"Сексенге келсе де сегіз келінге тұрады!"

"Сексенге келсе де сегіз келінге тұрады!"
жеке
блог

«Атырып көзбен әр таңды, Әжең де қуған арманды...» Әжемнің ныспысы – Қалдан. Бұл есімді неге, не үшін қойғанын білмейді екем. Қарадомалақ кезімізде ауылға, жазапамның аулына көп баратынбыз. Көрген сайын шөпілдетіп, бет-аузыңды түк қоймайды ғой, шіркін-ай! Өзімізше боп сүт пен айран иісінен жиіркеніп жүреміз тағы. Тәттінің бәрі ауылда екенін біз қайдан білейік ол кезде. Тағы есімдегісі, боз шашын өріп отырған келпі қазір де көз алдымда. Байооооғы бір заманға еніп кеткендей қалыпта қалам. Сылдырлаған білезігі, нәрегейленген саусақтары, күлдіреп біткен білегі... Әкем айтатын: «Қазіргі әйелдер шетінен дімкәс. Менің шешем сияқты болса етті. Күн сайын қырық сиырды бір өзі сауып жүріп он бала тапқан. Сексенге келсе де сегіз келіннің шаруасын тындырады әлі-ақ» деп. Рас екен-ау ә...  

Екі жыл толыпты бұл өмірден өткеніне...

Әжеге бардық бірде. Бәрі есімде. Аман-саулық сұрасқан соң нағашы балалармен ойынға еліккен мені сол жерде-ақ тыйып тастады. «Әжең саған уыз дайындапты» дейді шешем. Бәйек болып, әрлі-берлі асыға дастарқан жасаған әжем мен анамның қимылына қайранмын. Сап-сары уызды алдыма әкелген. Баланың ісін қарай көріңіз, жозы астында пыр-пырлап жатқан мысыққа аяқпен ішкізіп жатырмын. Әжем кіріп келді. Саптыақтың жартысынан кемін түгескен маған елжірей қарады да жаныма отыра кетті. Мысық ішкен жерден жиіркенсем де аузыма апара қойдым. Өңештен өткен уызды шімірікпестен сау еткізе жұтып жібердім де далаңқайға жүгірдім. Әжемнің есі шықты білем, үйде абыр да сабыр басталып кетті. Менен сескеніп есікке қарата зулаған мысықты көрді де апам бәрін біле қойды.

Әй, қу бала...