14-ғасырға саяхат

14-ғасырға саяхат
жеке
блог

  Ұлы даланың кең-жазиралы оңтүстік алқабына бет алып,сан ғасырлық тарихы бар, бүгінде Түркістан деген атпен әлемге әйгілі дархан қаланың босағасын атттаған кез-келген адамның назарын өзіне аударарлық ғажайыптары көп.Сол ғажайыптардың бірі-Қожа Ахмет Йассауи кесенесі.Әрине,кітаптан оқыған бір бөлек,көзбен көрген бір бөлек,сондықтан да болар, қалаға аяқ баса бере өзіңді 14-ғасырға түскендей сезінесің.Айналадағы жыбырлап жүрген адамдар,кесенені тамашалап,тамсанып жүрген туристтер-барлығы да сол замандағы қаланың тұрғындары,саудагерлері сияқтанды.Бір сәт,тіпті "уақыт кеңістігінде саяхаттаушыға" айналғандай күйде болдым.Бір таңқаларлығы,бұл қалашықтың өзіне тартатын бір кереметі бар сияқты..."Кел,14-ғасырға саяхатта"-деп,құшағын кең ашып,өзінің 7 ғасырдың куәсі болғандығын көрсетіп шақырып тұрғандай...Көз алдыңа 14-ғасырдың көрінісі бейнеленіп,тарихтың исі аңқиды.

  Жалпы шолатын болсақ,қалашық Қожа Ахмет Йассауи кесенесі,Сегіз қырлы сағана,Есім хан кесенесі,Рабиға Сұлтан Бегім кесенесі,Шығыс моншасы,Жұма мешіті сияқты тамаша ескерткіштерді қамтып отыр.Қорықтың қақ төрінде орналасқан ,тіпті жүрегіне айналған Йассауи  кесенесінің тарихы бір бөлек...

  Кесене туралы ел ішінде тараған аңыздар көп екен.Сондай бір аңыз бойынша,Мұхаммед с.ғ.с пайғамбар Арыстан бабқа құрма беріп,оны Қожа Ахметке табыстауды аманат етеді.Ал,Арыстан баб сол құрманы ұртында 600 жыл сақтапты делінеді.Бұдан біз кесененің қандай адамға салынғанын тұжырымдай аламыз.Ал тағы бір аңыз бойынша,Әмір Темір Қожа Ахметтің қабіріне зиярат етуге келеді.Сол кезде Қожа Ахмет оған аян береді екен.Осылайша Әмір Темір бұл кесенені салуға бұйрық береді.Келесі аңызға қөңіл бөлсек,Әмір Темір кесенені салдырта бастағанда,оның қабырғалары бұзылып қала береді екен.Сөйтсе,таңертең бір дәу өгіз келіп дуалды бұзып кете береді.Осылайша Қожа Ахмет Әмір Темірдің түсінде тағы да аян беріп,бұл дәу өгіздің өзінің ұстазы-Арыстан бабтың әруағы екендігін,және оның Әмір Темірге қапа болып жатқандығын,сондықтан да ең алдымен оған кесене салдыртуын айтады.Осылайша Әмір Темір 14-ғасырда құлаған Арыстан бабтың кесенесін қайта салдыртқан.Жалпы,бұл кесененің де тарихы тұңғиықта.Шыңғыс ханның қаhарлы қақтығысына қарсы тұрып, "батыр қала" атанған ежелгі Отырардың маңайында орналасқан Арыстан бабтың кесенесіне де жолай соқтық.Кесененің ішіне кірісімен Лашын баб пен Қарға бабтың зираттарына көзім түсті.Бұлардың кім болғандығын көпшілік біле бермес,өзім де білген жоқпын.Кейінірек іздестіріп қарасам,бұлар-Арыстан бабтың шәкірттері болған екен.Ал басқа деректерде Арыстан баб дүниеден өткен соң,оның басына екі құс:лашын мен қарға қонған екен делінеді.

  Қорытындылай келе,осы саяхатымда ғасырлар шыңынан тарих тереңіне үңіліп,қазғымның кең-төскейлі оңтүстігін шарлап,14-ғасырға саяхат жасадым.Талай қызықты деректер оқыдым,білдім,түйдім.Талай жылдар суретпен ғана шектеліп келген Қазақстанның ғажайыптарының бірі-Қожа Ахмет Йассауи мен Арыстан баб кесенелерінің куәсі болдым.

 Қазіргі таңдағы туристтердің тамашалар қызығы,қазақтың мақтанышына айналған бұл кесенелер әлем кереметтерінің қатарына қосылуға тіптен лайық.

 Қысқаша сандық деректер:

-Қожа Ахмет Йассауи кесенесін салдыртуға Әмір Темір 1397 жылы бұйрық берген.

-Кесененің жалпы аумағы-46,5х65,5м.Биіктігі-37,5м.

-Кесенеде жалпы 35 бөлме бар.