"Сайранда" ойран

"Сайранда" ойран. Бүгін қалаларық автобекетте жүргізушілер жұлынды. Наразы топ вокзал басшылығының бұдан былай билет тек кассада сатылады деген талабына қарсы. Ұлардай шулап жүрген тек Оңтүстік бағытта жолаушы тасымалымен айналысатын автобус жүргізушілері ғана. Наразы топ бекет басшылығы енгізген жаңа талапқа қарсы. Енді бұдан былай кез-келген бағытқа шығатын жолаушы билетті міндетті түрде кассадан сатып алуы керек. Ескертетін жайт, жаңа жүйені бүгін қолданысқа енгізген вокзал басшылары бірден жол құнын екі есеге қымбаттатып үлгерген.

Жылдар бойы жолаушылардан жол ақысын автобус жүргізушілері өздері қолма қол жиып, қалталарына басып келді. Есесіне, қауіпсіздік шаралары сақталмады. Күн түні ұйықтамаған жүргізушілер жолаушыға таласып, жолға қайта шықты. Салдарынан тас жолда талай тағдыр талқандалды. Алайда, адамнан ақша қымбат заман. Жаңа ереже бойынша автобусқа билетсіз отырған жолаушы анықталса автобус иелеріне 18 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Бұған қоса, қол жүкке де қосымша ақша төлеу қажет. Бұл жолаушылар ызасын тудыруда..  Ашынған халықтың ашуы басылмай тұр. Жеп отырған жалғыз нандарынан айырып отырған басшылыққа наразы. Ал, сұраққа жауап берер әкімшілік қызметкерлері орнынан табылмады.  Жолаушылар мен жүргізушілер бекет басшыларын бірнеше сағат күтті. Бірақ, не басшы не қосшы қарасын көрсетпеді. Ондағылар "айтқаныма көнесің, көнбесең тентіреп кетесің" деген саясатты ұстанғандай...



Бөлісу: