Мәдени марафон: «Kumys Trail – 2019»

Мәдени марафон: «Kumys Trail – 2019»

26 мамыр күні Алматы облысында «Kumys Trail – 2019» жартылай таулы марафоны аясында Түрген тау шатқалында орналасқан «Батан» демалыс орнында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында «Мәдени мұра – асыл қазына» іс-шарасы өтті. Ауқымды шара аясында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тарихи мұраларды ел азаматтарына, балаларға және шетелдік қонақтарға дәріптеу мақсатында көшпелі көрме ұйымдастырды. Көрмеге ел тарихынан, Сақ мәдениетінен сыр шертетін тарихи жәдігерлер қойылды. Жарысқа қатысушылар, жиналған қауым көрмені тамашалап, көптеген тың деректермен танысты. Анық та қанық сөйлейтін музейдің ғылыми қызметкерлері Әсел Амарғазина және Нәзира Сағындық көрмемен толықтай таныстырып шықты. 

 

ТАСҚЫН ТОЙБАЕВ, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

«Мəдениетті дәріптейтін, тарихтағы тың деректерді халыққа паш етіп насихаттайтын бірден-бір рухани орда – музей. Біздің музейге бір мәрте болса да жолы түскендер әрдайым өздерінің оң бағасын беріп жатады. Шетелдік тамсанады. Музейде еңбегімен, өнерімен еленіп жүрген қызметкерлер өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сақ бабаларымыздан бүгінгі күнге дейін жеткен бай тарихты түгендеу және оны ұрпақтан-ұрпаққа жарқыратып жеткізу біздің музейдің міндеті. Сондықтан біз де бүгінгі іс-шарадан тыс қалмай, көшпелі көрмемізді алып келіп, жарысқа қатысушылардың назарына ұсынып отырмыз».

Айта кетейік, марафонға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Испания, Оңтүстік Африка Республикасынан қатысушылар келді. Марафонға қатысушылар 3 түрлі қашықтық бойынша сынға түсті:

1. «Kumys Trail – 2019» Батан – Қайрақ сарқырамасы – Дөң Жайлау  жартылай таулы марафоны: 21 шақырым, 1050 метр биіктікке көтерілу;

2. «Kumys Run 8» Батан – Қайрақ сарқырамасы: 8 шақырым, 650 метр биіктікке көтерілу;

3. «Kumys Nordic Walking – 2019» скандинавиялық жүріс, Батан – Қайрақ сарқырамасы: 8 шақырым, 650 метрлік биіктікке көтерілу.

 

Олжас Болатбекұлы,  

"Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз хатшысы 


Бөлісу: