А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ағылшын тілі пәндерінің оқытушылары Қ. Хасенова және А. Амантайқызының ұйымдастыруымен ЖОО жанындағы ұлт ұстазына арналған музейге саяхат жасалды.
Музейде жасалған саяхатқа аталмыш оқу орынның журналистика мамандығының 1-ші курс студенттері қатысты. Оларға белгілі философ, ғалым, ұстаз, этнограф, ыбырайтанушы, марафоншы, өнер жанашыры — Қалқаман Жақып таныстырылым өткізді. Ол музейдің қысқаша тарихына тоқталып, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет пен тіл ғылымы саласына жасаған жаңашылдықтарын баян етті. Сонымен қатар қазақ тілінің еліміздегі мәртебесі мен алар орны жайлы кеңінен тоқталды.
Ғалымның айтуынша тіл саласы біздің елімізде дамуды әлі күнге дейін талап етеді. Сондай-ақ, ұлт ұстазының есімін әрдайым ұлықтап, оны әр жас санасына тоқуы керек.
— Болашақ жастардың қолында. Ал жастар осы бастан тарихи тұлғалармен танысып, олардың қоғам, ел үшін жасаған қызметтерін білуі шарт. Ертеңгі күннің ұрпағы бүгіннен бастап халық қамын, ұлт болашағын, тіл қадірін үйренуі ұлы іс. Әр адам өзінің ана тілінде сөйлеп, тұлғалары жайлы ақпараттарды біліп отыруы аса маңызды, — дейді Қалқаман Хасенұлы.
Бибіт НҰРМҰХАНОВ.