«Сәлем сізге Ақтөбе қаласынан!»

«Сәлем сізге Ақтөбе қаласынан!»
жеке
блог

Жаңа жылда жол түсіп батыс аймақтағы бас қалалардың бірі Ақтөбе қаласында болып қайттық. Қала халқы бұл кезде жылқы жылын ұзатып салып, қой жылына қадам басып жатқан болатын. Фотоаппаратымызды қолға алып, әсем қаланың әдемі көріністерін таспаға тарттық. Төмендегі суреттерден қаланың жаңажылдық көңіл-күйден әлі толық айығып үлгермегені анық байқалады.

Мassaget.kz сайты Ақтөбе қаласы туралы бұдан бұрын да жазған болатын. Ол жазбада қаланың тыныс-тіршілігі туралы толығырақ айтылып өтті. Біз бүгін «ақын жанарындағы Ақтөбе» туралы сыр шертуді жөн көрдік. Ақтөбе қаласы туралы Ертай Ашықбаевтай жырлаған ақын жоқ. Өзін "Мен Ақтөбе өлкесінің өзені" деп таныстырған Ертай ақын туған қаласы туралы талмай қалам тербеді. 

Фоторепортаж жасау барысында вокзалдан бастау алып, қала шетіне дейін созылып жатқан Әбілқайыр хан даңғылын бойлай жүрдік. Бұл көшеде Ақтөбе қаласы әкімдігінің ғимараты орналасқан. 

Әкімшілік ғимараты алдында Әбілқайыр хан ескерткіші тұрғызылған. Жаңа жыл қарсаңында ескерткішке қарама-қарсы бағытта алып шырша бой көтерген екен. Жалпы қала көшелерінен жаңажылдық безендірулерді көптеп кездестіре аламыз. 

Қаһарлы қаңтар айы болса да ауа-райы аса суық емес. Расында да Ақтөбедегі қаңтардан мейірімділік самалы есетіндей.

«Алабөтен мейрімді екен бұл қаңтар,
Қалай ырза болмайсыз?
Көптен бері жалаңаш қап тұрған тал,
О, енді сіз тоңбайсыз!»
© Ертай Ашықбаев. «Қаңтар. Мейірім».

Кешке қарай күн суытып, қар ұшқындай бастады. Алайда Ертай ақын жырлаған "боранмен" кезде алмадық.

«Ақтөбеден басқа жақта жоқ боран,
Соққан сайын көп дірілдеп, көп тоңам».
© Ертай Ашықбаев. «Боран»

Бұл жерде Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филормония орналасқан. 

Филормония алдында Ғазиза Жұбанованың әкесі, қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың ескеркіші тұрғызылған.

Жаңа жыл жақындаса жұрттан бұрын жас балалар қуанары анық. Қолына жаңажылдық сыйлық ұстаған балалардың көңіл-күй көтеріңкі көренеді.

«Алақай, бүгін Жаңа жыл келеді,
Жаңа жылды күтетін түн келеді».
Жұрттың бәрі біртүрлі қуанышты,
Кеуделерін осы ой кеп үрлегелі».
© Бауыржан Бабажанұлы. «Жаңа жыл түні».

«Біз – жүрген көп қызықты қалғып еміп,
ылғи бір апайтөстеу тұрғын едік.
Мөлдір шуақ әлгінде Ақтөбеге,
Ешкімнен рұқсатсыз кірді келіп».
© Ертай Ашықбаев. «Мөлдір шуақ».

Иә, бір "мөлдір шуақ" қаланы кезіп жүргендей. Қаланың таза ауасы бойды сергітіп, көңілге өзгеше сезім сыйлайды.

«Бір қыз бар Ақтөбеде, аты - Көктем,
Қалқамның көркем еді нәті неткен!
Бірақ та әкесінің түсі суық,
Қыс деген - аты да өктем, заты да өктем».
© Бауыржан Бабажанұлы. «Қызкүткен».

Ақтөбедегі "көктем-қызды" көру бақыты бұйырмаса да, оның "аты да, заты да өктем, түсі суық әкесімен" жүздесіп қайттық.

«Себепсіз талдан таяқ таянбадым.
Кеземін тас көшесін Ақтөбенің,
Тіршіліктің татамын аян дәмін».
© Ертай Ашықбаев. «Таң келерде».

 "Металлург" мәдениет үйінің алдындағы ойын алаңында бір топ бала асыр салып жүр. Ойынның қызығына батқан жас балалар әкесінің қамқорлығын да қажетсінбейтін секілді. "Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада" деген осы шығар, бәлкім.

Көшедегі көгершіндерге тамақ беріп жатқан мынау мейірімді жандарға қарап тұрып, "сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар!" (© Есей Жеңісұлы) дегің келіп кетеді.

«Ақтөбе деген дәу қала,
Емес бұл пікір ұшқары.
Көптеген құстар жүр, әне,
құмдақ аулада - 
Біздің қаланың құстары».
© Ертай Ашықбаев. «Біздің құстар».

Диалектіге дау айтпайық. Ия, бұл жақта дөңгелекті «доңғалақ» деп атайды. 

 Тәуелсіздік күнінен қалған бір белгі. Қала көшелерінде дәл осындай жазбаларды көптеп кездестіре аласыз.

«Ақтөбе - дарқан аймақ бұл,
Көңілім менің мәз-ақ тым.
Жүр, әне, біздің қазақ тілінде сайрап кіл,
Құстары біздің қазақтың».
© Ертай Ашықбаев. «Біздің құстар».

«Бұл қала – біздің қала, сіздің қала,
Қараған кезге куә қызға ұрлана.
Лебі бар дерт боп жеткен сыздың дара –
Күмілжіп келді қанша Көктем байғұс,
Күреңсіп енді қанша Күз бұлдана.
Сонда да... біздің қала, біздің қала –
Жауырды жаба тоқып, тізгінді ала...
Жақтасты қисыққа да, қызғанға да,
Шығады кеудесінен ізгі үн ғана».
© Ертай Ашықбаев. «Біздің қала».

Ақтөбе облыстық сотының алдында халық ақыны, айтыскер әрі жыршы Нұрпейіс Байғаниннің ескерткіші тұрғызылған.

«Жүрген шығар сағымға еріп жүзіп қыр,
Қыр дегенің үзбе бақыт, үзік нұр.
...Қызық мына Ақтөбенің көшесі,
Ақтөбенің аспаны да қызық бір».
© Ертай Ашықбаев. «Бұрынғы тракторшы».

Оқушылар сарайы.

«Үсті-үстіне жалпылдап жауады қар –
Аш асфалтьқа аспанан ауады нәр.
Көкірегімнің тап-таза ауа құмар,
Дуалы қар, көп алғыс-сауабын ал.
...Қалай-қалай жалпылдап жауады қар?!»
© Ертай Ашықбаев. «Жауады қар».

Қазақ футбол жанкүйерлері туралы әңгіме болса, ақтөбелік жанкүйерлердің аты ерекше аталады. Ақтөбелік ағайынның футболға деген қолдау-құрметі өзге де ел клубтарының жанкүйерлеріне үлгі болардай. 

Міне, мынау Қобыланды батыр атындағы Орталық Стадион. Бұл жерде «Ақтөбе» клубы талай қуанышты һәм өкінішті сәттерді бастан өткерді.

Кезінде «Ақтөбе-Ленто» командасы «Алматыны» 3-0 есебімен жеңген кезде Ертай ақын:
«Шалқып жатыр Ақтөбенің шаттығы,
Қатар еміп талғаулы мен тәттіні,
Осындай ма, бақыт дәмі, бақ құны?», - деп жырлаған екен.

Әлия Молдағұлова, Марат Оспанов секілді белгілі адамдарды туған топырақ өз асылдарын құрметтеуде де көш ілгері.

Ақтөбенің түнін де тамашаладық. Ертай ақын айтпақшы, көшеге көз тігіп тұрып «Түн деген де – түн емес, нұрлы жарық» («Нұрлы әлем») дегендей боласың.

«Мына боран жарып өтіп маңдайды,
Күні бойы уілдейді, зарлайды.
Мына боран, мына боран неліктен,
Ақтөбеден басқа жаққа бармайды?»
© Ертай Ашықбаев. «Боран».

«Шіркін, біздің Ақтөбенің түндері!
Жай ұшады судыр-судыр қанаттар,
Майсады шәйі көйлек бүрмелі.
Майсады шәйі көйлек бүрмелі.
Шолпан жұлдыз, о, телміріп тұрады –
Ол-дағы бір адал көңіл құрбы еді,
Егілмесін, төгілмесін, жүр бері.
Уанады барша көңіл бұл жақта,
Уа, бұл жақта өте тәтті мұң лебі.
...Ұқтыңыз ба, маған неге қадірлі
Ақтөбенің үндемейтін түндері?!»
© Ертай Ашықбаев. «Түн».

«Ай-хай, дүние, сайран самал соғады,
Тоқ шаңырақ, құт ірге.
Ақтөбені көрмегендер көп әлі.
Келдің.
Көрдің.
Шүкір ме?"
© Ертай Ашықбаев. «Несібе».

«Уа, көрдіңіз! Жайдары жұрт, кішік ел,
Көркем әлем, көк арай!
Талай-талай ақылы мол кісілер
Ақтөбені сағынбайды,
...О, қалай?»
© Ертай Ашықбаев. «Несібе».

«Ақтөбенің Алматыдан несі кем,
Астанадан немесе?..
Түсіндіріп берер едім, кешігем,
Өзің айтшы, жеңеше.
 
Ұқтырар ем, жол күтіп тұр, кешігем,
Алматыға асықтым.
Алматыда, уай, менің артық еді несібем,
Бірақ ылғи Ақтөбеге ғашықпын».
© Ертай Ашықбаев. «Несібе».

«Ақтөбеде сайран самал соғады,
Күледі Күн, толады Ай.
Ақтөбені көрмегендер көп әлі,
...Обал-ай!»
© Ертай Ашықбаев. «Несібе».
 
 
«Ақтөбенің маңына жиылғалы
оралады қаздарым қиырдағы,
солай болған, сөйтеді биыл-дағы.
Ескіреді қаңтардың көп жарлығы,
шаршайды ақпанның да тыйымдары».
© Ертай Ашықбаев. «Ақпан».

«Менің қалам – мендей пәк тұнба ғалам,
Қажет пе – жылай алам, бұлдана алам!
Бұл қаланы қиямын кімге ғана,
Қайдан ағана кетемін бұл қаладан?!»
© Ертай Ашықбаев. «Менің қалам».

P.S. «...Ақтөбенің шаттығын үзбегей күн» © Ертай Ашықбаев. «Алматы – Ақтөбе».

Сурет: ©Мassaget.kz