Сен де, мен де - тарихпыз

Өзіңді-өзің тану тәрізді, тарихты танып-білу де - қазіргі даму процесіне аса қажет әрекет. Ол - болмай қоймайтын жоғалтулар мұңын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді, сонымен бірге прогреске кең жол ашады.

Олжас Сүлейменов

     Тарих - әрі нәзік, әрі берік ұғым. Олай дейтінім - оны бұрмалау оңай. Сол себепті нәзік боп келеді. Бәзбіреулер секілді тарихты қолдан жасауға тырысу - мүлдем ақылға сыймайды. Бірнеше жылдан соң өзіңіз де тарихқа айналасыз. Бар болғаны қоғамға пайдаңызды тигізіңіз. Тарихты жеткізуші - халық. Халықтың жадында қалып, батасын алған құр қалмас. Ал, енді неге берік дедім? Сан мыңдаған жылдар өткен соң табылған қыш ыдыстар, түрлі әшекейлер мен ауыздан-ауызға тараған әдебиет - тарих емей немене? Демек, діңі берік болып тұрғаны.

     Осы жылдың ең маңызды жаңалығы - келер жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын Республика көлемінде атап өту. Бұл жөнінде сәл кейінірек. Дәл қазір сол хандықтың дамып, бүгінде тәуелсіз Қазақстан Республикасына айналуына себепкер болған ұлы басшылар жөнінде қысқа ғана белсенді суреттерді ұсынамын. 

*Бұл суреттер thinglink.com арқылы жасалды. Бұлар белсенді суреттер деп аталады. Яғни, суретке тінтуірді жақындатсаңыз болды, белгішелердегі сілтемелер шыға келеді. Аудио, видео немесе мәтін форматындағы түрлі сілтемелер жасауға болады. 

 

Иә, қай кезде де ақылды басшының арқасында көтерілсек, сәйкесінше ақымақ басшының кесірінен талай бармақты тістеп қалар кездер де болған. Бұл басшылар, менің ойымша, өз ұғымындағы "кемеңгерлікті" бойларына сіңіре білген. Қазақтай ұлттың атын өшірмей, даңқын жаюға ат салысқан. 

     Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елімізде түрлі сайыстар, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ол сөзсіз. Есті боларын, есер боларын көре жатармыз. Осы сұраққа "Не хабар" журналының журналисі Рысгүл Рамазанова былай деп жауап берді:

Рысгүл Рамазанова, журналист:

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ең бастысы - воллейболдан, баскетболдан деген сынды жарыстарды ұйымдастырмау керек деп ойлаймын. Арнайы бір датаны белгілеп, сол күні кем дегенде 8000-дай ағаш үй тігілетін жағдай жасалса деймін. Және Керей мен Жәнібекке арналған Моңғолиядағы Шыңғысханның монументіндей монумент салынғаны дұрыс. Жақында Путиннің: "Қазақтың тарихы жоқ" дегені барлығының есінде болар? Сондай кертартпа сөздерден құтылу үшін мектептерде білімді тереңдету керек. Соның ішінде Керей мен Жәнібек жайлы өскелең ұрпақтың көп білгені артық етпейді. 

 

     Иә, Алланың қалауымен Тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Алдағы мақсат - сол бақты  қолдан ұшырып алмау. Сізге Тәуелсіздік дегенде не есіңізге түседі? Жастардың ойын білгіңіз келе ме? Ендеше, қысқа ғана видеомызды тамашалуға кеңес беремін.

Ал, Сіздің ойыңызша, Тәуелсіздік - бұл...?

 

 



Бөлісу: