"Семіріп барамын"...

     Бір досым бар-ды. Өзі сондай ақкөңіл, керек кезде қолында барын аямайтын. Әрқашан телефон соғып хабарласып тұратын. Бірақ көбіне-көп ашылып сөйлесе бермейтін. Бірақ кітап оқығанды ұнататын. Кейде оның айтқан сөздерінен үлкен сабақ алуға да болатынын ұғатынмын. Есіме сақтауға тырысатынмын. Бірде сол досым телефон шалды:

-         Алло, бауырым қалай жағдайың? Амансың ба?Хабарсыз кеттің ғой...

-         Жағдайым жаман емес, өзің қалайсың?

-         Еее біздікі сол тіршіліктің қамы ғой, еш жаңалық та жоқ, бар жаңалық сенде шығар?

-         Бізде де сол өзің айтқандай ғой..

Әңгіме арасында досым:

-         Бауырым мен семіріп барамын, кеше салмағымды өлшетсем 100 –ден асып жығылады. Енді не істесем болады? – деді.

-         Спортпен шұғылдансай...

-         Бірақ та..-дей бергенде байланыс үзіліп кетті. Қайта телефон шалып едім, сөндірулі екен. Арада біраз уақыт өтті. Досыммен хабарласудың еш реті болмады. Ол хабарласқанда мен жоқ боламын. Мен хабарласқанда оның телефоны сөніп жатады. Әйтеуір сәті түспеді. Бір жолы бір досымнан расында да қатты семіріп кеткенін естігенмін. Ол да жай айтпай: «семіріп кетіпті, ауруға шалдыққан сияқты» - деді. Мына сөзден кейін ретін тауып, ауылға барып қайтуды ұйғардым. Ретін табамын деп жүргеннің өзінде бірнеше ай өтіп кетті.

   Мен ауылға барғанда нағыз жылымық шақ екен. Мұндай жылымық кез маған аса ұнай бермейтін. Ең алдымен досымның үйіне кіріп шығуды ұйғардым. Солай болды да. Досым мені құшақ жая қарсы алды. Семіріп кеткен түгі де жоқ, қайта бұрынғысынан әлдеқайда арықтап, қушиыпты да қалыпты.

-         Еее досым семіріп кеттім деп маған керісінше айтыпсың ғой, семірмек түгілі сүйегің ғана қалыпты ғой.

-         Жоқ семіргенім рас, сенбесең мына суреттерді қара – деп телефонын маған ұстатты. Расында да семіргеніне көзім жетті. Ал мұншалықты қалай арықтаған? Әлде, арықтаймын деп дәрі ішіп, денсаулығын құртып алды ма деген ой сумаң ете қалды...

-         Шынымен семіріп, тез-ақ арықтапсың. Мұның сыры қандай? Маған да үйретсей. Қалай арықтаймын деп уайымдап жүрген группалас қыздарға  айтайын – деп қалжыңдадым.

   Досым ауыр бір күрсініп алды да;

-         Сен білмейтін менің өмірімде талай өзгерістер болды. Жақсысы да бар, жаманы да бар...

Сәл ойланып:

-         Білесің бе? –деді.

-         Нені?

-         Мысалы, қойға қанша жем-шөп бересің, бірақ семірмейді. Осының шешімін тапшы?

Ойланып қалдым. «Қойға қанша жем-шөп бересің, бірақ семірмейді». Ол не екен тағы. Осының таппайтыны жоқ. Миым жетер емес.

-         Таппадым, мүмкін... су бермей қойсаң шығар...- деп күлдім.

-         Еее досым, қойға қанша жем-шөп бер, бірақ оның қасына қасқырды байлап қойсаң ол ешқашан семірмейді. Менің де өмірім...

   Сол сәтте көрші бөлмеден кеудесін қырнай шығып жөтелген адамның даусы естілді.

-         Кім?- дедім.

-         Анам ғой –деді.

Жанарында ауыр бір мұң жатқанын сонда барып байқадым...



Бөлісу: