"Ұлағатты Ұрпақ" қоғамдық қоры "ЭКСПО-2017" Халықаралық көрмесіне саяхат ұйымдастырды

«Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Алматы облысы Райымбек ауданынан 51 адам 1 600 шақырым жерді артқа тастап, Елордасы Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне саяхаттап қайтты. Қоғамдық қор атынан ЭКСПО-ға жолдама озат оқушыларға, үздік ұстаздарға, Мұқағали оқуларының ерекше көзге түскен қатысушыларына, ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосып жүрген ақ жаулықты әжелерге, ауыл жастарын ИМАН-ға ұйыстырып жүрген мешіт жамағатына, ауыл емханасы мен әкімшілігінің және өзге де саланың үздік мамандарына берілген болатын.

 Жолдаманың ішінде жол ақысы, жататын орындары мен ас-ауқаттары, «ЭКСПО-2017» көрмесіне кіру билеті, Астананың көрікті жерлерін аралау саяхаты  қарастырылған. Естеріңізге сала кетсек, «Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық қоры 6 жылдан бері озат оқушылар мен ұстаздарға Астана қаласын аралау саяхатын ұйымдастырып келеді. Бұл игі бастама биылғы жылы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне тұспа-тұс келіп отыр. Ал елімізде болып жатқан осындай айтулы оқиғаны шалғайда жатқан ауыл жастарының өз көзімен көріп, бағасын бергені маңызды. Елімізде толықтай қоғамдық қор қаражатынан қарастырылған мұндай шара бұрын-соңды болмаған. «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының осы игі бастаманы қолға алуының басты мақсаты жастарға Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктерін таныстыру, таным көкжиегін кеңейту, ИМАНҒА жетелеу, адамгершілікке, рухани жаңғыруға шақыру, береке мен бірлікке баулу, өз мүмкіндіктерімен қол жеткізген жетістіктерін ынталандыру, бауырмалдылыққа, туған жерге тағзым етіп, елінің іргесін берік қалайтын патриоты болуға дәріптеу.

 Қоғамдық қор ұйымдастырған саяхаттың алғашқы күнінде ЭКСПО көрмесін аралап, елімізде болып жатқан айтулы оқиғаның куәгері болды. Әлем деңгейінде ұйымдастырылып жатқан көрменің берері мол. Өйткені әлемнің түкпір-түкпірінен келген технологияларды көзбен көріп қана қоймай, олардың жұмыс істеу тәсілін қолмен ұстап байқауға, үйренуге толық жағдай жасалған. Сонымен қатар өзге елдердің мәдениеті мен салт-дәстүрін жете тануға да мүмкіндік мол. Әсіресе Ұлттық павильон «Нұрлы әлем» шары ерекше әсер қалдырды. Ұлттық павильонның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергия тақырыптарына арналған. Қазақстанның тарихы, мәдениеті, жеткен жетістігі мен болашағы көрмеде анық көрсетілген.

 «Болашақтың энергиясы» - жаһандық дамудың жаңа белестерін қалыптастыратын өндіріс орындарының жобасын тамашалаған ауылдастарымыз ерекше әсер алғандарын жеткізді. Өйткені сарқылмайтын энергия көздеріне жататын күн сәулесі, жел, жер асты сулары арқылы мол энергия алу болашақтың маңызды тақырыбына айналмақ.

Астанаға арнайы жолдамамен келген Сарыбастау ауылының «Ақкер» әжелер ансамбльі көрменің көркін қыздырды. ЭКСПО төрінде халық әндерін шырқап, көрмені тамашалауға келген қонақтардың қошеметіне бөленді. Шетелден Астана қаласына ағылып келген туристердің өзі әжелердің қоңыр үнін ұйып тыңдап, көпке дейін жібермей сұхбаттасып ұзақ тұрды. Әр мемлекеттен келген көрме ұйымдастырушылары әжелерімізді өз павильондарына қонаққа шақырып, сыйлықпен шығарып салды. Осындай ерекше көңіл-күй сыйлаған әжелерімізге: «ЭКСПО – әжелерді таң қалдыра ма десек, ӘЖЕЛЕР ЭКСПО-ны таң-тамаша етті», - деп  бағасын беріп жатты.

 ЭКСПО көрмесін аралаған шәкірттер де ерекше бақытты. Өйткені олар «күнделікті сабақта өтіп жүрген дүниелерімізді өз көзімізбен көріп, көңілімізге түйіп алдық» дейді. Ұстаздар да шәкіртерінің жанында жүріп, оқушыларға көрмедегі жаңа технологияларды түсіндіріп бірге аралады. Көрмеден шыққаннан кейінгі көңіл-күйді айтып жеткізу мүмкін емес. Аудан оқушылары көрмеге арнап ән шырқады, бірі жүрек түбінен шыққан өлеңін арнады, енді бірі қолына қалам алып әсерімен бөлісті, енді біреулері болашақта спорттан үлкен жетістіктерге жетіп Қазақстанның атын асқақтатуға уәде берді.

«Еуразия» бірінші арнасы Райымбек ауданынан «ЭКСПО - 2017» көрмесін тамашалауға келген қонақтар жайлы сюжет түсірді. Ал еліміздің басты радиосы, қазақтың үніне айналған «Қазақ радиосы» қоғамдық қор мүшелері мен көрмеге жолдама алған қонақтарды таңғы эфирге шақырып, керемет сұхбат жүргізді.

 Алыстан ат терлетіп келген жаны жайсаң, жүрегі кең ауылдастарымыз келесі күні Астананың көрікті орындарын аралап, «Жастар» театрының керемет қойылымын тамашалады. «Ұлттық мұражайда» жүріп, қазақ халқының көне тарихынан бастап, қазіргі кезге дейінгі тарихы жайлы мол мағлұмат алды. Ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз жайлы кеңінен танысты. Біз ұмытып бара жатқан тұрмыстық заттарымыздың шығу тарихын, олардың қандай мақсатта қолданылғанын, қандай қызмет атқарғанын біліп қайтты. Ұлттық мұражай қызметкерлері де ақ кимешекті әжелерді көріп, ән салып берулерін қолқалады. Тіпті, қазақ мәдениетімен танысу үшін «Ұлттық мұражайға» арнайы келген шетелдік қонақтар осындай көрініске куә болғандарына риза екендіктерін айтып, қазақтың бай мәдениетіне сүйсінді.

Одан кейін ауылдастарымыз Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары мен «Қазақ елі» монументі сынды айбынды нысандармен іргелес орналасқан Әзірет Сұлтан мешітіне табан тіреді. Әзірет Сұлтан мешіті – Қазақстан бойынша ең үлкен күмбезді мешіт болып саналады. Ауылдастарымыз АЛЛАНың үйінде намаз оқып, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тілеп дұға етіп, ата-баба әруағына құран бағыштады.Астананың символына айналған «Бәйтерек» монументін, «Ханшатыр» ойын-сауық орталығын, Бейбітшілік және келісім сарайын аралап қайтты. Ерке Есілдің жағасына келіп ерекше әсерге бөленді.

 Ауылдастарымыз Астананың өзгеше күйге еніп өзгергенін тілге тиек етіп, мақтанышпен айтып жүрді. Мың рет естігеннен, бір рет көргеннің артық екеніне көз жеткізді.Ерекше жолдама алып, Қазақстанның жүрегі – Астананың төріне келіп, айтулы шараны өз көздерімен көрген аудан тұрғындары «Ұлағатты Ұрпақ» қоғамдық қорына зор алғыстарын жеткізді.

«Сапарда жүрген кісінің дұғасы қабыл болады» дейді, ауылдастарымыз «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінен мол азық, рухани байлық, жаңаша шабыт алып, Сарыарқаның төсінен Шоқтығы биік Алатаудың етегіне аман-есен оралды. 

Бұл игі іс - теңізге тамған тамшыдай болса да тағылымы мол, тәрбиесі зор бастама. «Астана сапары арқылы әр ұстаз, әр оқушы, әрбір азамат кішкентай болса да өзіне рухани азық, өзгеше көзқарас, жүректеріне иман ұялатса, және «жұмыла көтерген жүк жеңіл» ұранын берік ұстанып, бір-біріне қамқорлық танытуды, өзгелерге үлгі болуды насихаттаса қоғамдық қордың мақсаты толық орындалды деп есептейміз», - дейді қор басшылары.

Халқымызды осындай игі бастамаға ұйыстырып, иманмен ауызбіршілікке тәрбиелесек еліміздің іргесі кең, шаңырағы биік болмақ. Және әрбір азамат өзінің қасиетті борышын сезініп, айналасындағы адамдарға мейіріммен қарап, мол сауапқа кенелер еді. Әр ісімізге АЛЛА жақсылығын берсін!

Маржан СӘБЕТ

Суреттерді түсірген: Бекзат Асылхан

 



Бөлісу: