Сегіз ғасырлық жәдігер. Кешегі дүйсенбі, мен үшін олжалы болды!
блог
Халықымның осы күнді "бай дүйсенбі" дегені бекер емес...
Кеше қызмет бабыбымен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің орталығы "Алматы музей" үйіне бардым. Кірген бетімде Исабек Нұрамбек тегі деген ақсақал - азаматпен жүздесіп таныстым. Бір кесе шайға шақырды, жайдары жүзді Исакекең әңгімешіл екен, сүйегі Дулат руының Жаныс атасынан тарайды, арғы бабасы Самарқанды билеген Жалаңтөс Баһадүрдің бас уәзірі болған Тоқпан батыр дейді. Екеуінің арасы шамамен 12 - 13 ұрпақ. Орта ғасырдағы теңдесі жоқ сәулет өнерінің басында тұрған Самарқанд қаласының қайталанбас архитектура ансанблін жасаған майталман шеберлердің басы - қасында жүрген Тоқпан батырдың ұрпағымен танысқаным көңіліме қуаныш ұялатты.
Исабек ақсақалда маған риза болғандай, сүйіншілеп, менде сегіз ғасырдың куәсі, көзі тірісінде өзіне қарап салған Шыңғысханның портреті бар деді.Сайыпқыран Шыңғысханның суреті салынған мата жібек сияқты ма, мүмкін бүгінге жасау технологиясы жетпеген жұмбақ мата ма, терең түсінбедім. Ақсақалдың айтуынша әкесі Нұрабек екінші дүниежүзілік (1941 - 1945 ) соғыс жылдары Ленинград пен Мәскеудің арасында жүк таситын көліктің жүргізушісі болып бастаған.
Фашист басқыншылары Ленинградты қоршауға алғанға дейін Кеңес өкіметі көптеген зауыт фабрикаларды, басқа да құнды жәдігерлерді басқа қалаларға эвакуация жасағаны белгілі. Нұрабек ата осы кезеңдегі "қыл көпірден" сан рет өткенін, осының барлығын көзімен көргенін айтып отырады екен. Сол уақытта Мәскеу - Ленинград арасындағы жолдардың екі жағында аштан құлағаны бар, снаряд оғынан өлгені бар, әйтеуір бейкүнә адамдардың мүрдесіне толып кеткенін айтқанда төбе шашың тік тұрады дейді.Тірілері әлсіз қыбырлап, қол жайып сыбырлап бір тілім нан сұрап жүрген мүсәпірлер екен, тіпті жүк таситын көліктің астынан түсіп мерт болып жатқандарыда болыпты.Осындай бір күні Нұрабек жауынгердің көлігінің астына түсердей болып ақ шашты кейуана жолығыпты, үйінен түйіп алып шыққан асыл бұйымдарын бір тілім нанға айырбастаңыз деп жалыныпты, Нұрабек жауынгер жаны ашып жарты бөлке нанын түгел бере салған көрінеді.Риза болған кейуана асыл бұймымен қоса дөңгеленіп ұқыпты құндақталған осы Шыңғысханның портретін ұсыныпты, "азият" екенсің, ұқыптап сақтап еліңе жеткізсең саған пайдасы тиюі мүмкін деп, аманаттағандай ризашылығын білдіріп қала берген екен дейді.
Осылайша сегіз ғасыр жасаған тарихи жәдігер Қазақ еліне жеткен екен. Бұл тарихи қымбат портретті осы күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап келген иесі Исабек Нұрамбек ақсақалға ризашылығымды білдіріп, неге осы еңбегіңізді ақтап, жарыққа шығарып пайдасын көрмедіңіз деген сұрағыма, иә Мәскеу жақтағы таныстарыма айттым, олар өзі Мәскеуге алып келсін деген құлықсыз жауап айтты дейді.
Әрине, Сайыпқырандарымызды санамыздан өшіре алмай жүрген Ресей жағынан бәрін күтуге болады...
Бүгінгі күнде, жер бетіндегі Түркі тектес халықтың барлығы әйгілі Шыңғысханға жақын туыстығын дәлелдей алмай, таласып жатаны белгілі. Егер осы портрет көзі тірісінде салынғаны рас болып шықса, баға жетпес жәдігер екендігінде сөз жоқ.
Мұхиттың ар жағындағы абыз ақсақалымыз Мұхтар Мағауин не айтар екен?
Ал, Ұлан - Батыр мен Баян Өлгий аймағындағы достарым не дейді екен?!
Хабарласыңыздар.
Ақылдасайық...
Автор: Ерлан-Ідіріс Құжиман