Сайыс әділ өтті ме немесе біз қазақпыз!
блог
Елімізде түрлі байқаулар өткізілуде және өзіндік түрлі шарттарымен. Осы сындар әділ өтуде ме әлде "біз қазақпызға" салынып кетуде ме? Осы жайлы толығырақ мәлімет білгім келіп, біршама байқаулардың қатысушыларының пікірін қарадым. Алғашқы нысанамыз «Шабыт» халықаралық жастар фестивалі. Бұл бірнеше жанрды қамтыған байқау. Солардың ішінде бізге керегі «Эстрадалық вокал» номинациясы. Ендеше бұл байқау жайлы кім, не айтады екен?
Бауыржан Исаев: Бұрмалаушылық тоқсаныншы жылдарда болған, қазір де бар және бола береді. Ол бітпейтін дүние. Одан қалса өзіміз қазақпыз. Мен қатысқан жылдары да мұндай жәйттер кездесті. «Азия дауысын» білмеймін, бірақ «Жас қанат», республикалық және облыстық байқауларда оған куә болдым.
Айқын Төлепберген:Әрине халықтың шешімі дұрыс болады. Өйткені біз қазақпыз ғой, кез келген байқауда «анау ананың баласы еді», «мынау мынаның інісі еді» деген әңгімелер жиі болып тұрады. Өзім де кішігірім байқауларда қазылық еткенімде телефоныма тыным болмаған. Әділ болуға тырысып бақтым. Сонда да қазылар алқасына қысым бар. Өзімнің басымнан өткен соң айтып жатырмын. Сонымен қатар байқауға қатысып жатқан азаматтармен қазылардың таныс білістігі болуы мүмкін. Қазылар әділ емес деп айта алмаймын, бірақ халықтың дауыс бергені дұрыс.
Алтынай Жорабаева: Ол бізге анық емес, СМС дауыс беру ашық түрде болу керек. Қалай болып жатқанын кім біледі? Байқауларымызда жемқорлық және «қазақпыз ғой» сөзі басым. Біздің республикалық байқауларда «ананың құдасы», «мынаның әпкесі» дегендер жиі кездесіп тұрады. Ал әділетсіздік болды ашық деп айтатындар өздері әлсіздік танытқан болар. Ұйымдастырушылар айналдырған үш орынды бөліп береді ғой, сол кезде керемет бір әншіні байқамай қалуы мүмкін. Негізі «әділ қазы» деген атты көтеріп отырудың өзі өте үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Медеу Арынбаев: Қай байқау болмасын бұрмалаушылық орын алып жатқанын көріп жүрміз. Өзім қазылар алқасында отырғанымда да жан жақтан «көке, жәке» деген қоңыраулар тыныштық бермейтін. Қазақпыз ғой мақұл деймін де қоямын. Алайда ол қоңыраулар менің баға беруіме ықпал еткен жоқ.
Бақыт Шадаева: «Жас қанаттың» әрине деңгейі біршама түсті. Оның да өз себептері бар. Өйткені жыл сайын таланттар шыға бермейді. Сәл үзіліс жасап өткізген жөн. Соның өзінде да байқау өткізгенде жақсы іріктеу жасау қажет. Және қатысушыларға көмектесу керек. Ал бізде ондай көмек жоқ. Соның есебінен кейінгі кезде ақшасы барлар жұлдыз болып, нағыз таланттар есіктің арғы жағында қалып қоюда. Мұны бәрі біледі деп ойлаймын.
Ерғали Әбдірайымов «Жігіттер» квартетінің продюсері: «Алтын Самұрықтан» ешқандай әділдік көрген жоқпын. Алаяқтардың істеп жүрген ісі ғой. Басында 10әнші қатысып бірі біріне дауыс береді деген. Бізге үш дауыс берілген. Тоқтар мен Бейбітке ешкім дауыс бермеген еді. Оларға біз бердік. Болды жеңдік, «Алтын Самұрықты» алдық деп отырғанда «бір кісілердің» араласуымен алғашқы «Алтын Самұрықтың» жеңімпаздары дауыс беруге құқылы деген заң тез арада шыға қалды. Қарақат пен «Музарт» тобы дауыстарын Тоқтарларға берді. Сонымен үште үш болғанбыз. Енді болды ау дегенде сол кешті жүргізіп жатқан Роза Рымбаева дауыс бере алады деп шықты. Роза апайымыз ұйымдастырушыларға ренжіп қабағын шыта бастағанда, біз ол кісіні халыққа жек көрінішті қылмайық деп, өзіміз жеңісті Тоқтар мен Бейбітке бердік. Көңіліміз қалып қалды. Жанды дауыста да болған жоқ. Байқау деп те айта алмаймын. Өз кезегінде «Алтын Самұрықтың» жеңімпаздары бастаған бір топ әншілер қауымы жеңіске жеткізген Тоқтар мен Бейбітке хабарласқанында мынадай жауап естіген: Біз отбасымызбен ауылға кетіп барамыз, 5-6 күн сонда боламыз. Сондықтан сұрағыңызға жауап бере алмаймыз.
«Азия дауысы» бізге керек!
Кезінде бүкіл Азияны дүрілдеткен, еліміздің мақтанышы болған «Азия дауысы» болды. Бұл халықаралық байқау не үшін тоқтап қалды? Дәрежесі төмендігінен бе, әлде басқа себептер болды ма?
Алтынай Жорабаева : Мен «Азия дауысының» жабылғанына өте қатты өкінем. Қаншама шетелдік (жеті) байқауларға қатыстым. Азия дауысына жететін байқау жоқ. Ол жердің сахнасы, дыбысы, ұйымдастыруы, әділ қазының баға беруі, шетелдік байқауларда бас жүлдені шетке шығармайды өз елінде қалу керек деген ұстанымдары бар бізде ондай емес. Кім лайық сол алады. Қонақтардың аяқтарын жерге тигізбей күтіп алады. Тіпті бір шетелдік байқауға барғанымда австралиялық әріптестерім «Азия дауысының» жабылуы өте өкінішті деген пікірлерін білдіріп жатты.
Маржан Арапбаева :Қазақ елін әлемге өнер жағынан танытқан, кезінде дүрілдеп өткен ол әрине «Азия дауысы». Өкінішке орай қазір жабылып қалып өткізіліп жатқан жоқ. Қай шетелдік байқауға бармайық, Қазақстаннан келдік дегенде, «ооо медеу, азия дауысы» деп танып жататын.
Бауыржан Исаев: «Жас қанат» қана қалды ғой қазір. Кезінде «Азия дауысы» кәдімгідей мереке еді бәрімізге. Өзімнің басымнан өткеннен кейін айтып жатырмын. Негізі осы секілді байқаулар керек дүние. Біріншіден біз әлемді танимыз, екіншіден осы байқаулар арқылы әлем бізді таниды. Демеушілердің болмауынан «Азия дауысы» өшіп қалды. Қаражатсыз ондай үлкен мерекені, байқауды өткізу өте қиын. Менің мектебімнің, менің бастауымның тұсаукесері сол «Жас қанат» пен «Азия дауысынан» басталды ғой.еңгейі өте жоғары болды.
«Азия дауысының» жабылып қалуы тек қаржыға байланысты болды ма? Осы сұрақтармен «Азия дауысының» және еліміздегі көптеген байқаулардың әкесі Мұрат Ерғалиев мырзаға хабарласқан болатын. Ол кісінің жауабы былай болды: Мен бұл тақырыпта сұхбат бермеймін.Ескі жараның аузын қайта тырнағым келмейді.
Осылай біздің атышулы байқаулар өткізілген, бірі жалғасын тапса, енді бірі белгісіз себептермен жабылып та қалған. Әркім әрқалай пікір айтады, бұл тек біздің жұлдыздарымыздың аз ғана айтары... Қорытындысы сізден болмақ, оқырмандар?!