Бозжыра жыры
блог
“Қазақстанның ескерткіштер қорғаны” деп аталған Бозжыра шатқалы таңғажайып сұлу пейзаждарға бай. Мекен Ақтау қаласынан 300 км жерде, Қарақия ауданы аймағында орналасқан. Мұнда әктастардан құралған шөлді ландшафтардан, биіктігі 250 метрге жететін таңбалы тастарды көруге болады.
Өңірдегі туризмді дамыту мақсатында шетелдік инвесторлар шатқал маңынан “Бозжыра сафари ” қонақ үйін салуды ұсынды. Алайда, құрылыс басталмай жатып басы дауға қалғаны бәрімізге белгілі. Таяқтың екі ұшы болатынын ескере отырып, жағдайды қарастырып көрейік.
Осы уақытқа дейін, Бозжыра маңына саяхаттап келген адамдардың қылығы көңіл көншітпиді. Себебі, арнайы орын болмағаннан кейін өздерінен қалған қалдықтарын туристтік аймақта тастап кететіндерінде аз емес. “Әй” дейтін “әже”, “қой” дейтін “қожа” болмаған соң, жабайы туризм қатты белең алды. Бұны реттеудің бір жолы қонақ үй салынып, келгендердің жағдайын жасау. Сонымен қатар экономиканы дамыту, жұмыс орнымен қамту мақсатында да үлкен рөл ойнайтын болады.
Әлеуметтік желіде мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов бұл туралы : “ Екі жақтың да пікірі орынды. Алайда, Халықаралық тәжірибеге назар аударып қарайық. Мысалға, АҚШ-тағы Үлкен каньонның біраз қашықтықта орналасқан бірнеше қонақ үйі бар. Сондай-ақ Сауд Арабиясындағы Аль Ула аймағын айтсақ болады. Мұнда ел үкіметі қонақ үйден бастап, халықаралық фестиваль өткізуге дейін даму бағдарламасын әзірлеген "
Әйтсе де, әлемде Бозжыра секілді өзгеріске ұшырамаған жерлер аз қалды. Табиғатты сол қалпында сақтай отырып, туризмді дамытуға да болады. Қорғалған аймаққа ауыр техника кіретін болса, жабайы жануарлар мен өсімдіктер құрдымға кетуі мүмкін. Егер қонақ үйлер қазір белгіленіп отырған жерден салынатын болса, ол аумақтың табиғилығы жоғалуы мүмкіндігін айтады мамандар. Инфрақұрылым міндетті түрде керек, алайда келешекте ол шешімнің құны қандай болатыны әзірге белгісіз.
Бозжыра - қайталанбайтын орын. Егер құрылыс шатқалдан 20 шақырым жерден салынса, ондағы табиғатта өз қалпын сақтайды. Жергілікті тұрғындарға да ыңғайлы болатыны анық. Халық жұмыспен қамтылуымен қатар, Бозжыраға келген туристтер жаяу, велосипедпен немесе атпен серуендеп бара алар еді.
Жұлдыз ӨТЕГЕНҚЫЗЫ
Халықаралық ақпараттық
технологиялар университетінің
1 курс студенті