Түркия жайлы 4 жағымды, 4 жағымсыз дерек

Түркия жайлы 4 жағымды, 4 жағымсыз дерек
жеке
блог

Ақыры Түркияға жолыңыз түскен екен сізге түрік халқы жайлы сөзсіз білуге тиіс 4 жағымды, 4 жағымсыз мағлұмат ұсынамыз. Бүгін ертең бармасаңыз да, біліп жүруге қажет ақпарат деп ойлаймын. Сонымен бастайық...

1. Түбіміз бір түркі болғанменен, Түркия халқы барынша еуропаланған халық. Жо-жоқ, айтып отырғаным Еуропаның бет шымшытар берекесіз қылықтарымен емес. Таза Еуропа мәдениеті. Дәлірек, адекваттылығы. Оны кептелістегі қарапайым көлікте келе жатқан жүргізушіден де, көшеде абайсызда сіз қағып кеткен адамның мінез-құлқынан да байқауға болады. Ал жәрдем беруге дайын болып тұратындар тағы бар. Қала көшелерінде діттеген жеріңізді таба алмай қиналып, қала тұрғындарың көмегіне сүйенсеңіз, сізге қуана-қуана көмектесуге әзір. Тіпті сізді ертіп, барар жеріңізге апарып тастайтындар да табылады.

2. Халықтың киіну үлгісі тіптен басқаша. Өте қарапайым десек те болады. Қарапайым болса да жарасымды-ақ киінеді.Кезінде біздің өлкедегі 2000–ыншы жылдарда сәнге айналған кең балақты қалапай сымды киген жастарды қала көшелерінен оңай кездестіресіз. Яғни, барша жастарда сән қуалау әдеті жоқтың қасы. Ең бастысы сапалы болса болғаны. Шүберектің сәніне аса қатты мән бермейтіндігі бір көргеннен аңғарылып тұрады. Тағы бір тілге тиек етер жайт, қыздарының ашық-шашық киінбейтіндігі мен етек жеңін жинап киіп, еркек назарын да беймаза аудармайтындығы.

3. Өте гуманист, және позитивті халық. Дос болуға әрқашан құшағын ашып тұратыны бір бөлек, жарлыға не болмаса жетім-жесірге жардем беруге өте ықтияжды. Түркия ішінде, болмаса Мұсылман елдерінде зіл-зала, қайғылы апаттар орын алған жағдайда жоғары билікті былай қойғанда, жастар өздері жиналып, қолдарынан келгенше көмектесіп, қазаға ұшыраған халықпен бірге аза тұтып, қайғысына ортақтасады. Тіпті алыс шетелдегі Африканың азықсыз қалған тұрғындары үшін жәрдем жинап, жәрмеңке ұйымдастырып, жанталасып жататынын көресіз.

4. Жастардың Тұраншылдығы. Әрине, бәрі болмаса да, жастардың көбінің Түркі десе шығар жаны бөлек. Бәріміз бір түркіміз, туыспыз, бауырмыз, біздің түбіміз бір, бабамыз бір деп іші жылып тұратыны шындық. Шама шарқынша жәрдем беріп, жайдарлылық танытатыны тағы бар. Тіпті өз қалауымен қазақша үйреніп, қазақ мәдениетіне, әдет-ғұрпына шынайы қызығатын жастарды да кездестіресіз.                                                   

Ал енді халықтың жағымсыз жағына да кезек берсек.

1. Түрік халқы өте фанатшыл келеді. Әсіресе, спорт ойындарына оның ішінде футболға аса қатты жанкүйерлік танытатыны анық. Халықтың шамадан тыс қызуқандылығы тіпті футбол ойындары болған күні қарсылас екі команда жанкүйерлерінің қақтығысына әкеп соғады. Тіпті іс насырға шапқан жағдайда, топталған жанкүйерлер тобыр болып бір-біріне шауып, нәтиежесінде кісі өлімі де орын алып жатады.

Көбіне Фенербахче, Галатасарай атты командаларының жанкүйерлері болып екіге бөлінген халық тіпті Стамбул аудандарын екіге жіктеп, әр аудан көшелеріне команда байрақтарын іліп, киген киіміне де сол команда байрағын бедерлеп алып топ болып қала көшелерімен ұрандап жүріп өтетінін байқау қиын емес.

2. Әлбетте, қорқордың (кальян) отаны Түркия екенін бәріміз білеміз. Бірақ қорқордан бөлек Түрік халқы темекіні де көп тұтынушы елдер қатарында алдыңғы орындарда тұр. Бұлай алдыңғы орынға шығуының себебі, халықтың жаппай табак өнімдерін пайдалануы. Темекіні жігіттер түгілі қыздар да еш қымсынбастан шегіп тұрады. Ол ол ма, хиджаб киіп, оранып алған қыздардың қолынан темекі көргенде еріксіз басыңызды шайқайсыз. Жастар былай тұрсын, көшеде 50-60-ты алқымдап қалған ата әжелердің темекісін түтіндетіп тұрағанын көрсеңіз, жағаңызды ұстамай-ақ қойыңыз. Халықтың, әсіресе жастардың бұлай шылымды көп шегетінінің себебі, темекі ұғымы түріктер үшін біздегідей аса ауыр ұғым емес. Сол себепті де қалаған кәмелеттік жасқа толған өспірім, еш қымсынбастан, еркін темекі шегуіне, отбасы, мектеп, университет тарабынанда еш шектеу, тыйым болмайды. Тіпті бұл жағдай соңғы кезде үкімет назарына да түсіп, темекі халыққы тез қол жетімді болмас үшін, табак өнімдерінің бағаларын удай қымбаттатып жіберуі де халықтың шылымқорлығына аса қатты тосқауыл бола алмады. Салыстырмалы түрде алғанда, темекі қорабының бағасы бізден 6-7 есеге қымбат.

3. Ежелден-ақ тұтас Түркі мемлекеті болып, әдет-ғұрпымыз бір болса да, осы күндері бұл Осман халқының салт-дәстүрі бізден өзгешелеу кеткеніне куә болдық. Олай айту себебім: түріктерде ағайындылардың балаларының үйленуіне ешқандай тыйым жоқ. Тіпті ағалы-інілілердің ұл қызы да үйленіп, үй болып жататын көрінеді. Және де үйлену тойы қанша түрік салтына сай өтсе де, кей ғұрыптарының еуропаланғаны, яғни, күйеу жігітке қызды әкесі жетектеп апаратындығы және де сол сипаттағы еуропа үрдістері толып артылады.

4. Бұл бөлікті ортақ көзқарастан алғанда жағымсыз деп те қарауға болмайды. Алайда қазақ халқы үшін, мұның сөзсіз ерсі көрінеті үшін осы 4-тікке қосқан жайым бар. Ал енді айтуға мұрсат берсеңіз. Әр түрік отбасында матриархаттық жүйе басымдау. Отағасынан гөрі отанасының сөзі отбасында өтімді келеді. Еуропалағанының тағы бір белгісі осы, отбасында бар жұмыс ортақ жасалады. Кір жуудан бастап, үй тазалығы, бақша жұмысы, кешкі аспен қосқанда барлығы отбасында теңдей үлеспен орындалады. Бұл бір бөлек тіпті біздегі жігіттердің тарабынан айтылатын «әйел алу» деп айтылатын сөз ол жақта, сенсеңіз де сенбесеңіз де қыздар тарабынан айтылады. Құлағыңызға түрпідей тиюі мүмкін, бірақ «күйеу алу» деп қолданылады. Яғни, қыз жігітті таңдап, қыз жігітті «алады». Бұлай болуының себебі, халық үлесі бойынша қыздар саны жігіттерден сәл аздау болуында. Сол себепті де, қыздың сүйіктісі болуға келісімін алған жігіт, сол қыздан «айырылып» қалмау үшін жан таласатыны анық... Көптеген түрік жігіттердің басқа ұлттан қыз алып, үйленетінінің себебі де осыдан.

Қорыта келгенде, жағымды жағымсыз деп бөлінген бұл мағлұматтар жалпы бір адамның, яғни, автордың көзімен, көзқарасымен жазылған ой. Және нақты бір аргументтерге сүйеніп жазылғанын жасырмаймыз. Қанша жағымды, жағымсыз деп бөлінгенмен түрік халқының тектілігі, отансүйгіштіні, тұрансүйгіштігі қуантады.

Ықылас ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ