2016 жылдың мамыр айының басында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінің ұйымдастыруымен «Шымкент – тұрақты қала даму жолында: медиа-ақпараттық сауатты тұрғындар» атты халықаралық мобильдік медиа мектебі өткізілген болатын. Медиа мектеп жылдың әр маусымында әр түрлі жерлерде өтетіндіктен, осы жолы Шымкент - Арыстанбаб - Түркістан - Домалақ Ана - Ақмешіт бағытында өту жоспарланды.
Аталмыш медиа шараның арқасында мен өзім Қазақстанның оңтүстік аймағына бірінші рет бардым. Елдің ойға қонымсыз пікірлеріне қарамастан, әсерім керемет!
Жалпы бала кезімнен «Чимкентский вариант», «южаны» және т.б. қажетті емес сөздерді жиі еститінмін. Тіпті, оқуға түсіп, жатақханаға орналасқанда да өзге достарым Шымкенттіктерден қашып, солармен дос болмаудың амалын іздейтін. Мен өзім Қарағандының жігітімін. Бала кезден адамдарды руға, ұлтқа, тұрғылықты туып-өскен мекеніне қарай бөлгенді жаман жек көретінмін. Сол себепті ма, менде ондай болмапты. Құдайға шүкір! Қазір жатақханада Шымкенттің қазақша тәрбие көрген жігітімен тұрамын.
Медиа мектеп кезінде «осы Шымкенттің айқын бейнесі қандай екен?», «осы Шымқала ел айтқандай «варианттарымен жүретін» өңір ма?» деп сырттай бақылай бастадым. Бірақ барлығы мен ойлағаннан да екі есе әсерлі, мықты болып шықты.
Шымкенттіктердің бізді күтіп алуы, тамақтандыруы, жағдай жасауы – ӨТЕ ЖОҒАРЫ деңгейде болды. Риза болғаным сонша, мен осы қалада тұрғым келіп кетті. Көшедегі адамдардың бір-бірімен деген қатынасы, тек қазақша сөйлесуі, сыйластығы мені таңғалдырды.
Шымкентте барлық дерлік көше, дүкен, ойын-сауық орталықтарының атаулары қазақша жазылған. Көшеде қазақ тілінде жазылған мотивациялық баннерлер де жетерлік. Шымкентте жүріп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екенін айқын сезінесің. Бір ғана мысал болсын: еліміздің мен болған қалаларындағы ойын-сауық, аттракциондар парктерінде міндетті түрде не шетел, не орыстың әндері әуелеп тұрады. Ал Шымкентте ше?! Шымкенттің аттракциондар паркінде ТЕК ҚАЗАҚША ән шырқалады. Ол – Шәмші әндері, ол – қазіргі заманауи қазақша әндер. Осыған қарап, қалай ғана сүйсінбейсің?! Қалай ғана жамандарсың?! Атақты әзілсықақшы Тұрсынбек Қабатов «южандарды - үй, жандарым деп айту керек деп» дұрыс атаған.
Бәрі дерлік «Чимкентский вариант» деп көп айтады. Оның не мағына беретінін де білмейді. Ол не мағына береді? Қазақ елінде қазақ тілінің мәртебесінің жоғары тұрғаны, қазақ тілінің жоғарғы деңгейде ұлықталуы, міне осы - Чимкентский вариант, осы нағыз - басқа қалаларға үлгі боларлық «Шымкенттік нұсқа әрі нұсқау.»
«Адамға өмір бір рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» Н.Ә.Назарбаев
Осы менің жазбамды оқыған әрбір жан ойына бір дүние болса да түйеді деген ойдамын. Жазбам ұнап жатса, пікір қалдыруларыңызды сұраймын. Мен үшін ол өте маңызды.