Өміріңде бір көруге тұрарлық 5 жер

Жазғы демалыс, қысқы мейрамдар жақындай келе барлығымыз да бір бұрын көрмеген алайда әрқашан баруға құмартқан елдерге жолдама іздей бастаймыз. Барармыз не бармаспыз,бәрібір, сол жерге барсам қалай болар еді деп жоспарлаудың өзі қандай ғанибет! Мен де сондай адамдардың қатарындамын. Жаным саяхаттауға әрқашан құмартып тұрады.  Және де жыл сайын бір рет болса да,өз елімнің шекарасын асып, басқа елдерді көруге тырысамын. Үнемі, осы жылы қайда барсам екен, қандай жерде ең есте қаларлық  көріністер бар екен деген оймен ғаламторды ақтаруда боламын. Сондықтан да , сол еңбегімнің қорытындысы ретінде өзімнің таңдаған “ Өміріңде бір көруге тұрарлық” деген 5 жер туралы сіздерге баяндасам деймін. Бұл жерде көрінісі көз сүйіндірер керемет табиғаты бар жерлермен қатар тарихтың сонау көне жәдігерлері жинақталған, және де сан түрлі жануарлардың мекені болған аймақтар да тізілген.

Ең бірінші ел - өз бойына әлемнің ең заманауи технологияларын біріктіре отырып, өз табиғат тазалығын сақтап қалған Жапония елі. Бұл күншығыс елінде сан түрлі таңқаларлық көрікті жерлер бар. Көрсе көздің жауын алар Сагано бамбук орманы, жыл сайын фестиваль өткізілетін Шибазакура мүкі алқабы мен Кавати Фудзи саябағы Жапонияға келген барлық саяхатшылардың сүйікті жеріне айналған. Сонымен қатар, Жапония елі өзінің ғибадатханаларымен танымал. Осындай ғибадатханаларының бірінен Фудзияма тауына деген керемет көрініс ашылады. Бұл ғибадатханаға көтерілу үшін 400 баспалдақтан өту қажет.  Бұған қоса жапондықтардың ерекше ұлттық тағамдары тіл үйіреді. Және де айтпаса болмайтын, бар әлемге танымал сакураның гүлдеу кезеңінде Жапония елін тамашалау әркім үшін бірден-бір естен кетпес көрініс болар.

Екінші елді мекен - көне Мысыр елі. Мысыр елі - өзінің бай тарихы мен мәдениетімен танымал мемлекет.  Бұл елге саяхат жасай отырып  “Әлемнің жеті кереметінің" қатарына жататын Хеопс пирамидаларын көру мүмкіндігі туады. Тарихтың көне жәдігерлерімен қатар, дүние жүзінің ең ұзын өзені Нілдің бойымен лайнермен 4 күндік саяхат жасай аласыздар.  Мысыр шөліндегі бәдеуилермен отырып ішкен шайларыңыз көпке дейін ұмытылмас. Және де шөлдегі күннің батуы көрінісіне  қалуды  ұмытпаңыз.Сонымен қатар,Мысырда дайвингпен айналысып, мысыр елінің дәстүрлі тағамдарынан дәм тату саяхатшыларға аса ұнайды.

 Ал егер шөл ұнамаса, суда орналасқан Венецияға саяхат жасасаңыз болады. Венеция 117 шағын аралдармен оларды байланастыратын 409 көпірлерден тұрады. Венеция елді мекенін  көріп қана қоймай,сол ортаны сезіне білу қажет. Ол үшін, Мурано,Бурано және тылсым Торчелло шағын мүйістеріне венециандық кемемен саяхат жасаған жөн. Мүйістерден бөлек, венециандық көркемөнердің нағыз  жәдігерлерімен және архитектуралық шеберлік үлгілерімен таныс бола аласыз. Алайда, Венеция бұл тек қана мұражайлар ғана емес, бұнда сонымен қатар Лидо сынды жағажайларда дем алуға болады.

Көптен танымал болған туристтік елдермен қатар бұрын-соңды белгісіз болған  Африканың батыс жағалауындағы Кабо-Верде аралдары. Бұл өлке бізден алыста орналасқан,және де тылсым оқиғаларға толы. Жанартаулар,қара топырақты жағалаулар, елсіз жерлер мен жылы шырайлы тұрғындардың мекені. Бұл ғажап мекенде  виндсерфинг,кайтсерфинг тәрізді судағы спорт түрлерімен айналысуға болады. Қысқы мезгілде ауа температурасы 30 градусқа тең, бұл белсенді спорт түрлерімен айналысу үшін керемет жағдай. Таулы өлкелер мен тұнық сулы жағалаулары ұштасып жатқан бұл мекенде қаланың қызу тірлігінен дем алуға барлық жағдай жасалған.

 Бұл тізімдегі соңғы жер - Исландия аралы. Исландия аралы - бірегей табиғаты бар, шағын қалаларға толы, көркем жерлерге бай елді мекен.Исландиядағы геотермалдық алаптың суы ашық көк түске ие. Бұл сулардың жанға жайлылығымен қатар,  адам  денсаулығына пайдасы зор. Бұрын әрекет еткен Лаки жанартауының кратерлері  Скафтатефль мемлекеттік саябағында орын алған. Исландияның табиғи байлықтарының қатарына Гюдльфосс сарқырамасы, қара жағажай,су асты аңғарлары,мұздықтар,каньон мен гейзерлер жатады. Бәрін айта келе Исландияның ең бір ерекшелігі Солтүстік Шұғыла құбылысының айрықша көрінісі.

Қорыта келе, бұл жерлердің әрқайсысы өз алдына ерекше. Және де тізімді жасау барысында мен өзімнің талғамыма сүйендім. Мақалам біреуге болмаса біреуге пайдасын тигізер деген үміттемін. “Жолға шықсаң сайлан, бес қаруыңды байлан”демекші қайда баруға бел бусаңыз да, жолға толықтай дайындалып шығуды ұмытпаңыздар.



Бөлісу: