"Сен" деп бөлінген түн ұйқы, "Сен" деп төгілген тердің өтеуі
блог
Ендеше, өзінен бұрын сенің қамыңды ойлап, әр алаулап атқан таңын «Сен» деп атырып, манаурап батқан күнін «Сен» деп өткізетін ата- анаңың қадірін бүгіннен біл. Олардың саған салған күш- жігері мен «сен» деп өткізген өмірінің қайтарымы сенің мойыныңда екенін ешқашан естен шығарма. Анаңның «сен» деп бөлген түн ұйқысын, әкеңнің «сен үшін» деп төккен терін өтеуің керек, соны ұмытпа. «Ата-ананы ұмытқан жас – опасыздың опасызы, рақымсыздың рақымсызы»,- деп жазушы Ғабиден Мұстафин айтқандай, опасыз емес өнегелі, рақымсыз емес үлгілі бала болу‑ сенің ата- анаңның, арыңның алдындағы міндетің.
Жадыңа тоқып ал: «Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, азап соры.»
Өкінішке орай, заманның қаталдығына сағы сынып кеткен, қара басының қамын ғана ойлайтын өзімшіл, құлқынының құлы болып кеткен қасиетсіздер бүгінгі күні өте көп. Сыныққа сылтау еткен «себептермен» ата- анасын өзгенің есігіне телміртіп, қатал қоғамның құрсауына тастап кететін тасбауыр, сырт көзге сауатты, саналы болып көрінгенімен, ар жағы қуыс, көкірек көзі құлқын қамымен құрсауланып қалған ұрпақ көп қазіргі заманда. Тек естен шығармайықшы, «Ата бабасын сыйламау – азғындықтың белгісі.» Біз дәл осындай сарынмен кете беретін болсақ, болашағымыз бұлдырап, қоғамымыз еңіске қарай құлдырап кете берері сөзсіз.
Сондықтан, қоғамның келеңсіз құбылыстарына бүгінен бастап, «сіз» болып, «біз» болып қарсы тұратын болсақ, бәрін өзгертуге болады. «Ата – анаңның қадірін балалы болғанда; ағайынның қадірін жалалы болғанда» ғана түсініп, бармақ шайнағаннан, «Алты аға бірігіп әке болмайтынын, Жеті жеңге бірігіп ана болмайтынын» ұғынып, ата- анамыздың қадірін уақытында түсініп, құрметтей білейік. Бастысы есте ұстайық: «Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес.»
«Әке» десе, тіреу дейді арқадағы мызғымас
«Ана» десе, мейірім дер, естігенде ізгі жас.
Отбасының негізі олар, осыны сен дөп білсең
Қадірлей біл, ата- анаңды, жалғанда бұл, достым сен!
Халық деген өзіңіз екенін, тарихтың сізден бастау алатынын ескеріп, қазаққа тән қазақы қоғамымызды бүлдірмеуге ат салысыңыз, ағайын!