Көне Эллада еліндегі атақты жеті данышпан

Көне Эллада еліндегі атақты жеті данышпан
жеке
блог

    Толасыз дүниенің сырын ұғына зерделеп барып, тереңіне үңіліп, адамзатқа пәлсапаның дәнін егіп кеткен ұлы ғалымдардың, ойшыл-кемеңгерлердің өмірі сырға толы. Иә, айналаға көз сүзсек толасыз өмір. Жаратылыс құпиялары шексіз. Құдды теңіз түбінде жатқан маржандай. Түпсіз әрі тылсым.

    Адам баласы өмірінде ізденіс, талпыныс, еңбек барысында ғана нағыз білімді болмақ. Заманалар қатпарына ой жіберсек, ежелгі Эллада, Қытай, Рим, көне Мысыр жерлерінен шыққан аты әлемге мәшһүр ойшыл-кемеңгерлердің дүниеге келуімен даналық ой-сананың дәуірлеп, етек жайғанын көреміз. Кемеңгер тұлғалар қараңғыға шырақ, жарықта шуақ болып, айналасына ақыл-парасатымен сәуле шашқан, надандық түнегінен айқын бағдармен жарыққа қарай бет түзеткен, бағдаршам бола білген. Сол дәуірлерде өмір сүрген Аристотель, Конфуций, Гомер, Сократты алып қарасақ та сол ғұламалардың түйінін күні бүгінге дейін әлем құлағынан шығарған емес. Көне Эллада елін білеміз. Дегенмен де Элладаның атақты жеті данышпаны жайлы көп біле бермейміз. Тек аз ғана философиялық ой-толғамдармен шектелеміз.

    Бағзы дәуірде Эллада жерінде ғұмыр кешкен жеті атақты данышпан: Биант, Клеобул, Периандр, Питтак, Солон, Хилон, Фалес сынды ақыл-ой алыптары адамзат өркениетіне елеулі үлес қосты. Философия ұғымы осы данышпандардың есімімен тікелей байланысты дей аламыз.

    Атақты жеті данышпанның бірі – Биант. Оның мына оқиғасынан данышпандық қыры байқалады. Бианттың туған жеріне – Приенаға Кир патша шабуыл жасайды екен. Үрейленген халық байлығын өз мүліктерін алып бытырай бастайды. Тек Биант қана түк алмайды. Жұрт таңырқап ештеңе алмағаның қалай деп сұрағанда, Биант: "Өзіме қажеттінің бәрі өз бойымда" деп жауап берген дейді.

Өзіңе керегін өз бойыңнан таба білгенің, білім жиғаның дүниедегі баға жетпес асыл қазына емес пе? Сол қазынаны қайда барсаң да өзіңмен ертіп жүру де оңай ғой. Бірақ, оны жинау, бойыңа сіңіру, қиынның-қиыны.

"Күшім жетіп алдым деме,

Құдай сәтін салды де" – дейді, Биант. Иә, барлық несібе Құдайдан. Ауқымы кең осы сөздер дәл бүгін де өзінің құндылығын жоғалтқан емес.

     Біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдың бірінші жартысында ғұмыр кешкен көне грек ойшылы, жеті данышпанның бірі – Клеобул. Ол өз заманында – туған шаһарының билеушісі болыпты. Кезінде әділ де көреген саясатымен, асқан парасатымен, кең мінезімен аты шыққан көрінеді. "Бақ қонса – тасыма, қасірет көрсең жасыма" – деген дана патша. "Жалғандықтан қаш, дана адам – жалғандықтың жауы" деп өтіріктен жиренуге үндеген.

    Жеті кемеңгердің бірі атанған Периандр да өз заманында қырық жылдай ел билепті. Шаһарды төңкеріспен басып алу арқылы шексіз билікке қол жеткізіпті. Дана дегенімізбен осы жауыздық әрекетінен олқылық табамыз. Бір кереметі – Диоген Лаэрцийдің дерегі бойынша, Периандр өлеңмен екі мыңға жуық ғақлия жазған екен. Ойшыл:

* Бостандық деген не? – Ар-ұждан тазалығы.

* "Бәрінің атасы – ынта"

* "Ойлап істе өкінбейсің". Осы сынды бізге жеткен асыл ойларды даналықтың мәйегі деп білеміз.

    Жеті ойшылдың бірі – Питтак. Ол да өз заманында он жылдай Свида атты елде патшалық құрыпты. Биліктен кеткен соң, халық қадірлеп оған еншіге жер бөліп береді. Сонда Питтак: "Жарты бүтіннен үлкен" деп, ол жердің кішкентай бір бөлігін ғана алыпты. Кемеңгер: "Ойға алған ісіңді жария қылма,

                    Орындалмаса – күлкіге қаласың" – дейді.

    Платонның өзі: " Жеті кемеңгердің ең данышпаны – бекзат ақын" деп баға берген бір ойшыл бар. Оның есімі – Солон. Ол ұлы ойшыл, ақын әрі заңгер болған. Солонның басты еңбегі – шығарған заңдары, оған қоса көптеген үлгі, насихат тұрғысындағы ғақлия, бес мың жолдай элегиялық өлеңдер жазған екен. Солон:

* Бай болғым келеді, бірақ адал байлықты қалаймын

Арамнан жиған дүние түбіне жетті талайдың.

* Заң қарақұрттардың торы сияқты,

Әлсіздер шырматылып, түк шықпасын ұғады.

Ал күштілер бұзып – жарып шығады. – деп батыл тұжырым жасайды.

    Әйгілі жеті данышпанның бірі атанып, өз заманында адамзат ақыл-ойының заңғарына көтерліген асқақ тұлға – Хилон. Ол көне грек ойшылы,әрі мемлекет қайраткері. Ерте бастан мемлекет ісіне араласқан. Биліктің ортасында жүре, басқару жүйесінде әділдік, адамгершілік қағидаларының қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Ақыл-ой алыптары кемеңгердің кісілігіне, парасатына үнемі тәнті болған Хилоннан не нәрсе қиын деп сұрағанда:

"Құпияны ішіңде сақтау қиын, бос уақытты орнымен жұмсау қиын, қиянатқа төзу қиын" деп жауап берген екен.

* Кәрінің ал батасын, сен де кәрі боласың.

* Өзіңді-өзің таны, сонда Құдайды да, дүниені де танып-білу оңай – депті.

    Көне грек даналығының көшін бастаған Фалес өз заманында жеті кемеңгердің біріншісі болып есептелінген. Цицерон: "Философия Фалестен басталады, ол – бірінші" – деп баға берген. Анығында ол – ғылымның түрлі саласында алғаш болып жаңалық ашқан тұлға. Геометриядан білетініміздей (Фалес теоремасы) ол бірінші рет диаметр дөңгелекті тең екіге бөлетінін дәлелдеді: тең бүйірлі үшбұрыштың табанындағы бұрыштар тең болатынын анықтады. Сонымен бірге, ол адамның көлеңкесі бойымен тең болатын уақытты пайдалана пирамидалардың биіктігін көлеңкесі арқылы есептеді. Ол астрономиямен де айналысты. Күннің бетін ай басқанда, күн тұтылатынын бірінші рет анықтады. Жылдың ұзақтығын есептеп шығарып, оны 365 күнге бөлді. Фалес:

* Бәрінен көне – Құдай, өйткені ол ешкімнен тумаған.

* Бәрінен сұлу – әлем, өйткені оны Құдай жаратқан.

* Бәрінен үлкен – Кеңістік, өйткені оған бәрі сыяды.

* Бәрінен жүйрік – Ақыл, өйткені ол бәріне билігін жүргізеді.

* Бәрінен данышпан – Уақыт, өйткені ол бәрінің сырын ашады.

* Бәріне ортақ – Үміт, өйткені ештеңесі жоқ адамның өзінде үміт бар. – дейді. Ұлы ғалымның осынау ойларынан философияның лебі есетіндей.

    Әйгілі жеті данышпанның осындай парасатты пайымын сіздер де біле жүріңіздер. Ойшылдардың терең мәнді ғибратын замана желі өшіре алған жоқ. Ұшырып көкке әкеткен де жоқ. Тек әлемге таратты. Солардың біразы қанатты сөзге айналып, екшелеп ұрпақ аузында қалды. Ұлы кемеңгерлердің даналық ойлары халық жүрегіне сәуле тарататыны сөзсіз. Ол адамзат алдында әлі де бағдаршам болып қала бермек.Ғасырлар белесінен асып, бізге жеткен ойларының құндылығы әлі де зор болмақ.

   




Бөлісу: