Семь жизней...

Семь жизней...
жеке
блог

Семь жизней

 

-Ұзақтығы: 118 мин.

-Жылы: 2008

-АҚШ.

-Жанр. Драма

-Режиссер.  Габриэле Муччино

Басты рөлдерде: Уилл Смит, Розарио Доусон ,Вуди Харрельсон

 

"Бог создал мир за 7 дней, а я же разрушил мой за 7 секунд". Бен Томас. "Семь жизней"

 

Бұл фильмді сіздердің (оқырман қауым) көпшілігіңіз әлі көрмегендеріңізге сенімдімін... Жоқ, бұл жаңа шыққан кино емес. Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2008 жылы өтті. Ал, біздің елімізде 2009 жылдан бастап көрсетілді. Ең қымбат, ең қажет, ең маңызды дүниелердің көпшілігі өз бағасын ала алмайтыны таңғаларлық жайт емес... Міне, бұл фильм де сондай тың туындылардың бірі.  Фильмнің ағылшын тіліндегі толық аты «Seven Names. Seven Strangers. One Secret Яғни, қазақшаласақ: «Жеті бейтаныс адам. Жеті белгісіз тағдыр. Бірақ, бір құпия».

Фильмнің алғашқы минуттары көрерменге түсініксіз, белгісіз бағытта өрбиді. Басты кейіпкер-Тим Томастың рөлін әйгілі Уилл Смит сомдайды. Бірақ, бұрынғы жанрларынан бөлек, мүлде басқа қырынан танылады. Комедия мен әзіл астасқан кинолардан көбірек танылған Голливудтық актер бұл фильмде драмалық образды сомдайды. Және сәтті орындағанын көреміз...

Сонымен, Тим Томастың өзі Бен атты ағасының атын жамылып, соның қызметінде жүреді. Иә, алғашында көріп отырып, іскер, Американдық салық қызметінің маманы аурухана есігін тоздырып, ондағы бейтаныс адамдардың қасында не істеп жүр? Мақсаты не? Деген  сұрақтар туындайды. Басты кейіпкердің өзі бірде жағымды, бірде жағымсыз, енді бірде, мейірімді, және кейде түсініксіз образда көрінеді. Ең бастысы, фильмдегі басты миссиясы не екені фильм соңына дейін белгісіз боп қалады. Тек ортасында оның өткен өмірі көрсетіліп, көрерменге көп жайттың сыры ашыла бастайды. Және осы сәттерден бастап, көрерменге қуаныш сыйлап, кейде көзіне жас әкеледі.

 

Шытырманға толы бұл фильм басты кейіпкер өзін кінәлі санайтын қайғылы оқиғаның шешімін іздеуге құрылған. Жол апатында қаза тапқан бірнеше адамның өліміне өзінің қатысы бар деп түсінген кейіпкер, сол күнәсін өтеу үшін өзінің ішкі сезімдерін жеңу үшін, Бен есімімен 7 «өмірді» өлімнен арашалауға барын салады.

«Мың рет естігенше, бір рет көр» демей ме, ендеше, қолыңыз күнделікті тірліктен босай қалғанда, осы фильмді көріңіз. Себебі, бұл фильм- көпке ой салатын фильм. Қалай болғанда да, Бен яғни, Тим миллиардтардың қолынан келе бермейтін іс істеді. Біз, расымен де, мейірімділікті, бір-бірімізге деген сыйластықты, адамдардың көзіне қарауды, жанарынан оның сезімін түсінуді, тіпті, жай ғана бір-бірімізбен бетпе-бет араласуды, сөйлесуді ұмыт қалдырдық. Ал бұл фильмнің сюжеті шынайы өмірде  орын алса, елестетіп көріңізші: Тіпті жақыныңның өзі теріс айналатын заманда, жат біреу, бейтаныс адам өзінің бар сезімін, жүрегін сіз үшін құрбан етсе, және тек сіз ӨМІР сүрсін деп сондай қадамға барса, сіздің сезіміңіз қалай болар еді?!

Міне, осыны түсіну үшін бұл фильмді көруге кеңес берер едім. Мәні мен мағынасы бар фильмдер көріңіз...