Атақты телемұнараға саяхат немесе армандар алдамайды

Сәлем, достар!

Бұл жаққа бас сұғып, жазбамды қалдырмағаныма күн мен апта түгілі, бірнеше ай да өтіп кетіпті. Осы арада Массагет жаңа өң алып, құлпырып кетіпті. Арнайы бас сұғып, белсенділік танытпасам да, әйтеуір, жақсы-жақсы мақалалар жазылып, қолданушылардың сан артып келе жатқанын біліп келемін. Көрінбей кеткенімнің себебін өзгелер «айтары жоқ шығар» деп ойлайтын шығар, бірақ, олай емес. Айтарым да, жазарым да, бөлісетінім де, мақтанатыным да аз емес, тек барлығы уақыт пен мүмкіндіктің қалауым бойынша бола бермейтіндігінде. Айыпқа бұйырмаңыздар, қолым жеткенше бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысамын.

Ал енді жазбама көшейін. Бүгін менің көптен бері ойымда сақтап, қиялдап жүрген армандарымның бірі орындалды. Ару Алматының төлқұжатына айналған қаланың кез келген нүктесінен көрініп, мен мұндалап тұрған әйгілі «Көк-төбе» телемұнарасының ішін аралап қайттым.

Мәскеу, Шанхай, Торонто қалаларындағы телемұнаралардың фотосуреттері

1975-1983 жж. аралығында тұрғызылған телемұнара 1984 жылдың 1 шілдесінде қолдануға берілген. Биіктігі 371,5 метрге жететін мұнара әлем бойынша биіктігі жағынан 14 орында. Көк-төбе тауымен бірге санасақ, телемұнараның биіктігі теңіз деңгейінен 1452 метрге, ал салмағы 7 мың тоннаға жетеді. Осындай биік телемұнараны алыс-жақыннан қанша мәрте көрсеңіз де, оның астында бомбадан сақтанатын баспана бар екенін білетін бе едіңіз?! Сондай-ақ, телемұнара ғимаратында мейрамхана, туристтерге арналған экскурссиялық қабат та бар. Бірақ, бұл екеуі де құрылыстық-техникалық мүмкіндіктерге байланысты әзірге қолдануға берілмейді.

Алматыдағы ең биік ғимараттардың бірі Есентайдың өзі мынадай биіктіктен қарағанда сіріңкенің ұзыныдығындай ғана)

Алыстан қарағанда "Қазақстан" қонақ үйі де бармақ басындай ғана болады екен)

Түтін басқан Алматы)

Бұл бөлмеге бөгде адамдарға кіруге тыйым салынған. Тіпті, мұнараның қызметкерлеріне де. 

Себебі, бұл бөлмеде 10 адам қызмет етеді. Ақ халатты абзал жандар секілді ақ халат киіп, таза аяқ киіммен кіреді. Бұл мамандардың қызметі жауапты әрі қызықты, себебі олар ең байтақ Қазақстанның түкпір түкпіріне таратылатын шетелдік және отандық телеарналардың көрсетілімін бақылап жатады.

Теледидар көруді жақсы көретіндерге осындай мекемеде қызмет ету керек секілді. Барлық телеарналар көз алдыңда)

Осындай қызықтарды көру үшін бүгін бір топ журналисттер мен блоггерлер қауымы телемұнара ғимаратына арнайы шақырылып, «Көк-төбе» телемұнарасының директорының орынбасары Меңдіхан Терекбаев пен 1981-1985 жж.аралығында ҚазССР байланыс министрінің орынбасары қызметін атқарған Алдар Тұңғышбаев ағаларымызбен кездесті. Басты себеп: қала көркіне айналған телемұнараның 30 жылдық мерейтойы және «Galam TV» интернет хабар тарату жүйесінің іске қосылуы. «Galam TV» арқылы кез келген адамзат баласы арнайы бағдарлама жүйесін қолындағы электронды гаджетіне (айфон, айпад, смартфон, тсс) орнатып, отандық және шетелдік телеарналарда онлайн тамашалай алады. Сондай-ақ, деректі мен көркем фильмдерді, қызықты бағдарламаларды, балаларға арналған телевизиялық контентті де көре алады. 


Телемұнараға жасаған сапар мен үшін қызықты әрі естен кетпестей болды. Мекеме басшылығынан телемұнараға көктем және жаз мезгілінде тағы бір мәрте келуге рұқсат алдым. Амандық болса, жасыл желек жайқалған кезде көркейе түсетін Алматымды көріп қайтамын деген ойым бар. 


Арманымның орындалуына себепкер болған құрбыма зор алғысымды білдіремін. Ал көпшілікке жол тартқан «Galam TV»  жүйесіне сәттілік тілеймін!

Сөз соңында! Армандар орындалады екен, достар)

Барлық суреттерді өзім түсірдім, тек алғашқысы almata.com сайтынан алынған



Бөлісу: