Алакөлдің толқынында тербеліп...

Тулаған толқындар,шулаған шағалалар,шалғайдан еміс-еміс көрінетін аралдар,судың бар шипасын бойына дарытып,құмарлана шомылып жүрген адамдар,бір қарасаң жан-дүниеңді бірден елітіп әкететін мөлдір,тұнық көл-мұның бәрі ақ шағалалы айдынды Алакөлге ғана тән қасиет.Басқа жерден табиғаттың мұндай тартуын,баға жетпес сыйын кездестіру әсте мүмкін емес.Алыстан қарағанда көкшіл тартып,аспанмен керемет үйлесім тауып жатқанын айтсаңызшы!Құдды  аспанның жердегі айнасы ма дерсіз.Кейде алысқа көз тастағанда оны көк аспанның жалғасы ма,әлде Алакөлдің арғы беті ме деп аңтарылып қалып жатамыз.Бұл да айдынды Алакөлдің өзіндік бір қасиеті болса керек.

   Алакөлдің суы бойға дәру,денге шипа.Оған шомылған сайын өмірдің рахатын сан мәрте сезінгендей күйде қаласың.Көлдің еш нәрсеге тең келмейтін шипалылығы  бойыңа дарып жатқанын сезесің.Судың тулаған толқындарынан құлақ тұнады.Жағаға кеп ұрғылап,кері кететін ойнақшыған асау толқындар өзімен бірге көлдің арғы жағасына тартып әкетуге даяр тұрғандай.Құдды Алакөлдің құлақ естімеген,көз көрмеген кереметтерін көрсеткісі келетіндей.Шиқылдаған шағалалар көлдің үстін жағалай ұшып,жартастағы үйлеріне тығылады.Олар да шипасы мол,емге бай қасиетті көлден ұзап кеткісі келмейтін секілді.

 Кешке қарай Алакөл мүлде ажарлана түседі.Жағажайдағы адамдар саны бұл мезгілде де сиремейді.Көлдің әсем толқындары күнмен шағылысып,айнадай сәуле сыйлайды.Шипалы суы одан сайын жыли түсіп,ерекше рахат тарту етеді.Күн болса қызарып,көлдің ішіне батып бара жатқандай болып көрінеді.Осыдан кейін күн жайлы дәлелденген географиялық заңдылықтардың өзіне күмәнмен қарап қаласың.

Алакөлге сан мәрте демалуға келген сайын мені бір сұрақ қатты мазалайды.Осыншама құдірет пен қасиетті бойына сыйдырып жатқан бітімі бөлек,ерекше көл қалай пайда болды екен?Табиғи құбылыстардың әсерінен пайда болды дегеннің өзінде мұншалықты қасиетке ие болуы,еш жерде жоқ флора мен фаунаны құрамында қалыптастыруы әсте мүмкін емес секілді.Мұнда бір құдыреттің,тылсым сырдың астасып жатқаны анық.Ол қандай құпия,қандай сыр екені бізге әзірге беймәлім.Не дегенмен бұл ұлы көл талай тарихи оқиғаларға куә болған,талай дүниелерді тұңғиығына жасырып,мол байлығының арқасында әлемге танылып отырған табиғаттың қайталанбас сыйы.Бүгінде еліміздегі туризм саласының бір бөлшегіне айналып,қаншама жандардың жанына дауа, дертіне шипа сыйлап жүрген  айдынды Алакөл әлі талай ғасыр өзінің бітімі бөлек қасиеті мен құдыретін сақтайтынына сенімім кәміл.



Бөлісу: