Себебі, мен сені жақсы көремін

                                             Себебі, мен сені жақсы көремін

          Осы уақытқа дейін мен сені тыңдап келдім ғой. Енді сен де мені тыңдашы... Өтінішім болсын.

         Маған  «не болса соны көңіліңе ала бересің» дейсің ғой үнемі. Рас. Жаман нәрсе болса,тыяр едім,туысқан! Анамның ақ сүтімен дарыған ақ жүректің көңілі ғой бұл! Сол жүрекке шамаң жетіп тұрса,қанеки! Сен мені жылатып қоя беретінсің. Адам қуанған күндерін тез ұмытады екен де,жылаған күндерін миына сақтап қалады екен. Мені қай күні,не үшін жылатқаның есімде жоқ.Бірақ,сені көргенде тек мені ренжіткен күндерің есіме түседі. Мұнымды кек деп ойлама. Себебі,мен сені жақсы көремін. 

         «Ешкімге сенбе» деп айта бересің. Білмейді ғой дейсің бе?! Жарайды.Тілегіңді қабыл алдым.  Сенім демекші... Маған сенбейтін сияқтысың. Сенші...Менің осыдан шабыт алатынымды сенен артық білетін адам жоқ қой. Мен...мен саған сенем.  Бәрін-бәрін ұмытып,саған сенім артамын. Себебі,мен сені жақсы көремін.

           Екеуміз жақсы тіл табысамыз. Сен маған бәрін айтасың. Мен басымды изеп қана отырамын. Бұл менің өзіндік пікіріім жоқ дегенді білдірмейді. Жәй,мен сені түсінгім келеді. Тырысып жүрмін. Түсіну арқылы,сені сол әлемнен құтқарғым келеді. Себебі,мен сені жақсы көремін.

              Сен үлкен бола тұра жылайсың.  Өтінем,маған жасыңды көрсетпеші...Дәрменсіз екенімді бетіме басасың. Мен түгіл,сен де көз жасының алдында дәрменсіз екеніңді әлі ұқпадың ба? Жылағанмен бәрі орнына келмейтінін білесің ғой өзіңде. Әлде,көз жасыңмен барлық қиындықты жеңем деп ойлайсың ба? Бұрыс ойлап,қателескеніңді қаламаймын. Себебі,мен сені жақсы көремін.

           Жұмыстан өзге әлем бар екенін  тағы бір рет  есіңе салғым келеді. Жұмысыңда болған келеңсіздіктер үшін  жақындарың жауап беруге тиіс емес екенін ұмытапғайсың.Жұмыстағы ашумен келіп,өзгелерді ренжітіп қоятыныңды және ол кешірім сұраумен біте салатын іс емес екенін білші.  Мейлі,сені бір кешірер,екі кешірер,одан кейін сені сол жақының «жақыным» деп қабылдайтынына кепілдік бере алмаймын. Мұны неге айтып отырмын?Саған жақсы болғанынжөн санаймын.Себебі,мен сені жақсы көремін.

             Сен қазір өзіңнің дұрыс емес  іс жасап жүргеніңді айтасың.Түзелгің   келетінін  айтпасаң  да сезем. Бірәқ... шын жүрегіңмен тырыспайсың соған.Сенің қолыңнан бәрі келетін еді ғой.Өзіңді мұнша төмендеткенің қалай? Біліп қой,саған жараспайды. Өз сөзіңді өзіңе қайта айтқым келді. Ақылды болшы...

            Сен кейіііііііііііііііііііін өз қатеңді шынымен үғатын боласың.Мен сол күнді қанша болсын күтем. (Күту дегенді ұнатпайтыным саған аян.Күттіріп қоймассың.) Сол кезде сен менен қазіргі «кешірімдерден»   өзгеше  кешірім сұрайсың. Ол рас.  Мен сені кешірем және қайта қабылдаймын. Себебі, мен сені жақсы көремін, жақыным!



Бөлісу: