсыз, бұл әлемнен...
Талықсыған алыстан үнің жетті
Сол сәттерде «өкіріп» тұрар ем мен
Дегбір қашты, бойымнан тыным кетті
Сен жүргенде мені тағы ұмыт қылып
Қаза қылмай бес уақыт бесініңді
Ақыл тұрды жүрекке ұмыттырып
Өртесең де өшпейтін есіміңді.
Сен жүргенде алыста, менен жырақ,
Көзің түсіп жүрегің шым етті ме?
Хиджаб киген сұлуға деген сұрақ
Мазалады бір сәтке жүректі де.
ОРАЛАРСЫҢ ДІН АМАН, БІЛЕМІН МЕН
КӨРІНГЕНДЕЙ КӨЗІМЕ ЖАЙ ҰШЫРАП
МЕНІҢ КЕЛІП ЕНДІГІ ЖҮРЕГІМНЕН
ҚАЙЫРШЫЛАП ЖҮРМЕГІН, ҚАЙЫР СҰРАП!
МАТИБАЕВА ЭЛЬМИРА